Ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықтың сыры неде?
Ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықтың сыры неде?
551
оқылды

Бүгінде Білім және ғы­лым ми­нис­­­трінің «құ­­лағына ал­­тын сырға та­ғып», баласының болашағына алаң­да­­ған айқайшы ата-ана көп. Алайда бұл ми­нистрліктің «ке­ле­сі жылы жақсы бо­ла­ды» деп бастаған әр жұ­мы­сы мәселені одан сайын күр­делендірмесе, жеңілдетіп отырған жоқ. Салынбаған мектеп, мектепке сыймаған бала, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы екенін де жасырмады. Расында да, білікті педагог жетіспейтін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Әбден қордаланған дүниенің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәсе­ле­ні әлеуметтік жағдайдың оңа­луы­мен шешеміз деген шешім­нің маңызы бар ма? Бұл сауалы­мыз­дың жауабын ұстаздар қауымының өзіне қалдыр­дық та, бұл мәселенің ушығуына әсер етіп отырған негізгі факторларға тоқталуға ты­рыс­тық. Оқып, пікір білдірем десеңіз, төр – сіздікі.



Бүгінде еліміз бойынша 5 495 (76,7%) ауылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Ауылдық жерлерде барлығы шамамен 1 311 мың ба­ла білім алып жатыр. Бұл – оқу­шылардың жалпы құрамының 48,1 пайызы. Қала мен ауыл оқу­шылары сан жағынан теңесіп отырғанымен, сапа жағынан сан сауалдың астында қалып отыр. Мамандар бұл келеңсіздіктің негізгі себептерін талдауға көшті. Ең алдымен, еліміздегі мектеп­тердің толымдылығында үлкен ауытқушылықтар бар. Ол біз жоғарыда айтып өткен мектепке баланың сыймауы мәселесімен қабысады. Бұл мәселе, әсіресе, қа­лалық мектептерде орын алу­да. Яғни, жобалық қуаты 1 200 балаға арналған елордалық көп мектепте кемі 2 500 баланың отыр­ғаны осыған дәлел. Ал кері­сінше ауылдық жерлердегі мың балаға арналған мектептерге ба­ла саны жетпей отыр. Осы жерде айта кететін жайт, оқушылардың құрамы жоғары болған сайын мектептегі криминогенді жайт та жоғары болатындығы дәлелден­ген. АҚШ-та жүргізілген зерттеу­лер нәтижелері бойынша кри­ми­налды инциденттердің 38 па­йызы шағын, 60 пайызы орта және 89 пайызы үлкен мектеп­тер­де орын алады екен. Зерттеу­лер бойынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал етеді. Темпе­ратура, желдеткіш және қауіп­сіз­дік сияқты факторлар да – білім беру процесінің бастапқы шарт­тары. Білім беру ортасының сапа­сы оқушылардың үлгерімін 25 па­йызға дейін арттыруы мүмкін екен. Ал біздің мектептер бұл жағынан кенже қалып отыр деуге толық негіз бар. Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мек­тептердің 42,5 пайызы бейім­дел­ген ғимараттарда орналасқан болса, 28,2 пайызы тасып әкелі­нетін су пайдаланылады. Ауыл­дағы мектептердің 56 пайызында ауладағы дәретхана ғана бар. Ауылдағы мектептердің 10,3 пайызы пешпен жылытылады. Осыдан кейін ондағы педагог­тар­дың білім сапасын ауызға алмай-ақ, ол білім ошақтарын­дағы берілетін білімнің деңгейін бағамдауға болатын шығар.

Үлгерімдегі айырмашылықты ұлттық тестілеу нәтижелері де көрсетіп отыр. 9 сынып оқушы­ла­рының оқу жетістіктерін сырт­тай бағалау қорытындылары бойын­ша ауылдағы мектеп оқу­шылары қаладағы қатарластары­нан 4 балл­ға артта қалса, қала­дағы мектеп оқушылары ҰБТ бо­йынша да алда келеді. Ал жыл сайын ауылдарға «Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масы бойынша баратын жас мамандарды қол­дауда тұрақты кері байланыс жоқ. Көптеген жас маман екі жылдай жұмыс істеп, қалаға қай­тып кетеді. Өй­ткені оқу жүкте­месінің және тұрғын үйдің бол­мауы себепті, осындай қадам­ға барып жатады.


Қосымша білімді кім іздейді?

«Айқын» білім саласындағы берекесіздікті бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Қаламымызға арқау болып, алаңдаған негізгі мәсе­леміздің бірі – қазақ мектептеріне деген қамқорсыздықтың тоқ­тамауы еді. Шыны керек, қоға­мы­мызда қазақ мектептерінің беделі төмен, баласының ертеңіне елең­дейтін ата-ана қазақ мектебінің біліміне сенбейді. Сенетіндер – қолы қысқалар мен сондай биікке шығуға жолы қысқалар. Сен­бе­сеңіз, кез келген қалталының ба­ласы қайда оқып жүргенін қа­рап көріңіз. Жә, әңгіме ол туралы емес. Әңгіме осындай идеоло­гия­мызға иланып, баласының болашағынан үміт күтіп жүрген қарапайым халықтың қалтасын қағушылар жайында болмақ.

Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұран етіп ұстанған белгілі бір топ пайда болды. Бұл топтың өкілдері баланы мектепке дайындайды, үй тапсырмасын орындатады, сабағына көмектеседі, тіл үй­ретеді, олимпиада ұйымдас­ты­рып, білімдерін сынатып, мақтау қағаздарын береді… Тек, мұның бәрі ақылы. Бір сыныпқа әрең сыйып отырған 40 баланың ішін­де өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орта­лықтарға амалсыз апарып жүр. Ақысы 30-50 мың тұратын мұн­дай оқыту орталықтарында да орын тапшы екен. Демек, «балам үшін» дейтін ата-ана аянып қа­лып жатқан жоқ. Тапқан-таян­ғанын санап берсе де, көштен қалып қоймаудың қамын жасау­да. Бұл да бүгінгі білім жүйесінің бағытын айқындап беріп отыр емес пе? Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сы­ныптың мұғалімдерінің білік­тілігі талапқа сай болса… ата-ана аузындағысын басқаға жырып беріп, несі бар?! Мектептің берер білімі мықты, мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғары болса, бала бі­лімді сырттан іздей ме? Орта­лықтың көбейгені мектептердің олқылығынан болып отыр демес­ке амалың да қалмайды. Сон­дықтан қазір қаладағы орта мек­тепке баратын кез келген баласын әр ата-ана қосымша сабаққа сүйрейді де жүреді. Бұл бүгінде дәл солай болуы керек сияқты қалыптасқан жағдайға айналды.


Уш анык.JPG


Ақылы олимпиадалар неге керек?

Кезінде Асқар Жұмаділдаев халықаралық оқушылар олим­пиа­даларында орын алып жүр­ген ат төбеліндей ғана бала­лар­дың барын айтқан болатын. Сол 20-30 оқушының жартысы – бү­гінгі білім-инновация лицей­ле­рі­нің оқушылары. Қалғандары – қарапайым мектептеріміздің білім алушылары. Ал одан қал­ғандары ше? Олар қандай жарыс­тарда бақ сынайды? Ара-тұра өткізілетін, мемлекеттің бюд­жетінен қарастырылған тегін олимпиадаларды айтпағанда, мұндай оқушыларымыз үшін де түрлі жарыс жиі ұйымдас­тыры­лып тұрады. Тек олардың тегін өтпейтіні – өкінішті.

Нұр-Сұлтанда отырып алып, сонау еліміздің түкпір-түкпі­рін­дегі барлық мектепке хат жіберіп, ондағы оқушыларды да, оқыту­шыларды да әбігерге салатын бұл қандай олимпиадалар? Бақсақ, мұның астарында талай құйтыр­қылық жатыр екен. Ол – былай. Ақша тапқысы келген адам өзіне жеке сайт ашып алады. Осы сайты арқылы оқушылар арасындағы олимпиада, конкурс, байқау­лар­ды еркін ұйымдастыра береді. Ақылы, әрине. Мәселен, мына бір tarim.kz сайтындағы кез келген конкурсқа қатысу құны 1 500 тең­ге тұрады. Ал IQ – интеллек­туалды білім порталының рес­публикалық оқушылар байқа­уы­ның жарнасы – 500 теңге. Міне, осылай тізсек кете береді, кете береді… Барлығының талаптары да бір. Қатыстырған оқушы саны ең көп мұғалімге арнайы сыйлық бар. Мұның астарынан оқу­шы­ның сапасы емес, жинайтын жар­насы маңызды болып тұрғаны көрініп тұр.

АҚШ-та жүргізілген зерттеу­лер нәтижелері бойынша кри­ми­налды инциденттердің 38 па­йызы шағын, 60 пайызы орта және 89 пайызы үлкен мектеп­тер­де орын алады екен.

Бір сыныпқа әрең сыйып отырған 40 баланың ішін­де өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орта­лықтарға амалсыз апарып жүр. Ақысы 30-50 мың тұратын мұн­дай оқыту орталықтарында да орын тапшы екен.

Баланың үйдегі тәр­биешісі – әйел, мектептегі мұға­лімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарай­тын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз.

Міне, қазір осындай «пысық­тар» білім саласымен «біте қай­насып» кетті. «Қазақ мектеп­те­ріне бәрі де бола береді» деген нем­құрайлылық бәзбіреулердің қал­тасын қампайтып жатыр. Олар­дың бәрі бала жүрген жерде ата-ананың ақшаны аямай­ты­нын біліп алған. «Ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын мұн­дай «алаяқтарға» министрліктің бір тоқтауы неге болмайды?

Ең өкініштісі, мұғалімнің мәртебесі осындай өтірікке құ­рылған мақтау қағаздарымен өлшеніп отырған жайы бар. Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат.

 

Ер мұғалімдерді дайындайтын жоғары оқу орны қажет

Қалай айтсақ та, қазақ бала­сында тәрбиенің керемет үлгісі бар. Апайын алдап соққанымен, ағайына өтірік айтпауға, оның алдында өзін жігіттерше ұстауға тырысатын тәрбие бастауын ай­тып отырмыз. Біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады. Мәселе сол ер мұғалімдердің аздығында болып тұр. Ер адамның тәрбиесі үйде де, мектепте де маңызды. Өкі­ніштісі сол, бүгінде мектептегі ер мұғалімдердің саны сиреп кетті. Тіпті мүлде азайды деуге негіз бар. Статистикаға сенсек, елі­міз­дегі орта мектептерде сабақ бе­ретін 300 мыңға жуық мұғалімнің 85 пайызы әйел ұстаздар екен. Орта есеппен алғанда әр мек­теп­те 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс іс­тейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармалары басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көр­діңіз бе? Баланың үйдегі тәр­биешісі – әйел, мектептегі мұға­лімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарай­тын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз. Кері­сінше, дәл осы тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұ­р­ғанына налып отырмыз. Ойын­да отағасылық міндеті мен бала-шағасын асырау міндеті тұрған ер адамның жалақысы жан­бағысына жетпейтін ұстаз­дық қызметті талап ету де орын­сыз шығар, бәлкім. Педагогтар мәслихаттарда еліміздің мектеп­терінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдайтын ұстаздар қауымы ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөнінде де ұсы­ныстар айтып жүр. 1950 жылдар­дағы әйел мұғалімдердің жетіс­пеушілігінен Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық инсти­ту­ты ашылғанын, педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихаттың күшейіп, қыз-келіншектердің пе­дагогикалық білім алуына қа­жет­ті қамқорлықтың бәрі жасал­ға­нын ескерсек, бұл ұсыныстардың ұрымтал тұсы көп.

    



Сіз не дейсіз?

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері:

– Жас педагогтар арасында терең білімді, озық ойлы, шығармашыл талпынысы үлкен кадр аз емес. Дей тұрғанмен, педагогикалық оқу орындарынан келген жас мұғалімдердің біліктілігін, атап айтпа­ғанда, білімінің өзі қазіргі мектеп талабын қанағат­тан­дыра алмайтынына жанымыз ауырады. Оның себебі де көп шығар. Бірақ сол себептердің ішінде, біздіңше, ең бір елеулісі – педагогикалық оқу орын­да­рына негізінен, «ҰБТ» жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер алынып жататыны ақиқат. Ал он­дай студент мектепке келу үшін емес, жай ғана база­лық білім бар деген диплом алу мақсатын көздейтіні де белгілі. Міне, болашақ мұғалім болатындарды нағыз білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау мәселесі бір шешімін тапса деп тілейміз. Егер мұ­ғалімнің жалақысы дұрысталса, мұғалім тапшылығы емес, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік. Жас мұғалімдер үшін баспана мәселесі де аса зәру болып отырғаны аян. Әсіресе, қала мектептеріне келетін жас педагогтар, негізінен, ауылда өсіп-өнгендер. Қалада баспанасы жоқ оларға пәтер кезексіз коммуналдық жүйеде берілсе. Мұның өзі мұғалім беделінің артуына және сапалы жастардың мектепке жұмысқа келуіне серпін жасар еді.

Мұғалім беделі туралы қоғамдық-көпшілік ақпа­раттарды таратушы құралдардың бірі – басылымдар мен теледидар арналары. Алайда телеарналар кейінгі кезде еліміз мектептеріндегі жасампаз табыстардан гөрі, көбінесе ондағы кездейсоқ келеңсіз көріністерге ойысып бара жатқандай. Әрине, қолымыздағы бес саусағымыздың бірдей емес сияқты, білім саласында, ұстаздар тарапынан келеңсіз жағдайлар мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, кейбір хабарларда мұғалім азғын, бұзақы, жегіш, білімсіз, ұстаз атағына лайық емес біреулер болып көрсетіледі. Мектептердің көбіне кемшілік жағын көрсету көбейіп бара жат­қан­дай, меніңше. Әрине, телеарна бағдарламаларына біз сын айту ниетінде емеспіз. Бірақ телеарналар көп­ші­лікке пікір таратушы болса, көпшілік те ол туралы өз пікірін, өз бағасын айтуға тиіс деп ойлаймыз. Мұны айтып отырған себебім, келешекте теледидар қыз­мет­керлері мұғалім беделін көтеретіндей жақсы телехабарларға көбірек мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл айтылғандар түптеп келгенде, мектепте берілетін білім сапасына және мұғалім беделіне тікелей қатысты.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
«Қазбілім» орталығының директоры:

– «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» дейді Мағжан ақын. Мәселені орын­ды көтеріп отырсыздар. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғаш­қы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы. Сол білім ордасының бесігін тербетіп отырғандар кімдер? Олардың халі нешік? Жасы­ра­тыны жоқ, бүгінде ұстаздың ұлағаты азайды. Ұрпақ­тың ұяты әлсіреді. Сонымен, бүгінгі қоғамның ұстаз­дары (өкінішке қарай, бәрі болмаса да басым бөлігі) мамандық иелерінің ең төменгі сатысы болып, ең на­шарлар, сырттай білім алғандар, әйтпесе сатып ал­ғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт бола­ша­­ғын ұсақтатып барады. Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз. Ең үздік сабақ беруші – сабақты қағазда даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай етіп қағазға тү­сіруші. Оларды баланың тағдыры емес, басқар­ма­ның тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы. Әрине, ойланатын жағдай… Ұстаздың беделі – қоғамның беделі. Бүгін шә­кірт ұстаздың сақалына, ата-ана шаужайына жабы­сатын күнге жеттік. Ұрпақ тәрбиесіне баланы 16 сағат тәрбиелейтін ата-ананы емес, 8 сағат білім беретін ұстаздарды жауапты етіп, онсыз да әр үйдің еркесімен алысқан ұстаздарды ұстараның жүзіне салып бердік.

Ұстазының алдын кесіп өтпейтін кешегі қазақ қо­ға­мынан ұстазын адам қатарына санамайтын сана­сыз күйге жеттік. Ұстаздың мәртебесі мен мәні кетті. Бұл іске кінәлілердің алғашқысы, айтуға оңай жүйе, келесісі – қоғам, соңғысы – ұстаздардың өзі. Жүйе де­геніміз – ұстаз мамандығын ұлықтай алмаған, басты назарға ала алмаған, қоғамдағы мәртебесін анықтап бере алмаған білім саласының біліксіздігі. Қоғам де­геніміз – өзі болған бала әкесін танымайды дегендей толып білімін жинағандар, қоғамның әр саласындағы ат тізгінін ұстаған игі жақсылар ұстаз туралы ұмыт­ты. Өскен мектебі туралы ойлануды азайтты. Ұлт зиялылары мектеп өмірінен алыстады. Ұстазды көзге ілмейтін күйге жеттік, мектепте таяққа жықса да еле­мейтін болдық. Қосылып жамандайтын болдық.Ұс­таз­­дардың өзі дегеніміз, қадірі қашқан мамандыққа бі­лік­тілер бармайтын болды. Қарынның қамын ой­ла­ғандар ақшаны кім жақсы төлесе, кім жұмсақ орындық сыйласа, соған қарай жүгірді де, ұстаздар дегеннің көпшілігі біліксіз, білімсіз күйге жетті. Өзі оңала алмай жүрген мамандықтың одан әрмен құты қашты.

Мейрамгүл ЖЕТПІСБАЕВА,
«Тұран» университетінің мұғалімі:

– Бүгінде бұл мамандыққа оқуға түсуге, мұғалім болуға кім барады? Көзіміз көріп отырған шындықты айтайын, басқа мамандыққа баллы жетпеген, өзіне мемлекеттік грант керек болған жастар келеді. Алдымызға келіп, «Енді өзім қалаған мамандыққа ұпайым жетпей қалды, мұғалім бола салайын» деп қиылып тұрып алады. Бірнеше жасқа мұның дұрыс шешім емес екенін талай түсіндіріп айттым. Екінші жағынан, мектепті орта бағаға, тіпті, төмен бағаға әрең аяқтап шыққан түлектер келетін болды. Енді өзіңіз ойланып қараңызшы, өзі жақсы оқымаған адам біреуді жарытып оқыта ма?

Өзім ұстаз болғандықтан да, бүгінгі біздерге та­ғылған айыптарға жаным ауырады. Басты айып – мұ­ғалімдердің білімі нашар, кәсіби біліктілігі төмен деп жатыр ғой. Бұл айыптың келісетін жағы да, келіспейтін жағы да бар. Келісетініміз, кезіндегі арманымен ұстаз болған, мол білімімен келген аға буын өкілдерінің дені бүгінде зейнетке кетті. Ал нарық заманына келген кейінгі буын өкілдері жаңағыдай мектепті дұрыс оқымаған топтың өкілдері. Өйткені нарық заңдылығы бойынша айлығы аз жерге ақымақтар ғана барады. Енді кеп білімді ұрпақ келмейтін бұл мамандық иелерінің беделі неге жоқ деген сұрақты талқылағаннан не ұтамыз? Оның беделін қоғам боп, өзіміз боп түсіріп алдық қой. Бірақ соған қарамастан қат-қабат қиыншылықты жеңіп, үздік шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаз да көп. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды.


Сөз соңы

Ұстаз мәртебесі дегеннен шығады, бірде бір үлкен кісі өзіне жәрдемдескен балаға «Мұғалім бол!» деген ғой. Сонда бала: «Қойыңызшы, қарғамаңызшы» депті. Бір кездері қадірі артық, беделі биік аяулы маман иесі болуды енді кеп ар көретін, қарғыс деп қабылдайтын қоғам шынымен қалыптасқаны ма?


Гүлжан РАХМАН