Бүгінде Білім және ғылым министрінің «құлағына алтын сырға тағып», баласының болашағына алаңдаған айқайшы ата-ана көп. Алайда бұл министрліктің «келесі жылы жақсы болады» деп бастаған әр жұмысы мәселені одан сайын күрделендірмесе, жеңілдетіп отырған жоқ. Салынбаған мектеп, мектепке сыймаған бала, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы екенін де жасырмады. Расында да, білікті педагог жетіспейтін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Әбден қордаланған дүниенің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағдайдың оңалуымен шешеміз деген шешімнің маңызы бар ма? Бұл сауалымыздың жауабын ұстаздар қауымының өзіне қалдырдық та, бұл мәселенің ушығуына әсер етіп отырған негізгі факторларға тоқталуға тырыстық. Оқып, пікір білдірем десеңіз, төр – сіздікі.
Бүгінде еліміз бойынша 5 495 (76,7%) ауылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Ауылдық жерлерде барлығы шамамен 1 311 мың бала білім алып жатыр. Бұл – оқушылардың жалпы құрамының 48,1 пайызы. Қала мен ауыл оқушылары сан жағынан теңесіп отырғанымен, сапа жағынан сан сауалдың астында қалып отыр. Мамандар бұл келеңсіздіктің негізгі себептерін талдауға көшті. Ең алдымен, еліміздегі мектептердің толымдылығында үлкен ауытқушылықтар бар. Ол біз жоғарыда айтып өткен мектепке баланың сыймауы мәселесімен қабысады. Бұл мәселе, әсіресе, қалалық мектептерде орын алуда. Яғни, жобалық қуаты 1 200 балаға арналған елордалық көп мектепте кемі 2 500 баланың отырғаны осыған дәлел. Ал керісінше ауылдық жерлердегі мың балаға арналған мектептерге бала саны жетпей отыр. Осы жерде айта кететін жайт, оқушылардың құрамы жоғары болған сайын мектептегі криминогенді жайт та жоғары болатындығы дәлелденген. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша криминалды инциденттердің 38 пайызы шағын, 60 пайызы орта және 89 пайызы үлкен мектептерде орын алады екен. Зерттеулер бойынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал етеді. Температура, желдеткіш және қауіпсіздік сияқты факторлар да – білім беру процесінің бастапқы шарттары. Білім беру ортасының сапасы оқушылардың үлгерімін 25 пайызға дейін арттыруы мүмкін екен. Ал біздің мектептер бұл жағынан кенже қалып отыр деуге толық негіз бар. Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мектептердің 42,5 пайызы бейімделген ғимараттарда орналасқан болса, 28,2 пайызы тасып әкелінетін су пайдаланылады. Ауылдағы мектептердің 56 пайызында ауладағы дәретхана ғана бар. Ауылдағы мектептердің 10,3 пайызы пешпен жылытылады. Осыдан кейін ондағы педагогтардың білім сапасын ауызға алмай-ақ, ол білім ошақтарындағы берілетін білімнің деңгейін бағамдауға болатын шығар.
Үлгерімдегі айырмашылықты ұлттық тестілеу нәтижелері де көрсетіп отыр. 9 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалау қорытындылары бойынша ауылдағы мектеп оқушылары қаладағы қатарластарынан 4 баллға артта қалса, қаладағы мектеп оқушылары ҰБТ бойынша да алда келеді. Ал жыл сайын ауылдарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баратын жас мамандарды қолдауда тұрақты кері байланыс жоқ. Көптеген жас маман екі жылдай жұмыс істеп, қалаға қайтып кетеді. Өйткені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауы себепті, осындай қадамға барып жатады.
Қосымша білімді кім іздейді?
«Айқын» білім саласындағы берекесіздікті бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Қаламымызға арқау болып, алаңдаған негізгі мәселеміздің бірі – қазақ мектептеріне деген қамқорсыздықтың тоқтамауы еді. Шыны керек, қоғамымызда қазақ мектептерінің беделі төмен, баласының ертеңіне елеңдейтін ата-ана қазақ мектебінің біліміне сенбейді. Сенетіндер – қолы қысқалар мен сондай биікке шығуға жолы қысқалар. Сенбесеңіз, кез келген қалталының баласы қайда оқып жүргенін қарап көріңіз. Жә, әңгіме ол туралы емес. Әңгіме осындай идеологиямызға иланып, баласының болашағынан үміт күтіп жүрген қарапайым халықтың қалтасын қағушылар жайында болмақ.
Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұран етіп ұстанған белгілі бір топ пайда болды. Бұл топтың өкілдері баланы мектепке дайындайды, үй тапсырмасын орындатады, сабағына көмектеседі, тіл үйретеді, олимпиада ұйымдастырып, білімдерін сынатып, мақтау қағаздарын береді… Тек, мұның бәрі ақылы. Бір сыныпқа әрең сыйып отырған 40 баланың ішінде өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орталықтарға амалсыз апарып жүр. Ақысы 30-50 мың тұратын мұндай оқыту орталықтарында да орын тапшы екен. Демек, «балам үшін» дейтін ата-ана аянып қалып жатқан жоқ. Тапқан-таянғанын санап берсе де, көштен қалып қоймаудың қамын жасауда. Бұл да бүгінгі білім жүйесінің бағытын айқындап беріп отыр емес пе? Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сыныптың мұғалімдерінің біліктілігі талапқа сай болса… ата-ана аузындағысын басқаға жырып беріп, несі бар?! Мектептің берер білімі мықты, мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғары болса, бала білімді сырттан іздей ме? Орталықтың көбейгені мектептердің олқылығынан болып отыр демеске амалың да қалмайды. Сондықтан қазір қаладағы орта мектепке баратын кез келген баласын әр ата-ана қосымша сабаққа сүйрейді де жүреді. Бұл бүгінде дәл солай болуы керек сияқты қалыптасқан жағдайға айналды.
Ақылы олимпиадалар неге керек?
Кезінде Асқар Жұмаділдаев халықаралық оқушылар олимпиадаларында орын алып жүрген ат төбеліндей ғана балалардың барын айтқан болатын. Сол 20-30 оқушының жартысы – бүгінгі білім-инновация лицейлерінің оқушылары. Қалғандары – қарапайым мектептеріміздің білім алушылары. Ал одан қалғандары ше? Олар қандай жарыстарда бақ сынайды? Ара-тұра өткізілетін, мемлекеттің бюджетінен қарастырылған тегін олимпиадаларды айтпағанда, мұндай оқушыларымыз үшін де түрлі жарыс жиі ұйымдастырылып тұрады. Тек олардың тегін өтпейтіні – өкінішті.
Нұр-Сұлтанда отырып алып, сонау еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мектепке хат жіберіп, ондағы оқушыларды да, оқытушыларды да әбігерге салатын бұл қандай олимпиадалар? Бақсақ, мұның астарында талай құйтырқылық жатыр екен. Ол – былай. Ақша тапқысы келген адам өзіне жеке сайт ашып алады. Осы сайты арқылы оқушылар арасындағы олимпиада, конкурс, байқауларды еркін ұйымдастыра береді. Ақылы, әрине. Мәселен, мына бір tarim.kz сайтындағы кез келген конкурсқа қатысу құны 1 500 теңге тұрады. Ал IQ – интеллектуалды білім порталының республикалық оқушылар байқауының жарнасы – 500 теңге. Міне, осылай тізсек кете береді, кете береді… Барлығының талаптары да бір. Қатыстырған оқушы саны ең көп мұғалімге арнайы сыйлық бар. Мұның астарынан оқушының сапасы емес, жинайтын жарнасы маңызды болып тұрғаны көрініп тұр.
АҚШ-та жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша криминалды инциденттердің 38 пайызы шағын, 60 пайызы орта және 89 пайызы үлкен мектептерде орын алады екен.
Бір сыныпқа әрең сыйып отырған 40 баланың ішінде өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орталықтарға амалсыз апарып жүр. Ақысы 30-50 мың тұратын мұндай оқыту орталықтарында да орын тапшы екен.
Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарайтын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз.
Міне, қазір осындай «пысықтар» білім саласымен «біте қайнасып» кетті. «Қазақ мектептеріне бәрі де бола береді» деген немқұрайлылық бәзбіреулердің қалтасын қампайтып жатыр. Олардың бәрі бала жүрген жерде ата-ананың ақшаны аямайтынын біліп алған. «Ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын мұндай «алаяқтарға» министрліктің бір тоқтауы неге болмайды?
Ең өкініштісі, мұғалімнің мәртебесі осындай өтірікке құрылған мақтау қағаздарымен өлшеніп отырған жайы бар. Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат.
Ер мұғалімдерді дайындайтын жоғары оқу орны қажет
Қалай айтсақ та, қазақ баласында тәрбиенің керемет үлгісі бар. Апайын алдап соққанымен, ағайына өтірік айтпауға, оның алдында өзін жігіттерше ұстауға тырысатын тәрбие бастауын айтып отырмыз. Біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады. Мәселе сол ер мұғалімдердің аздығында болып тұр. Ер адамның тәрбиесі үйде де, мектепте де маңызды. Өкініштісі сол, бүгінде мектептегі ер мұғалімдердің саны сиреп кетті. Тіпті мүлде азайды деуге негіз бар. Статистикаға сенсек, еліміздегі орта мектептерде сабақ беретін 300 мыңға жуық мұғалімнің 85 пайызы әйел ұстаздар екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармалары басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көрдіңіз бе? Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарайтын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз. Керісінше, дәл осы тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұрғанына налып отырмыз. Ойында отағасылық міндеті мен бала-шағасын асырау міндеті тұрған ер адамның жалақысы жанбағысына жетпейтін ұстаздық қызметті талап ету де орынсыз шығар, бәлкім. Педагогтар мәслихаттарда еліміздің мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдайтын ұстаздар қауымы ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөнінде де ұсыныстар айтып жүр. 1950 жылдардағы әйел мұғалімдердің жетіспеушілігінен Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғанын, педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихаттың күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалғанын ескерсек, бұл ұсыныстардың ұрымтал тұсы көп.
Сіз не дейсіз?
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері:
– Жас педагогтар арасында терең білімді, озық ойлы, шығармашыл талпынысы үлкен кадр аз емес. Дей тұрғанмен, педагогикалық оқу орындарынан келген жас мұғалімдердің біліктілігін, атап айтпағанда, білімінің өзі қазіргі мектеп талабын қанағаттандыра алмайтынына жанымыз ауырады. Оның себебі де көп шығар. Бірақ сол себептердің ішінде, біздіңше, ең бір елеулісі – педагогикалық оқу орындарына негізінен, «ҰБТ» жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер алынып жататыны ақиқат. Ал ондай студент мектепке келу үшін емес, жай ғана базалық білім бар деген диплом алу мақсатын көздейтіні де белгілі. Міне, болашақ мұғалім болатындарды нағыз білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау мәселесі бір шешімін тапса деп тілейміз. Егер мұғалімнің жалақысы дұрысталса, мұғалім тапшылығы емес, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік. Жас мұғалімдер үшін баспана мәселесі де аса зәру болып отырғаны аян. Әсіресе, қала мектептеріне келетін жас педагогтар, негізінен, ауылда өсіп-өнгендер. Қалада баспанасы жоқ оларға пәтер кезексіз коммуналдық жүйеде берілсе. Мұның өзі мұғалім беделінің артуына және сапалы жастардың мектепке жұмысқа келуіне серпін жасар еді.
Мұғалім беделі туралы қоғамдық-көпшілік ақпараттарды таратушы құралдардың бірі – басылымдар мен теледидар арналары. Алайда телеарналар кейінгі кезде еліміз мектептеріндегі жасампаз табыстардан гөрі, көбінесе ондағы кездейсоқ келеңсіз көріністерге ойысып бара жатқандай. Әрине, қолымыздағы бес саусағымыздың бірдей емес сияқты, білім саласында, ұстаздар тарапынан келеңсіз жағдайлар мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, кейбір хабарларда мұғалім азғын, бұзақы, жегіш, білімсіз, ұстаз атағына лайық емес біреулер болып көрсетіледі. Мектептердің көбіне кемшілік жағын көрсету көбейіп бара жатқандай, меніңше. Әрине, телеарна бағдарламаларына біз сын айту ниетінде емеспіз. Бірақ телеарналар көпшілікке пікір таратушы болса, көпшілік те ол туралы өз пікірін, өз бағасын айтуға тиіс деп ойлаймыз. Мұны айтып отырған себебім, келешекте теледидар қызметкерлері мұғалім беделін көтеретіндей жақсы телехабарларға көбірек мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл айтылғандар түптеп келгенде, мектепте берілетін білім сапасына және мұғалім беделіне тікелей қатысты.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
«Қазбілім» орталығының директоры:
– «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» дейді Мағжан ақын. Мәселені орынды көтеріп отырсыздар. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы. Сол білім ордасының бесігін тербетіп отырғандар кімдер? Олардың халі нешік? Жасыратыны жоқ, бүгінде ұстаздың ұлағаты азайды. Ұрпақтың ұяты әлсіреді. Сонымен, бүгінгі қоғамның ұстаздары (өкінішке қарай, бәрі болмаса да басым бөлігі) мамандық иелерінің ең төменгі сатысы болып, ең нашарлар, сырттай білім алғандар, әйтпесе сатып алғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт болашағын ұсақтатып барады. Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз. Ең үздік сабақ беруші – сабақты қағазда даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай етіп қағазға түсіруші. Оларды баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы. Әрине, ойланатын жағдай… Ұстаздың беделі – қоғамның беделі. Бүгін шәкірт ұстаздың сақалына, ата-ана шаужайына жабысатын күнге жеттік. Ұрпақ тәрбиесіне баланы 16 сағат тәрбиелейтін ата-ананы емес, 8 сағат білім беретін ұстаздарды жауапты етіп, онсыз да әр үйдің еркесімен алысқан ұстаздарды ұстараның жүзіне салып бердік.
Ұстазының алдын кесіп өтпейтін кешегі қазақ қоғамынан ұстазын адам қатарына санамайтын санасыз күйге жеттік. Ұстаздың мәртебесі мен мәні кетті. Бұл іске кінәлілердің алғашқысы, айтуға оңай жүйе, келесісі – қоғам, соңғысы – ұстаздардың өзі. Жүйе дегеніміз – ұстаз мамандығын ұлықтай алмаған, басты назарға ала алмаған, қоғамдағы мәртебесін анықтап бере алмаған білім саласының біліксіздігі. Қоғам дегеніміз – өзі болған бала әкесін танымайды дегендей толып білімін жинағандар, қоғамның әр саласындағы ат тізгінін ұстаған игі жақсылар ұстаз туралы ұмытты. Өскен мектебі туралы ойлануды азайтты. Ұлт зиялылары мектеп өмірінен алыстады. Ұстазды көзге ілмейтін күйге жеттік, мектепте таяққа жықса да елемейтін болдық. Қосылып жамандайтын болдық.Ұстаздардың өзі дегеніміз, қадірі қашқан мамандыққа біліктілер бармайтын болды. Қарынның қамын ойлағандар ақшаны кім жақсы төлесе, кім жұмсақ орындық сыйласа, соған қарай жүгірді де, ұстаздар дегеннің көпшілігі біліксіз, білімсіз күйге жетті. Өзі оңала алмай жүрген мамандықтың одан әрмен құты қашты.
Мейрамгүл ЖЕТПІСБАЕВА,
«Тұран» университетінің мұғалімі:
– Бүгінде бұл мамандыққа оқуға түсуге, мұғалім болуға кім барады? Көзіміз көріп отырған шындықты айтайын, басқа мамандыққа баллы жетпеген, өзіне мемлекеттік грант керек болған жастар келеді. Алдымызға келіп, «Енді өзім қалаған мамандыққа ұпайым жетпей қалды, мұғалім бола салайын» деп қиылып тұрып алады. Бірнеше жасқа мұның дұрыс шешім емес екенін талай түсіндіріп айттым. Екінші жағынан, мектепті орта бағаға, тіпті, төмен бағаға әрең аяқтап шыққан түлектер келетін болды. Енді өзіңіз ойланып қараңызшы, өзі жақсы оқымаған адам біреуді жарытып оқыта ма?
Өзім ұстаз болғандықтан да, бүгінгі біздерге тағылған айыптарға жаным ауырады. Басты айып – мұғалімдердің білімі нашар, кәсіби біліктілігі төмен деп жатыр ғой. Бұл айыптың келісетін жағы да, келіспейтін жағы да бар. Келісетініміз, кезіндегі арманымен ұстаз болған, мол білімімен келген аға буын өкілдерінің дені бүгінде зейнетке кетті. Ал нарық заманына келген кейінгі буын өкілдері жаңағыдай мектепті дұрыс оқымаған топтың өкілдері. Өйткені нарық заңдылығы бойынша айлығы аз жерге ақымақтар ғана барады. Енді кеп білімді ұрпақ келмейтін бұл мамандық иелерінің беделі неге жоқ деген сұрақты талқылағаннан не ұтамыз? Оның беделін қоғам боп, өзіміз боп түсіріп алдық қой. Бірақ соған қарамастан қат-қабат қиыншылықты жеңіп, үздік шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаз да көп. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды.
Сөз соңы
Ұстаз мәртебесі дегеннен шығады, бірде бір үлкен кісі өзіне жәрдемдескен балаға «Мұғалім бол!» деген ғой. Сонда бала: «Қойыңызшы, қарғамаңызшы» депті. Бір кездері қадірі артық, беделі биік аяулы маман иесі болуды енді кеп ар көретін, қарғыс деп қабылдайтын қоғам шынымен қалыптасқаны ма?
Гүлжан РАХМАН