Волонтер – құрметті қызмет
Волонтер –  құрметті қызмет
444
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 тамыздағы қаулысында 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Алдағы уақытта Үкіметке волонтер жылын өт­кі­зу бойынша қажетті шаралар қабылдау қажеттігін міндеттеді. Талай қызықты та­ным­дарға жол ашып, жастардың өздерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін қызмет турасында соның қазанында қайнап жүрген жастардан бірауыз пікір алған едік.

Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық универ­си­тетін осы жылы тамамдаған, қазіргі уақытта Krea TV media продакшн сарапшысы Гүлғайым Ербол ВІ Group жыл сайын ұйымдастыратын марафонда, кейіннен универ­ситеттің үшінші курсында EXPO–2017 халықаралық көрмесінде волонтерлік еткен. Көрменің Қазақстан үшін айтарлықтай маңызы барын ұғынған Гүлғайым мұн­­дай халықаралық дең­­гейдегі іс-шараның басы-қасында болып, өту меха­низмін көруді басты мақ­сат етеді. «EXPO–2017 халықаралық көрмесінде во­лонтер болғаныма қуа­на­мын, себебі қаншама қызықты жайттың куәсі болдым. Жаңа достар таптым» дейді ол. Көрмеге волонтерлік етуде өзі сияқты жастарға жағдай жасалғаны көңіліне қонған. «Бізді жатақханамен, тамақпен, көлікпен қамта­ма­сыз етті. Бұл тек менің ғана емес, волонтер болып жүр­ген барша жастың көңі­­­лінен шықты» дейді. Көрмеде волонтерлік етудің нәтижесінде шетелдік қонақ­тармен тілдесіп, қызықты ақпараттармен бөлісіп, пікір алмасу арқылы тіл деңгейін жетілдіруге де мүмкіндік берген волонтерлік шақтарын Гүлғайым қазір сағына еске алатынын да жасырмады.

Ал С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­­­верситетінің төртінші курс студенті Еркежан Шеруова Қазақстан сту­дент­­­­тер альянсының мү­ше­­сі. Ол да – волонтер. Ал­ғаш рет волонтерлікті уни­­верситеттің 1 курсында бас­таған. «Университет жі­беретін арнайы шараларға волонтер ретінде қатыса бас­тадым. Алғашқы мен қа­тысқан ауқымды іс-шара EXPO – 2017 халықаралық көр­месі болды. Қазір волон­тер болғаныма екі жыл, мем­­лекеттік, халықаралық дең­гейдегі шараларға да қа­тысып жүрмін. Мәселен, Президенттің қатысуымен өткен Astana Hub халықа­ралық IT стартаптарға ар­налған технопарктің ашы­­луы, елімізде қысқы триат­лон бойынша өткен чем­пионат, халықаралық дең­гейдегі форумдарда волонтер болдым. Қа­зір Нұр-Сұлтандағы Қа­зақ­стан студенттері альян­сы­­ның мүшесімін. 23-24 тамызда Қазақстан сту­­­денттер альянсы жазғы маусымның жабылуына орай Павлодар қаласында Қазақстанның белсенді студенттеріне арналған лагерь ұйымдастырды. Сол лагерьде волонтер болдым» дейді ол. Қатардағы волонтер болып кейіннен өзінің волонтерлік ұйымын ашқан Валихан Бахретдинов жас буынға уақытын тиімді әрі қызықты өткізіп, жаңа көкжиектерге жол ашуда бұл қызметтің маңызы орасан зор екенін айтады. 2013 жылы волонтерлікке алғаш рет қадам тіреген ол 2015 жылға дейін түрлі іс-шараларға қатысып, волонтерлердің үйлестірушісі болып та жұ­мыс істеген. 2017 жылдың тамызынан бастап EXPО–2017 халықаралық көрмесінің вол­онтерлік штабының мү­шесі болып, аталған көр­ме волонтерлерінің тре­не­рі болады. «2015 жылы өзі­м­­нің волонтерлік ұйы­мым­­ды аштым. Ал 2015-2016 жылдары Сенат пен Парламент дайындаған волонтерлік қызмет туралы заңның дайындау тобының құрамында болдым. Кейін­нен қоғамдық жұмысқа араластым» дейді ол.

Шетелде өткен бірқатар іс-шараларда волонтер жастармен бірге болған Валихан Қазақстан мен шетелдегі волонтерлік қызмет арасында айтарлықтай айырмашылықтың барын айтады. «Шетелде волонтер болғаны үшін жастарға бірен-саран сыйақы беріледі. Ал жұмысқа орналасатын болса, волонтерлік қызмет атқарғаны құрметті іс саналады. Сондай-ақ қоғам­дық көлікте жүруге жеңілдік ала алады» деген ол шетелдегі волонтерлік қызметтің тарихы тереңде жатқанын, ал Қазақстанда волонтерлік 2017 жылы халықаралық EXPO көрмесінің аясында ерекше жаңғырғанын және қазір қарқынды дамып келе жатқанын алға тартады. Қа­зіргі уақытта «Ұлан-ға­йыр Дала Елі» қоғамдық бір­лестігінің басшысы. Пре­зидент жанындағы Жас­тар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі. Волонтерлік қызметтің өзіне өмірлік азық болғанын айтқан ол жастардың волонтерлікке уақыт бөлуі өздеріне өмір бойы мол тәжірибе бола­ты­нын тілге тиек етті.

2020 жыл волонтерлікке білек сыбана кірісетін жас буын үшін жаңа­лы­ғымен келеді. Премьер-министрдің экс-орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бір сөзінде волонтерлер жы­лы аясында денсаулық сақ­­­тау, әлеуметтік қызмет көр­­сету, мәдениет және бас­қа да салаларда 7 жалпы­ұлт­тық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын, сондай-ақ жергілікті дең­гей­де бірқатар шаралар қарас­тырылғанын хабар­ла­­ған еді. Әр өңірде 10-ға де­йін волонтерлік стартап­ты қолдау және іске асы­ру, во­лонтерлер және волон­тер­лік ұйымдармен жұмыс бойынша үйлестіру шаралары ұйым­дас­тырылады. Ал Ақ­па­­­рат және қоғамдық да­му министрі Дәурен Абаев ұлт­тық волонтерлік желі­мен бірлесе осы жылдың сә­у­ір айында qazvolunteer.kz онлайн-тұғырнамасы енгі­зілгенін мәлім еткен еді. Министрдің сөзінше, бұл волонтерлердің қызметін үй­лестіруге мүмкіндік бе­ріп, олардың жобаларына ақпараттық қолдауды іске асырады.

Осы орайда волонтер Ерке­жан Шеруова Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылды Волонтер жы­лы деп жариялағанына қуан­ға­нын жасырмады. «Бұл осы қыз­метті атқарып жүрген жастар үшін тың серпін болады» деген ол қазіргі уақытта жас­тар­дың бұл жұмысқа көп тартылып жатқанын айтады. Ал­ғаш волонтер болған ке­зін­де «тегін жұмыс істеп уақыттарыңды шығындап қайтесіңдер» деген жандар­дың волонтерлік қызметке деген көзқарасы өзгерсе екен деген ниетін де алға тартты. Еркежанның тілегі біреу ғана – волонтер болған жастарға жағдай жасалып, дең­гейін көтеруге мем­ле­кет тарапынан мүмкін­діктер берілсе екен. 

Ендеше, 2020 жыл волон­терлік қызметке бел шеше кірісетін жастар үшін жарқын болашаққа жасалатын оң қадам­дардың қатарын толық­тырып, бәсекеге қабілетті ма­ман болуда тың серпіліс бе­ретіндігіне иланғымыз келеді.