Атырауда дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойында ашылған Исатай-Махамбет алаңы қайта жаңғыртылды.
Атыраулықтар мен облыс қонақтарына тарихи тағылымымен, сәулетімен рух беріп тұрған алаңға жаңғырту жұмыстарын Норт Каспиан Оперейтинг компаниясының (NCOC) демеушілігімен «Батыс Альянс Строй» ЖШС құрылыс жүргізді.
Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы мен Конституция күні қарсаңында алаңның салтанатты жағдайда қайта ашылуы шарасында Атырау облысы әкімінің орынбасары Айбек Қрамбаев, Норт Каспиан Оперейтинг компаниясының бас директоры Ричард Хоу, Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз алып, жиналған қала тұрғындарын жаңғырған алаңның халық игілігіне берілуімен құттықтады.
Исатай-Махамбет алаңының 50 мың шаршы метрі түбегейлі жаңартылған. Атап айтсақ, жаңа гранит тақтайшасының үстіне субұрқақ жүйесімен жабдықталған бірнеше сәулет композициясы орнатылды. Сонымен қатар алаңның орта тұсындағы субұрқақпен жабдықталған көпбұрышты бассейн іргетасының ортасына орнатылған мәрмәр домбыра да ерекше көзге түседі. Биіктігі 3 метрге жуықтайтын бұл домбыра Махамбет бабамыздың шығармашылығына тағзым ғана емес, күй Отаны Атыраудың құймақұлақ күйшілік өнеріне арналып қойылған.
Алаңдағы тынығуға арналған сәндік шатырлар ұлттық нақышта безендірілуімен көз қуантып тұр. Бұдан бөлек, барлық ағаштар мен гүлзарлар қайта егіліп, оларды автоматты түрде суару құрылғылары жүргізілген. Алаң аумағы түгелдей жарықдиодты шамдармен және энергия үнемдеуіш лампалармен жарықтандырылған.
Түрлі-түсті көз қызығарлық гүлзарлармен көмкерілген алаңда алты әуенді субұрқақ орнатылыпты. Субұрқақ сазды әуеннің ырғағына қарай түрлі пішінге еніп, өзіңе назар аудартып, ерекше әсерге бөлейді. Сондай-ақ субұрқақтар түрлі-түсті және аптап ыстықта қоңыр салқын леп беретін тұман әсері бар бүріккіштермен жабдықталған.
Халық жөнделуіне маңыз берген Исатай мен Махамбет ескерткіштері толықтай жаңартылуымен жұрт көңілінен шықты.
Тұрғындардың айтуынша, жаңа сәулетті алаң көпшілікке ұнап жатыр.
– Бұл күнді көптен күтіп, бүгін отбасымызбен бірге келдік. Бізде субұрқақтар тапшы болғасын ба, балалардың қуанышын айтпағанда, өзіміз балаша мәз мейрам болдық. Бірі бірнеше әуенді, енді бірі ыстық күні қоңыр салқын леп береді. Алаң бұрынғыдан да өзгеше реңге еніп, ескерткіштеріміз еңселі көрініп қуантып тұр – дейді қала тұрғыны Мөлдір Серікқызы.
Исатай-Махамбет алаңы жергілікті халық үшін батырлықтың символындай қастерлі алаң. Алғаш ашылғанда алаңға қойылған жебе ұшы нобайындағы гранит тастарда Махамбеттің өлеңдері жазылған еді. Алаң жаңартылған соң да сол тастарды қайта көріп, жүрек тебіренді.
Атырау облысы