Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі осыдан бірер күн бұрын Орал қалалық полиция басқармасына қарасты Абай полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Орал қаласының 40 жастағы тұрғынын жұмысқа орналастырамын деп алдап-сулап, оның 1 миллион теңгесін қолды қылған 1974 жылғы әйелді қолға түсіргені жөнінде ақпарат таратты.
Тексеру барысында мәлім болғандай, жәбірленуші ақшасын биылғы мамыр айында «жұмысқа орналастырғыш» әйелдің алақанына өз қолымен салып берген. Сөйтіп, үш ай күтіп, ақыры еш нәтиже болмағасын полицияға жүгінуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта осы факті негізінде Абай полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 190-бабының бірінші бөлімі, яғни алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Өз кезегінде, полиция қызметкерлері алаяқтарға алданып, сан соғып қалмау үшін ел-жұртқа кім көрінгенге сене бермеудің қажеттігін, ал жұмысқа орналасу үшін арнайы еңбекпен қамтамасыз ету мекемелеріне хабарласу керегін ескертеді.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы