Әлем университеттерінің жаһандық саммиті ҚазҰУ-да өтеді
Әлем университеттерінің жаһандық саммиті ҚазҰУ-да өтеді
195
оқылды

Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың басты шарттарының бірі «білім – болашақ жетістіктің ең іргелі факторы» деген түсінік екенін атап өтті. Университеттер адами капиталды қалыптастырудың маңызды субъектілері ретінде рухани-адамгершілік тәрбиеге баса назар аудара отырып, озық технологиялар негізінде білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етуі тиіс.

Әлемдік маңызы бар ауқымды іс-шаралар 18-19 қыркүйекте Қазақстанда – еліміздің жетекші жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтеді. Олар ең алдымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарын іске асыруға, отандық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру қызметтерін экспорттауға бағытталған.

Әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың рөлі мен рейтингтегі феноменалды серпілісін ескере отырып, QS Қазақстан университетінде «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбында QS World Wide халықаралық форумын өткізуді шешті. Аталған форум ғылым мен жоғары білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу және тарату бойынша әлемдегі бірегей және ірі платформа.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған маңызды мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыру бойынша мақсатты түрде жұмыс істеуде. Биыл ҚазҰУ «World University Rankings» QS дүниежүзілік танылған және беделді халықаралық рейтингте Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан жалғыз болып әлемнің үздік ЖОО-ларының қатарына еніп, 207 орынға ие болды.


ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсының тең құрылтайшысы бола отырып, бірқатар ірі жобаларды іске асыруда, оның ішінде халықаралық ІТ-технопаркін құру бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Сондықтан ҚазҰУ-да осы беделді халықаралық ұйымның Бас Ассамблеясының отырысын өткізу заңды. Форумда жоғары білім беру саласындағы коллаборация мен интеграция, бірлескен ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру және өзара іс-қимылдың басқа да бағыттары талқыланады.

БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Тұрақты даму бойынша Жаһандық Хабын қатарынан үшінші рет басқарып отырған ҚазҰУ жаңа буын ЖОО-ның Университет 4.0 моделін әзірледі. Ол «Al-Farabi University Smart City» тұжырымдамасының негізінде жүзеге асырылуда, ал оның темірқазығы ұлы ойшыл әл-Фарабидің идеялары болып, жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделеді. Әлемдік трендтерге жауап беретін университеттерді дамытудың перспективті моделі БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріндегі Өркениеттер Альянсының форумында айтылып, оны халықаралық деңгейде кең тарату ұсынылды. ҚазҰУ-дың инновациялық тәжірибесін ескере отырып, әлеуметтік жауапкершілігі бар университеттердің Бүкіләлемдік желісі (University Social Responsibility Network) арнайы Work shop жүргізеді. USRN әр түрлі континенттердің әлеуметтік жауапкершілігін жүктеген көшбасшы университеттерді біріктіреді. ҚазҰУ – Манчестер, Кембридж, Пекин, Вашингтон, Сан-Паулу сияқты т.б. танымал университеттермен қатар ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасында аталмыш беделді ұйымның мүшелігіне кіріп отырған жалғыз университет.

Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚазҰУ және G-Global Халықаралық Хатшылығы ұйымдастырған «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі-2030» жаһандық конгресі маңызды іс-шара болмақ.         

Жоғары халықаралық деңгейдегі іс-шаралар барлық континенттерден 400-ден астам алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшыларын, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерін, белгілі ғалымдарды, сарапшылар мен академиялық топтар көшбасшыларын жинайтынын атап өткен жөн. Олар білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында Университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауға және әзірлеуге қатысады. Форумдар бағдарламасы өте мазмұнды, мұнда пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының жетістіктері көрмесі өтеді.

Әлемдік ауқымдағы іс-шараларды өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін растап, еліміздегі жоғары білім берудің серпінді дамуына және осы маңызды салаға инвестициялар тартуға сөзсіз ықпал ететін болады.