Ақтөбе тұрғын саны жағынан Қарағандыны қуып жетті
Ақтөбе тұрғын саны жағынан Қарағандыны қуып жетті
277
оқылды

Елімізде тұрғын саны 50 мыңнан асатын қалаларда халық санының өсуі байқалып отыр. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Түркістан мен Ақтөбе қаласында бір қалыпты өсім бар. Ал, 12 қалада халық саны азайып кеткен.

Тұрғын санының көбеюі жағынан еліміздің астанасы көш бастап тұр, биылғы бірінші жартыжылдықта Нұр-Сұлтанда халық саны 2,4%-ға өскен. Одан кейінгі орында Түркістан (+2,1%), Шымкент (+1,5%), Алматы мен Ақтөбе (+1,2%), Қызылорда, Орал және Құлсары (1%-дан) қалалары тұр.

Жалпы алғанда, еліміздегі халқының саны 50 мың адамнан асатын 31 қаланың 19-нда көрсеткіш жоғары.

Бұл тұрғыда, қазіргі күні тұрғын саны жағынан төртінші орында тұрған Қарағанды қаласын қуып жетуге тақаған бір қала бар. Ол – Ақтөбе. 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша, Қарағандыда 495,3 мың адам болса, Ақтөбе халқының саны – 493,8 мың адамға жеткен.

Қарағанды – биылғы бірінші жартыжылдықта тұрғыны азайған еліміздегі 12 шаһардың бірі. Қала халқының саны 0,5%-ға азайған.

Өзге облыс орталықтарынан Талдықорған (-0,5%), Павлодар мен Петропавл (-0,1%) қалаларында көрсеткіш төмендеген.

Тұрғын санының азаюы өндірістік қалалар – Екібастұз, Рудный, Жезқазған, Шахтинск, Жаңаөзен, Риддер қалаларынан да байқалып отыр.

Сондай-ақ, Алматы облысындағы Есік (-5,2%), Сарқанд(-3,8%), Қаскелең (-2%), Қапшағай (-1,5%), Талғар (-1,3%), Үшарал (-0,5%) секілді бірнеше шағын шаһарда өсім төмендеген. Үштөбе қаласында халық саны көрсеткіші өзгермесе, Жаркент (+0,5%) пен Текеліде (+0,6%) көбейген.

Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда қала тұрғындарының саны 0,78% -ға өсіп, 10 782 мың адамға жеткен. Ал, ауыл халқының саны 7 726 мың адам. Яғни, республика халқының 58, 3%-ы қалада, 41,7%-ы ауылдық жерлерде тұрып жатыр.