Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шетелден қанша инвестиция тартты?
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шетелден қанша инвестиция тартты?
460
оқылды

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстанның инвестициялық саясатын іске асыру барысы туралы айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, вице-премьер мемлекет басшысының Жолдауында негізгі басымдықтардың қатарында шикізаттық емес секторға шетелдік инвестицияларды тарту міндеті қойылғанын атап өтті.

«Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен $330 млрд шетелдік инвестиция тартылды. Инвестициялардың негізгі бөлігі –  50%-дан астамы – Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі, оның ішінде: Швейцария – 25,8 млрд, Франция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланды – 90,4 млрд, Бельгия – 7,6 млрд, Германия – 5,2 млрд. Америка Құрама Штаттарына тікелей шетелдік инвестициялардың 15% немесе 48,4 млрд келеді. Шамамен 5%– Ұлыбритания мен ҚХР инвестицияларынан тұрады», — деді Жеңіс Қасымбек.

1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік қатысумен 19 мың заңды тұлға және бөлімшелер жұмыс істейді, олардың ішінде кәсіпорындардың 35,3%-ы ресейлік, 9,5% – түрік, 5,7% – өзбек, 5,6% – қытай, 3,1% – неміс капиталының қатысуымен.  

2010 жылдан бері шетелдік инвестициялар бойынша қазақстандық өкілетті органдар 650-ге жуық жобаларды қарастырды. Оның ішінде Еуропалық одақ елдерінің инвесторлары ұсынған жобалар саны – 185, Ресей Федерациясы – 111, Түркия – 80 және ҚХР – 55 жоба және т.б. Ұсынылған жобалардан басымдық заманауи технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін, қазақстандық қамтуы жоғары, ҚР азаматтары үшін барынша көп жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін жоғары технологиялы жобаларға беріледі. Осы кезеңде $16,2 млрд сомасына 235 жоба іске асырылды (қалғандары қарастырылуда), оның ішінде 133 жобаны Еуропалық Одақ пен РФ елдері жүзеге асырған. 

«Әлемдегі тұрақсыздық және санкциялық қарсылық жағдайларында инвесторлар инвестициялық ахуалы тұрақты елдерді таңдайды. Әрбір ел өзінің инвестициялық рейтингін көтеруге тырысады, себебі, елге капитал ғана емес, жаңа заманауи технологиялар да келеді», — деді премьер-министрдің орынбасары.

Көптеген инвесторлардың бірі ҚХР 15 жобаны қаржыландырып, іске асырды, бұл 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобалардың жалпы санынан 6%-ға жуығын құрайды. 

Бүгінгі күні индустрияландыру және инвестициялар саласындағы бірлескен қазақстандық-қытайлық жобалар тізімі жалпы сомасы $ 27,6 млрд құрайтын 55 жобаны қамтиды. 

2015 жылдан қазірге дейін $3,9 млрд сомасына 15 жоба іске қосылды. Жобалар экономиканың жоғары технологиялы салаларында іске асырылады:  машина жасау, химия өнеркәсібі, энергетика, баламалы энергетика және АӨК. 3828 қазақстандық жұмыс орны құрылды.  

 «Осы жобалардың барлығы еліміздің әртүрлі аймақтарында экспортқа бағдарланған заманауи технологияларды қолданады, қазақстандықтарға жұмыс орындарын ашады. Мұнда жұмыс істеп тұрған зауыттарды көшіру туралы емес, технологиялар трансферті туралы айтылып тұр. Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықтың Қазақстан-Қытай бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрумен бірге, шетелдік нарықтарға экспорттауға бағдарланған, қосылған құны жоғары отандық сапалы өнімді шығаруға қабілетті бірқатар жоғары технологиялық кәсіпорындар құрылады деп күтілуде», — деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.