Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе білім алуға жұмсай аласыз. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтып өтті. Осыған дейін де мұндай ұсыныстар бұқаралық ақпарат құралдарында аракідік жарияланып тұрды. Сарапшылар инвестициялық табысы инфляция деңгейінен әзер асатын қор тиімсіз деп түйінді жасаған. Азаматтар зейнетақы жинағында қаражаты болғанымен, оны басқару мүмкіндігі жоқтығын талай рет ашына айтты. Үкіметте де бұл проблема сан рет қаралды. Бірақ осыншалықты жоғары деңгейде сөз болғаны көптің көңіліне үміт бергендей. Ендігі жағдайда жылдан-жылға құнынан айырылған қаражатыңыз қазіргі маңызды деген проблемаңызды шешуге сеп болуы мүмкін.
Қазір зейнетақы жүйесіндегі қордаланған проблемалар тағы бір он жылда қиындықтарға алып келуі мүмкін екенін айтқан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берді.
– Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселе жеткілікті. Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал зейнеткерлер саны арта түседі. Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек, – деді Президент.
Жолдауда ақпарат алаңында айтылған мәселелер ескерілгені сөзсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген жайтты дөп басып айтты.
– Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын, – деген ол шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсыратынын жеткізді.
Ендігі жерде бұл ұсыныс қалай жүзеге асырылмақ деген сауал туындайды. Жалпы, мұндай жүйе тиімді бола ма? Көпшілігі бұл жаңалықты қуана қарсы алғанымен, оны қолдамайтындар да табылып жатыр. Мысалы, экономист Арман Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, бізде зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алған күннің өзінде оны айналымға салатын тиімді құралдар жеткіліксіз көрінеді. Сарапшы брокерлер мен сақтандырушы компанияларда активтер барын, бірақ оның өзі шетелдік активтер екенін алға тартты. Ол: «Демек, біздегі зейнетақы жүйесі тағы да батыстағы нарыққа жұмыс істейді. Сол себепті, альтернатива қажет. Мысалы, мемлекет жылдық табысы теңгемен алғанда 10-15 пайыздық облигациялар шығарсын. Азаматтар оны сатып алады, ал Үкімет табыстан түскен қаражатты жүйені одан ары дамытуға жұмсай бермек. Осындай жүйе болса ғана біз қарттығымызға алаңдамас едік» деп ой түйген.
Зейнетақы қорындағы қаражат халыққа дәл бүгінгідей қолжетімді болмаған шығар. Бірақ экономистер бұл қаражатты қайда жұмсасам деп керемет жоспар құруға әлі ерте екенін айтуда. Қордағы қаражатты кім көрінгенге тарата бермейтіні бесенеден белгілі. Тек жұмыс істейтін азаматтарға жинағындағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берілетін шығар деген долбар да жоқ емес. Өйткені қартайғанда қаражатсыз қалу қаупі тым жоғары.
– Президенттің Жолдауында бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөлінді деп ойлаймын. Мысалы, шет мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар. Менің ойымша, өзінің зейнетақы жинағының біраз бөлігін жеке инвестициялық мақсатта қолдану әділетті. Өкінішке қарай, бізде осы уақытқа дейін оған рұқсат берілген жоқ. Қазіргі жағдайда азаматтар әр ай сайын табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударып отырады. Бірақ түптеп келгенде, сонша жылдық еңбек өтілінен кейін қолына алатын ақшасы аз ғана болып шығады. Себебі, оны инфляция жеп қояды немесе зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысы төмен болады. Сондықтан да азаматтардың белгілі бір дәрежеде зейнетақы жинақтарын жинауға және ұлғайтуға не болмаса, оны өз бетінше басқаруға мүмкіндік беру қажет. Меніңше, Жолдауда осыған, яғни басқаруға және жинақтарының біраз бөлігін уақытынан ерте алуға мүмкіндік беріліп отыр, – деді Мақсат Халық.
Экономистің айтуынша, әзірге шешім қандай азаматтарға қолжетімді екені белгісіз. Және осы жерде бұл қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды.
– Дәл қазіргі жағдайда өте тиімді деп айта алмаймын. Өйткені зейнетақы қорында 8 млн теңгеден асатын жинағы бар азаматтардың үлесі 1-ақ пайыз. Бұл – бір. Ал көпшілігі тек 1 млн теңгенің айналасында ғана қаражат жинаған. Мұндай жинақтың бір бөлігін алу тиімді бола ма білмеймін. Бірақ орташа, яғни 4-5 млн теңге жинап қойған азаматтар да бар. Олар үшін жинағындағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін алу нәтижелі болар еді. Мысалға, 4 млн теңге жинап қойған болса, оның 2 млн теңгесін алып, ипотекаға алғашқы жарна ретінде құятын болса – құптарлық жағдай. Бұл Президенттің өзі айтып өткендей, Сингапурдың мысалында бар.
Қазір бізде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бар. Бірақ оның кең етек жаймай отырғанының екі себебі бар. Біріншіден, халықтың шектен тыс несие алып қойғандығы. Басында несие болғандықтан, банктер дәл осы бағдарлама бойынша несие беруден бас тартады. Екінші фактор көпшілігінің бере салатын 20 пайыздық алғашқы жарнасы да жоқ. Сондықтан да, менің ойымша, бірінші факторға сай қарызданған азаматтардың санын азайту үшін 300 мың теңге кешірілді. Екіншіден, ең болмаса алғашқы жарнасын төлеу үшін зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға мүмкіндік берілмек.
Тағы бір мәселе бар, ол – зейнетақы аннуитеті. Яғни, зейнетке шыққанда сіз осы жолды таңдай аласыз. Аннуитет деген сөз – егер зейнетақы қорында жеткілікті қаражатты жинай алсаңыз, жасыңызға жетпей зейнетке шығып кете аласыз. Қазір оның шектік мөлшерін 8 млн теңге деп белгілеген екен. Демек, сіз осы соманы жинасаңыз, мысалы 50 жасыңызда зейнетке шығып кетуіңізге болады және ол қаражатыңызды зейнетақы қорынан алып, сақтандыру қорына аудара аласыз. Осылайша, ары қарай сақтандыру қоры сізге зейнетақы төлеп тұрады, – дейді маман.
Одан бөлек, экономист зейнетақы жинағындағы қаражатты білім алуға жұмсау туралы да ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Тіпті іс жүзінде қалай болуы мүмкін екенін де тәптіштеп айтып берді.
– Мысалы, балаңыз Британияда оқығысы келсе, 2-3 млн теңгені алып, соның ақысын төлей аласыз. Балаңыз мықты маман болып келсе, ол ақшаны бір-екі айда қайтарып алуға болады. Осындай тиімді шешімдерге инвестициялауға болады деген ойдамын. Тағы бір мысал айтуға болады, егер балаңыз үйленіп, бірақ баспанасыз жүрген болса, оған да ипотеканың алғашқы жарнасын төлеп берсеңіз, ары қарай жастарға да жеңіл болары сөзсіз. Осылай біраз мәселенің түйінін шешуге болады. Дәл қазір үй алып кете алатын адамдардың қатары аз да шығар, бірақ миллион теңге болса да ол азаматтарға үлкен көмек болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Экономистің ойынша, бұл процесс іске асып, ары қарай қозғала бастаса, азаматтардың өзі зейнетақы қорына көбірек ақша аударуға ынталы болмақ. Қызметіне кіріскен тұста Президент Қ.Тоқаев Ұлттық банкке халықтың қаржы реттеушіге деген сенімін арттыруды тапсырған еді. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу туралы шешім халыққа мотивация болып, зейнетақы қорына көбірек қаражат аударып отыруға ынталы болар ма еді?!
– Өткенде жарнаны 15 пайызға өсіреміз дегенде қоғам наразылық танытты. Өйткені нақты табысы онсыз да төмен халық қалтасынан тағы да 5 пайыз төлегісі келмейді. Егер сізде зейнетақы қорындағы қаражатыңыз арқылы үлкен мәселеңізді шешуге мүмкіндік пайда болса, онда әрбір азамат зейнетақы қорындағы қаражатына көңіл бөлер еді. Ол өсіп жатыр ма, мен мынадай көлемде қаражат жинауым үшін қанша теңгеден аударып отырғаным дұрыс деп ойлана бастайды. Сонда халықта тезірек жинақтап, зейнетке шығып, өзінің проблемаларын шешуге ынта, мотивация пайда болады деп ойлаймын, – дейді Мақсат Халық.
Ал қазақстандықтардың зейнетақы жинағында нақты қандай өзгерістер болатыны бір жылдан соң белгілі болмақ. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осынша мерзім ішінде атқарушы органдар жобаны әзірлеп шығуы тиіс.