Зейнетақы жинағына баспана алуға бола ма?

Зейнетақы жинағына баспана алуға бола ма?

Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе білім алуға жұмсай аласыз. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтып өтті. Осыған дейін де мұндай ұсыныстар бұқаралық ақпарат құралдарында аракідік жарияланып тұрды. Сарапшылар инвестициялық табысы инфляция деңгейінен әзер асатын қор тиімсіз деп түйінді жасаған. Азаматтар зейнетақы жинағында қаражаты болғанымен, оны басқару мүмкіндігі жоқтығын талай рет ашына айтты. Үкіметте де бұл проблема сан рет қаралды. Бірақ осыншалықты жоғары деңгейде сөз болғаны көптің көңіліне үміт бергендей. Ендігі жағдайда жылдан-жылға құнынан айырылған қаражатыңыз қазіргі маңызды деген проблемаңызды шешуге сеп болуы мүмкін.

Қазір зейнетақы жүйесіндегі қордаланған проблемалар тағы бір он жылда қиындықтарға алып келуі мүмкін екенін айт­қан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берді.

– Еліміздің зейнетақы жү­йесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қор­даланып қалған мәселе жеткілікті. Қазіргі кезде зей­нетақы жинағының жетіспеу­шілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан аза­маттар саны азаяды. Ал зей­неткерлер саны арта түседі. Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зей­нетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек, – деді Президент.

Жолдауда ақпарат алаңында айтылған мәселелер ескерілгені сөзсіз. Өйткені Қасым-Жомарт То­қаев халықтың көкейінде жүр­ген жайтты дөп басып айтты.

– Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зей­нетке шыққанға дейін пайда­ланғысы келетіні түсінікті жағ­дай. Жұмыс істейтін азаматтар өздер­інің зейнетақы жинағы­ның бір бөлігін белгілі бір мақ­сатқа, соның ішінде баспана са­тып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкі­метке тапсырамын, – деген ол шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақ­сатымен Үкіметке ортақ әлеу­меттік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмыл­дыру мәселесін пысықтауды тапсыратынын жеткізді.

Ендігі жерде бұл ұсыныс қалай жүзеге асырылмақ деген сауал туындайды. Жалпы, мұн­дай жүйе тиімді бола ма? Көп­шілігі бұл жаңалықты қуана қар­сы алғанымен, оны қолда­май­тындар да табылып жатыр. Мысалы, экономист Арман Бей­сенбаевтың мәлімдеуінше, бізде зейнетақы жинағының бір бө­лігін шешіп алған күннің өзінде оны айналымға салатын тиімді құралдар жеткіліксіз көрінеді. Сарапшы брокерлер мен сақтан­дырушы компанияларда актив­тер барын, бірақ оның өзі шетел­дік активтер екенін алға тартты. Ол: «Демек, біздегі зейнетақы жүйесі тағы да батыстағы на­рыққа жұмыс істейді. Сол себеп­ті, альтернатива қажет. Мысалы, мемлекет жылдық табысы тең­гемен алғанда 10-15 пайыздық облигациялар шығарсын. Аза­маттар оны сатып алады, ал Үкі­­мет табыстан түскен қара­жат­ты жүйені одан ары дамы­ту­ға жұм­сай бермек. Осындай жү­йе болса ғана біз қартты­ғымызға алаң­дамас едік» деп ой түйген.

Зейнетақы қорындағы қара­жат халыққа дәл бүгінгідей қол­жетімді болмаған шығар. Бірақ экономистер бұл қаражатты қай­да жұмсасам деп керемет жос­пар құруға әлі ерте екенін айтуда. Қордағы қаражатты кім көрінгенге тарата бермейтіні бе­сенеден белгілі. Тек жұмыс іс­тейтін азаматтарға жина­ғындағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берілетін шығар деген долбар да жоқ емес. Өйткені қартайғанда қаражатсыз қалу қаупі тым жоғары.



– Президенттің Жолдауында бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөлінді деп ойлаймын. Мысалы, шет мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар. Менің ойымша, өзінің зейнетақы жинағының біраз бөлігін жеке инвести­ция­лық мақсатта қолдану әділетті. Өкінішке қарай, бізде осы уа­қытқа дейін оған рұқсат беріл­ген жоқ. Қазіргі жағдайда аза­маттар әр ай сайын табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударып отырады. Бірақ түптеп келгенде, сонша жылдық еңбек өтілінен кейін қолына алатын ақшасы аз ғана болып шығады. Себебі, оны инфляция жеп қоя­ды немесе зейнетақы жинақ­та­рының инвестициялық табысы төмен болады. Сондықтан да азаматтардың белгілі бір дә­режеде зейнетақы жинақтарын жинауға және ұлғайтуға не бол­маса, оны өз бетінше басқаруға мүмкіндік беру қажет. Меніңше, Жолдауда осыған, яғни басқа­руға және жинақтарының біраз бөлігін уақытынан ерте алуға мүмкіндік беріліп отыр, – деді Мақсат Халық.

Экономистің айтуынша, әзір­ге шешім қандай азамат­тар­ға қолжетімді екені белгісіз. Және осы жерде бұл қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды.

– Дәл қазіргі жағдайда өте тиімді деп айта алмаймын. Өйткені зейнетақы қорында 8 млн теңгеден асатын жинағы бар азаматтардың үлесі 1-ақ пайыз. Бұл – бір. Ал көпшілігі тек 1 млн теңгенің айналасында ғана қаражат жинаған. Мұндай жинақтың бір бөлігін алу тиімді бола ма білмеймін. Бірақ ор­таша, яғни 4-5 млн теңге жинап қойған азаматтар да бар. Олар үшін жинағындағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін алу нәти­желі болар еді. Мысалға, 4 млн теңге жинап қойған болса, оның 2 млн теңгесін алып, ипотекаға алғашқы жарна ретінде құятын болса – құптарлық жағдай. Бұл Президенттің өзі айтып өт­кендей, Сингапурдың мыса­лында бар.

Қазір бізде «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы бар. Бірақ оның кең етек жаймай отырғанының екі себебі бар. Біріншіден, халық­тың шектен тыс несие алып қой­ғандығы. Басында несие бол­ғандықтан, банктер дәл осы бағ­дарлама бойынша несие бе­руден бас тартады. Екінші фак­тор көпшілігінің бере салатын 20 пайыздық алғашқы жарнасы да жоқ. Сондықтан да, менің ойым­ша, бірінші факторға сай қа­рызданған азаматтардың са­нын азайту үшін 300 мың теңге кешірілді. Екіншіден, ең бол­маса алғашқы жарнасын төлеу үшін зейнетақы қорындағы қа­ражатты пайдалануға мүм­кіндік берілмек.

Тағы бір мәселе бар, ол – зей­нетақы аннуитеті. Яғни, зейнет­ке шыққанда сіз осы жолды таңдай аласыз. Аннуитет деген сөз – егер зейнетақы қорында жеткілікті қаражатты жинай алсаңыз, жасыңызға жетпей зейнетке шығып кете аласыз. Қазір оның шектік мөлшерін 8 млн теңге деп белгілеген екен. Демек, сіз осы соманы жина­саңыз, мысалы 50 жасыңызда зейнетке шығып кетуіңізге болады және ол қаражатыңызды зейнетақы қорынан алып, сақ­тандыру қорына аудара аласыз. Осылайша, ары қарай сақтан­дыру қоры сізге зейнетақы тө­леп тұрады, – дейді маман.

Одан бөлек, экономист зей­нетақы жинағындағы қара­жатты білім алуға жұмсау туралы да ұсынысты қолдай­тынын жеткізді. Тіпті іс жүзінде қалай болуы мүмкін екенін де тәптіштеп айтып берді.

– Мысалы, балаңыз Бри­та­нияда оқығысы келсе, 2-3 млн тең­гені алып, соның ақысын тө­­лей аласыз. Балаңыз мықты ма­ман болып келсе, ол ақшаны бір-екі айда қайтарып алуға бо­лады. Осындай тиімді шешім­дерге инвестициялауға болады деген ойдамын. Тағы бір мысал айтуға болады, егер балаңыз үйленіп, бірақ бас­панасыз жүр­ген болса, оған да ипотеканың алғашқы жарнасын төлеп бер­се­ңіз, ары қарай жас­тарға да жеңіл болары сөзсіз. Осылай біраз мә­се­ленің түйінін шешуге болады. Дәл қазір үй алып кете алатын адамдардың қатары аз да шы­ғар, бірақ мил­лион теңге болса да ол азамат­тарға үлкен көмек болады деп ойлаймын, – дейді ол.

Экономистің ойынша, бұл процесс іске асып, ары қарай қозғала бастаса, азаматтардың өзі зейнетақы қорына көбірек ақша аударуға ынталы болмақ. Қызметіне кіріскен тұста Пре­зидент Қ.Тоқаев Ұлттық банкке халықтың қаржы реттеушіге деген сенімін арттыруды тап­сырған еді. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу туралы шешім халыққа мотивация бо­лып, зейнетақы қорына көбірек қаражат аударып отыруға ынталы болар ма еді?!

– Өткенде жарнаны 15 па­йызға өсіреміз дегенде қоғам наразылық танытты. Өйткені нақты табысы онсыз да төмен ха­лық қалтасынан тағы да 5 па­йыз төлегісі келмейді. Егер сізде зейнетақы қорындағы қара­жа­тыңыз арқылы үлкен мәселе­ңізді шешуге мүмкіндік пайда болса, онда әрбір азамат зей­нетақы қорындағы қаражатына көңіл бөлер еді. Ол өсіп жатыр ма, мен мынадай көлемде қара­жат жинауым үшін қанша тең­геден аударып отырғаным дұ­рыс деп ойлана бастайды. Сонда халықта тезірек жинақтап, зей­нетке шығып, өзінің пробле­маларын шешуге ынта, моти­ва­ция пайда болады деп ойлай­мын, – дейді Мақсат Халық.

Ал қазақстандықтардың зей­нетақы жинағында нақты қан­дай өзгерістер болатыны бір жыл­дан соң белгілі болмақ. Өйт­кені Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес, осынша мер­зім ішінде атқарушы ор­гандар жобаны әзірлеп шығуы тиіс.

Кәмила ДҮЙСЕН