Еуразиялық интеграция институтында «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттарды сарапшылық талдау» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – Президент Жолдауында айтылған басты міндеттерді талқылау. Кездесуге тарих ғылымдарының кандидаты А.Ешмұратов, саясаттанушы К.Майгелдинов, PhD докторлар – Д.Базаров пен Д.Айкенова, әлеуметтік ғылым магистрлері Е.Руднева мен Е.Аманғосов қатысты.
Жолдауды талдау барысында модератор Д.Жанділдин Мемлекет басшысы көрсеткен мәселелерге тоқталды. Кіріспе сөзінде Жолдаудың саяси маусымды ашып, елдегі әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі белгілегенін атап өтті. Арман Ешмұратов алдағы өзгерістердің ел кәдесіне жарарын айтты. Жыл сайын оқуға түсе алмай қалатын 21 мыңға жуық мектеп түлегіне кәсіби бағыт-бағдар беру саясаты жөнінде ой қозғады. Е.Руднева болса, оңалту орталықтарының жұмысын жақсартуға, инклюзивті қоғам құруға қатысты пікірін білдірді.
– Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» жобасы жайы айтылды. Бұл жоба 2018 жылы Елбасының қараша айындағы Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағытында аталған еді. Президентіміз «Ауыл – ел бесігі» жобасы ары қарай жалғасатын мәлімдеді. Қосымша 90 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бізде халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Урбанизация жұмысы жүріп жатыр. Ауыл халқын жұмыспен қамту, жағдайын жасау – жобаның негізгі мақсаты. Осы бағыт қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «үш мамандық иесі жұмыссыз қалмайды» деген сөз бар. Біріншісі – мұғалімдер. Олар – ұлтқа тәрбие беріп, болашаққа бағдар жасайтындар. Екіншісі – дәрігерлер. Ұлт саулығы солардың қолында. Үшіншісі – диқаншылар. Халықтың тоқшылықта өмір сүруін бақылайтындар. Осы үштік лайықты қызмет етуі үшін «Ауыл – ел бесігі» сияқты жобалар көбеюі керек, – дейді Дәурен Ермекұлы.
Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер орталығының бас маманы Еркебұлан Аманғосовтың баяндамасында жұмыссыздық мәселесі, халықтың несие алу статистикасы көрсетілген. Маманның айтуынша, елорда тұрғындары алған несиесін өтегенде, күнкөріс қамына керекті қаражаттан қысылады екен.
– Мысалы, елордалықтар арасында несиелік ахуалды анықтау мақсатында өткізілген зерттеу барысында әр үшінші респондентте қаржылық міндеттеменің екі түрі болса, ал 4,7 пайызында төрт түрлі қарыз бар. Әсіресе, кең таралған қарыз түрі – ломбард пен несиелік карта қарызы. Зерттеуде көрсетілгендей, респонденттер арасында несиені жабу үшін несие алатындар бар.
Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионға артқан, – дейді Еркебұлан Аманғосов.
Сондай-ақ кездесуде Жолдаудың стратегиялық, экономикалық, саяси даму векторларын атап қоймай, көкейкесті мәселелер мен оларды заң деңгейінде шешу жолы белгіленгенін жеткізді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ