Қазақстан үшін агроөндірістік кешен – ел экономикасының маңызды секторының бірі. Ол – мемлекеттің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігіне кепілдік болатын сала. Ғалымдардың есептеуінше, Кеңес Одағы тұсында республикамыздың агроөндіріс саласы ЖІӨ-нің 26%-на дейін беріп отырған жылдар болыпты. Қазір оның мөлшері 5%-ға жетер-жетпес деңгейде.
Дегенмен ауылшаруашылық өндірісінің 1%-ға ұлғаюы саладағы қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды айтпағанда ауылшаруашылық техникаларын жасау мен химия өнеркәсібін дамыту ісін едәуір ынталандырды. Нәтижесінде, өнеркәсіптегі өндірістің 4%-ға өсуіне жол ашып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта республикамызда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің шамамен 80%-ы шикізат түрінде нарыққа шығуда. Негізгі проблема қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаты аз. Ал дайын өнімнің бәсекеге қабілеті төмен. Ішкі нарықта азық-түлік импортының үлесі жоғары болғаны да осы себептен.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері ішінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінде 18 рет министр ауысыпты (төртеуі саланы екі рет басқарған). Олардың ішінде кім жоқ дейсіз? Агроном, зоотехник, механик, экономист, заңгер және басқа да мамандар саланы басқарды. Кеткен министрлердің мамандығында аса шаруамыз жоқ, жалпы дипломы басқа болғанымен басқа саланы басқарып отыру – біздің қоғамда аса таңсық та емес. Әйтсе де, олардың басшылығымен осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама мен жобаның жазылып, жарияланғаны анық. Нәтиже бергені бар, қағаз жүзінде қалып кеткені де қаншама?! Білетініміз барлығына бюджеттен ауқымды қаржы кезең-кезеңімен бөлініп, жұмсалып жатты.
Қаржы демекші, бұл сала да бюджет ақшасынан кенде қалып көрген жоқ. Соңғы бес жылда агроөнеркәсіпке бөлінген субсидия көлемі екі еселенген. Былтырдың өзінде ол сумма 46 млрд теңгеден асыпты. Алайда осыншама қаражатқа қарамастан, ет және ет өнімдерінің импорты ырыққа көнбей-ақ тұр. Мәселен, 2016 жылы сырттан келген жылқы еті 900 тонна болса, 2018 жылы көрсеткіш 2,5 есе өскен.
2011 жылы қабылданған «Ірі қара етінің экспортын дамыту» бағдарламасы бойынша Қазақстан 2011-2016 жылдары аралығында ет экспорты жөнінен үлкен секіріс жасап, сыртқа 60 мың тонна ет сатады. Ал 2020 жылға қарай ол көрсеткіш жылына 180 мың тоннаға жетеді деген уәделі мәлімдемелер жасалған-ды. Алайда экспортқа арналған бұл жоспар орындалмады. Мемлекет бір ғана сиыр етінің өзінен ішкі қажеттілікті жабу көрсеткішіне толық жете алмады (2018 жылдың қорытындысы бойынша – 98%).
Бір қызығы, ет өндірісінің көрсеткіші бойынша дерек те түрліше кездеседі. Мысалға, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2018 жылы ет экспортының көлемі 34,4 мың тоннаға жеткен (оның ішінде сиыр еті 18,8 мың тонна) болса, Статистика комитетінің есебінде, былтыр экспорт көлемі 16,73 мың тоннаны ғана құраған. Оның ішінде сиыр етінің көлемі – 3,66 мың тонна. Яғни, жоғарыдағы дерекпен салыстырғанда екі, бес есе аз.
Ел үкіметі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы арқылы 2027 жылға дейін мүйізді ірі қара басын 15 миллион басқа жеткізуді межелеп отыр. Ұзақ мерзімге бағытталған жоба нәтижесін берсе, енді 8 жылдан кейін сиыр еті мен қой етінің экспортынан 2,4 млрд доллар табыс түседі деп күтілуде.
Алайда етті сыртқы нарыққа шығару оңай емес. Агроөнеркәсіп саласында өнімнің өзіндік құны әлі де жоғары. Баға жанар-жағармайдан бастап, жем-шөпке дейін түгелдей өсіп жатыр. Тек шілде айының өзінде тауық еті 1,6 %-ға қымбаттаса, жылқы еті – 2,9%, қой еті 2,3%-ға өскен.
Ауыл шаруашылығы саласында көптеген сауалдың басы ашық қалып барады. Ең басты мәселе – қолдағы малға жем-шөп тауып беру қиынға соғып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда халыққа арнаған Жолдауында да айрықша тоқталды. Үкіметке дамыған өнеркәсіп кешенін құруды тапсырған Президент: «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі – аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ. Керісінше, фермерлерге жем-шөп дайындайтын жердің жетіспеуіне байланысты болып отыр. Мал азығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен», – деп мал шаруашылығындағы ең басты мәселені айтты.
Шынында, елімізде мал азығымен қамту көрсеткіші 58%-дың айналасында ғана. Мал азығы базасын құру көрсеткіші өте төмен. Соңғы жылдары төрт түлікті көбейтіп, ет экспортын дамыту мақсатында шетелден он мыңдаған асылтұқымды мал басын әкелгенімізбен, жем-шөп дайындау ісі толық шешілген жоқ. Құрғақшылық салдарынан жайылымдық жердің шөбі сұйылып, шабындыққа шөп шықпай кеткен. Елімізде асылтұқымды түлік саны көбейгенімен, оларды азықтандыруға, күтіп-баптауға кететін шығын өзін-өзі ақтамай отыр. Естуімізше, еліміздің оңтүстігіндегі тұрғындар малдың қысқы азығын дайындаудың шығынынан қашып, Өзбекстан мен Қырғызстанға арзан бағаға сатып құтылуға асығып жатыр деседі. Демек, біраз жылдан бері шеттен мал басын импорттап жатқанымыз ішкі нарықтағы ет өндірісі проблемасын шеше алмайтынына көз жетті. «Мал баққанға бітеді» деген халқымыз. Жем-шөбі жетіспесе, мал басы да өспесі анық.
Пікір:
Қанат МӘМИЕВ,
ШҚО Аягөз ауданы «Жомарт» шаруа қожалығының иесі:
– Малды қыстан алып шығу бізге қып-қызыл шығынға түсіп отыр. Менің қожалығымда 300 бас ірі қара, 250 бас жылқы бар. Қойдың басын бір отардан қысқартып, 60-қа түсірдім. Өйткені, бағатын қойшы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, қысқы шөбін тауып беру мұңға айналды. Биыл қолымда бар малдың қысқы азығына деп 1,5 мың руллон шөп түсірдім, әлі 4 мың руллондай шөп керек. Біздің өңірде қыс қатты. Желтоқсан айының ортасында мал шөпке тұрып қалады да, сәуірдің басына дейін жайылысқа шыға алмайды. Шөптің шығымы жылдан-жылға азайып барады. Шабындықтан мол түсім түспегендіктен тау-тауды қуалап, қиырдағы жерден шөп тасимыз. Солярка сатып алуға биылдың өзінде 1,5 млн теңге шығындалдым. Оның литрін 175 теңгеден аламыз. Жалпы, мал сатып алуға мемлекеттен субсидия және басқа да жеңілдікпен берілетін қаржы көздері қарастырылған. Бізге керегі жем-шөп жинауға көмек. Жақында Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жолдауында да осы мәселе айтылғанын естіп, көріп қуанып отырмыз. Алдағы уақытта Үкімет осы мәселені шешіп берсе, мал басын әлі де көбейтер едік.