Беларусь бостандық үшін күресуде

Беларусь бостандық үшін күресуде

Сенат спикері Наталья Кочанова қайтадан сайланған президент Александр Лукашенконың қарсы­лық акциясында ұсталған азамат­тардың мәселесін «шешуді» бұйыр­ғанын жеткізді. – Бізге  соғыс  қажет  емес. Пре­зи­дент соңғы күндері ұсталған еңбек ұжымдарының мәселесін шешіп, әр істі мұқият қарауды тапсырды. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар атқа­рылып жатыр, – деді. Мыңдаған азамат  бұдан былай заңсыз митинг­терге шықпау жөнінде қолхатқа қол қойып боса­тылған. Ал кәмелетке толмаған жасөс­пірімдерді ата-аналарының бақы­лауына жіберген. Беларусь БАҚ-тары «БелАЗ» автокөлік зауытының өкілдері кейбір әріптестерінің жұмысты тоқтат­қанына байланысты ереуілге шықты деп хабарлаған еді. Бірақ ВВС зауытта жұмыстың тоқта­тылмағанын анық­тады. Керісінше, жұмысшылар жергілікті қала бас­шысымен кездесіп, қордаланған мәселелерді шешуді сұраған. Жұ­мыс­шылардың талабы мынау: «Полиция біз шығар­ған көліктерге мініп алып, ойына келген заң­сыздықты жасап жүр. Біз бұған шы­дамаймыз. Басшылық күштік құ­рылымдармен хабар­лассын!» Минскіде «Белмедпрепарат», «Кера­мин» сияқты кәсіпорындардың да жұмысшылары ереуілге шыққан. Сондай-ақ «МАЗ» зауытының өкілдері де Лукашенкоға қарсылық танытқан. Жаппай ереуілдер күштік құры­лымдардың ішкі ауызбіршілігіне де әсер етіп жатыр. Мәселен, 17 жыл милицияда қызмет еткен капитан Егор Емельянов отставкаға кететінін жария­лады. Капитанның жары Мари­на Емельянованың айтуынша, мұның артынша оның жолдасын тәртіп бұзды деген сылтаумен қа­мауға алған. Минск көшелеріне ақ көйлек киіп, қолдарына гүл ұстаған 250 әйел шығып, күш қолдануға қарсы флеш-моб ұйымдастырды. Олар орта­лық­тағы Тәуелсіздік көшесінің бойы­мен жүріп өтті. Автокөлік жүргізушілері оларды қолдады. Ал полиция бұл флеш-мобқа араласпай, сырттай бақылап тұрды. Беларусьтің Ішкі істер министр­лігінің өкілдері күн санап ереуіл­дердің күші қайтып жатыр деп мә­лімдеді. Соған қарамастан, ереуілдің төртінші-бесінші күндері ел аза­маттарына қарсы көз жасаура­татын газ, резина оқтары қолданыл­ған. Ал ІІМ өкілдері авто­көлік иелерінің полиция қызмет­керлерін қасақана қағып өткенін жеткіз­ді. Күштік құрылымның баспа­сөз-релизінде қарсылық акциясында 103 құқық қорғаушының зардап шегіп, оның 28-інің ауруханаға түскені жазылған. Әлеуметтік желілерде керісінше автөкөлік иелері­нің емес, полиция қыз­меткерлерінің күш көрсетіп жатқанын айғақтайтын видеолар таралып жатыр. Батыс БАҚ-тары жексенбі күні дауыс беру аяқталған­нан кейінгі ереуілдерден кейін жалпы саны 7 мыңнан астам азаматтың қамалғанын жеткізіп отыр. Еуроодақтың Сыртқы істер министрлері бас қосып, Беларусь елінде өткен президент сайлауы мен ереуілдерді басу әрекеттерін, сондай-ақ Лукашенко мен бірқатар шенеу­нік­ке қарсы санкцияларды қайта қолдану бастамасын талқылады. Екінші жағынан, еуропалық қауым­дастық бұл шешімнен кейін Бела­русьті Ресей «құшағына баса ма» деп қорқады. Англияның Беларусь елін­де­гі бұрынғы елшісі Найджел Гулд-Дэвис оппози­цияны қудалауға бас­­­­та­машы болған лауазымды тұл­ғалар­ға қарсы жеке санкциялар қол­дану қажет дейді. Өз кезегінде экс-елші: – Беларусь елінде болашақта не боларын біз білмейміз, бірақ қазіргі жағдай – артқа шегініс: тек наразы топты репрессиялау ғана емес, Свет­лана Тихановскаяны елден кеті­ріп, арнайы мәлімдеме жаса­туының өзі керітартпалық, – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ел халқына кері әсер етуі мүмкін эконо­микалық санкция­ларды қолдануға болмайды. Естеріңізге сала кетсек, 2016  жылға дейін ЕО Лукашенко мен биліктегі 200 тұлғаға қарсы тұлғалық санкция енгіздірген еді. Қазір сарапшылар Беларусьті Ресейге итермелемейтін қысым жолдарын қолдануға болмайды деген ұста­нымда.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ