Алматылық «Қайрат» армениялық «Ноа» командасымен, ал шымкенттік «Ордабасы» румыниялық «Ботошани» клубымен кездеседі. Бір жақсысы, алғашқы айналымда бақ сынайтын командаларымыз өз алаңында ойнайды.
«Ордабасының» қарсыласы «Ботошани» командасының Еурокубоктардағы тәжірибесі аса бай емес. Бұған дейін бір мәрте ғана Еуропа лигасының іріктеуіне қатысқан команданы жеңуге мүмкіндігіміз жоғары. Оның үстіне, өз алаңымызда ойнаймыз. – Қағаз жүзінде «Ордабасы» – «Ботошани» жұбының фавориті қазақстандық команда. Әсіресе ойыншылардың трансферлік бағасы тұрғысынан шымкенттіктер алда тұр. «Ботошани» ойыншыларының трансфер нарығындағы жалпы бағасы 9,5 млн еуро болса, «Ордабасы» ойыншыларыныкі – 12,4 млн еуро. Шымкенттіктер Еуропа лигасының іріктеуіне алтыншы рет қатысқалы отыр. Бірақ іс жүзінде «Ордабасыны» бұл жұптың фавориті деп айту қиын. Кахабер Цхададзе шәкірттері 2019 жылдың қараша айынан бері төрт-ақ ресми кездесу өткізді. Оның өзінде бір рет қана жеңіске жетті. Премьер лигада «Тараз» бен «Шахтерден» жеңілді. «Шахтермен» өткен ойыннан бері де бір жарым айға жуық уақыт өтті. Чемпионаттың қашан басталатыны әлі анық емес. Оның үстіне, команданың шабуыл шебі ақсап тұр. Алдыңғы шепте бірнеше мықты легионер болғанымен, топырлатып гол соғатын шабуылшы табылмай тұр. Демек ойын тәжірибесі жоқ, шабуылшылары гол соғуға қырсыздау «Ордабасы» үшін «Ботошани» үлкен сынақ болайын деп тұр, – дейді спорт сарапшысы Қуанышхан Өмірхан. Ал Prosport.kz сайтының журналисі Фараби Әбдіхалық «Қайраттың» қарсыласы армениялық «Ноа» командасының мықты тұсын айтып өтті. Ол сондай-ақ әңгіме арасында Шпилевский шәкірттерінің Еуропа лигасының топтық кезеңде ойнауға қарым-қабілеттері жететінін тілге тиек етті. – Футбол сахнасына шыққанына 3 жыл ғана өтсе де, «Ноа» екі мәрте кубок еншілеп үлгерді. Екі күн бұрын Суперкубокты жеңіп алғаны, әрине, қазақстандық жанкүйерлер үшін аз да болса қорқыныш туғызатыны жасырын емес. Армениялық команда қазіргі таңда бабында екені сөзсіз. Оның үстіне, «Қайратпен» кездеспес бұрын «Ноа» ел біріншілігінде екі ойын өткізеді. Ал еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты біздің командалар мәжбүрлі демалыста. Әйткенмен, матч Алматыда өтетін болғандықтан, «Қайрат» қандай жағдайда болмасын, армениялық клубты артта қалдырып, келесі кезең жолдамасын қанжығаға байлауға тиіс, – дейді Фараби. «Қайрат» командасының бас бапкері Шпилевский журналистерге: «Карантинге байланысты ұзақ уақыт ресми ойындар ойналмады. Бірақ командалар бір-бірімен жолдастық кездесулер өткізді. Менің командамдағы футболшылардың көңіл күйлері өте жоғары. Олар ойынның тезірек басталғанын күтіп жүр» деп сұхбат беріпті. Біз де елімізде футбол маусымының тезірек жалғасқанын тағатсыздана күтіп жүрміз. Еурокубоктық ойындардың іріктеу матчтары да әне-міне дегенше басталады. Командаларымыздың қауқары қай шамаға дейін жетер екен? Бәрінен де жанкүйерлерге сол қызық. Алғашқы іріктеу кезеңдерінде сүрініп масқара болмасақ жарар. Қалғанын уақыты келгенде көрерміз.Абылайхан ЖҰМАШ