Төрт құбыламыз түгелденді» деп айтуға әлі ертерек шығар. Дегенмен бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ерікті еліміздің берік іргетасы қаланды. Саяси салмағы артып, экономикасы дамыған, жасампаз халқы бар мемлекеттердің ортасында атымыз аталып жатады
Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды
Күлтегін
Қоғамның дамуы шиеленіске толы, оны шешу жолдары табандылықты қажет ететін күрделі процесс. Ал қоғам мүшелерінің сан салалы сұраныстарын қамтамасыз ету – дамыған іргелі мемлекеттердің өзіне де оңайға түспейтін мәселе.
Егемендік алғанына небәрі ширек ғасырдан жаңа ғана асқан, тәуелсіз, демократиялық даму жолын таңдап алған Қазақстан Республикасы да әлемдік кеңістіктегі өзінің тарихи орнын анықтап алу жолында сәтті қадамдар жасауда.
«Төрт құбыламыз түгелденді» деп айтуға әлі ертерек шығар. Дегенмен бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ерікті еліміздің берік іргетасы қаланды. Саяси салмағы артып, экономикасы дамыған, жасампаз халқы бар мемлекеттердің ортасында атымыз аталып жатады.
«Көш жүре түзеледі» деген дана бабаларымыз.
Мақсатымыз биік, жоспарымыз айқын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың туған халқына арнаған алғашқы Жолдауымен танысып, үлкен толқуды бастан кешіргенімізді жасыра алмаймыз.
Осы сәттен бастап мемлекетіміздің тарихи дамуының жаңа, жауапты кезеңінің жұлдызы жанғандай.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың салып кеткен сара жолы – ұзақ жылдардағы ізденістер мен толғаныстардың жемісі әрі жеңісі.
«Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген бастама толағай табыстарға жетудің жолдарын ашты. Мемлекетіміздің іргетасы бекем, тұғыры тиянақты жағдайға жеттік.
Халықтар достығының бастауынан сусындаған жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бұл күндері қазақ жерін «Алтын бесігім» қазақ елін «туған Отаным» деп санайды.
Осы ұлы қозғалыстың ұйытқысы – мемлекетіміздің этникалық негізін құрайтын жасампаз қазақ ұлты болғаны қандай мақтаныш.
Ұлы Абылай бабамыздың:
– Қазақтың қайран даласын,
Жағасы жайлау ел етсем.
Мерейін биік, бағын зор,
Ырысын шалқар көл етсем, – деген асыл арманының орындалған шағы осы болар.
Елімізде өркениетті қоғам орнады.
Мемлекет, қоғам мен азаматтардың арасындағы қарым-қатынастар бірінші кезекте олардың Ата заңымызбен, басқа да заңнамалармен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын шынайы түрде қамтамасыз ету жолымен қалыптасты.
Отанымыздың басты байлығы – Қазақстан халқы өздерінің мүдделерін қорғайтын, сындарлы кезеңдерде сая бола алатын мемлекеттік биліктің бар екенін сезінеді және оған арқа сүйейді.
Мемлекетіміздің қоғамдық, саяси, әлеуметтік өмірі халықаралық талаптарға жауап беретін жолдармен дамып келеді. Азаматтық қоғам белсенділері мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу шараларына ат салысуда.
Елімізде қоғамдық келісімді қалыптастыру және нығайту жолында қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.
Жолдауды қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру кезеңінің келгені атап өтілді.
Мемлекеттік биліктің дербес саласы – сот билігінің қоғамдағы орны мен ролі айрықша екені көпшілікке мәлім.
Қоғамдық тепе-теңдікті сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында орын алған дауларды заңнамада айқындалған жолдармен әділетті түрде шешу, сот төрелігінің тиімділігін арттыру – сот жүйесі мамандарының абыройлы да жауапты міндеті.
Қабылданған сот актілерінің сапалы болуы бірінші кезекте судьялардың кәсіби шеберліктеріне, өмір тәжірибелеріне, өзінің таңдап алған мамандығына деген адалдығына байланысты. Сондықтан Жолдауда азаматтар мен мемлекеттің мүдделері тең дәрежеде қорғалуы тиіс деген мәселеге назар аударылуы бірінші кезекте сот билігіне деген халық сенімінің артуына жол ашатын болады.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында судья процессуалдық белсенділік танытуға және заңнамаларға осы өкілеттіктерді айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Қоғамдағы саяси ахуалды және азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ауыр және өте ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылатын жазалардың түрі мен мерзімін қайта қарастыру туралы мәселе де орынды көтеріліп отыр деп есептейміз.
Ел экономикасының қарқындап дамуын қамтамасыз ету үшін инвестициялық, корпоративтік, басқа да нарықтық қатынастардан туындайтын дауларды материалдық және процестік заңнамалар шеңберінде шешу өмір талабы екенін естен шығармау қажет.
Еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінде болып жатқан қоғамдық қатынастардың барлығына да сот билігінің қатынасы бар.
Болашақ – жастардың еншісінде
Еліміздің көк байрағын аспан төрінде желбірете көтеріп жүру, салтымыз бен даңқымызға нұқсан келтірмеу – келешек ұрпаққа ұсынар аманатымыз.
Ұлттық құндылықтарымыз – үлкенге құрмет, кішіге ізет, тіліміз бен дінімізге айрықша көзқарас, отбасылық қатынастар, бала тәрбиесі – біздің басты байлығымыз.
Білімді ұрпақ – еліміздің даңқын халықаралық сахнаға шығаратын, Отанын ата-анасындай қастерлей білетін, патриотизм рухында тәрбиеленген ұлы қозғаушы күш.
Еліміздің кіндігі – ауыл
Асқаралы тауларымыз, жазиралы жайлауымыз, дархан даламыз, жарқыраған өзен-көлдеріміз, көз сүйсіндіретін ормандарымыз – данышпан балаларымыздан қалған асыл мұралар.
Апайтөс, алып мемлекеттердің қатарынан көрінудің кілті – өз қолымызда.
Береке мен бірлік, достық пен татулық, бізді ұлы жеңістерге бастайды.
Мемлекет басшысы жариялаған Жолдаудың бүкіл мәтінінен жарқын болашақтың, жасампаздықтың жаңғырығы естіліп тұрғандай.
Айтылған сөз айқын істермен, шуақты шаралармен көмкерілуі қажет.
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қайсар, рухы небір қатерлі сындарда сыр бермеген халықтың ұрпағымыз.
Алтайдан Атырауға дейін созылған қасиетті жеріміз – біздің алтын бесігіміз.
Осы жер бесікте талай ұрпақ өсіп жетілді, жерінің қорғаушысы, елінің қамқоры бола білді.
Біз пейілі кең, арманы асқақ, жүрегі таза халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да бейбіт күн нұрына шомылып, бақытты өмір сүруге лайықпыз!
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,
Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы