Оқу жылы басталып кетсе де, мектеп формасының жыры әлі бітер емес. «Балам қатардан қалмасыншы» деп, қарапайым ата-ана қалтасының түбін қағып та үлгерді. Көпбалалы аналар мемлекет таратқан тегін форманың сапасының сын көтермейтіндігін айтып дабыл да қақты. Бірыңғай мектеп формасына көшу туралы заң 2003 жылдан бастап енгiзiлген. Арада 16 жыл өтсе де бірыңғай форма республика мектептерінде бірізділікке түскен жоқ.
Ал 2016 жылы Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы шығып, бұл мәселеге нүкте қойылғандай еді. «Еді» деп екіұштылау сөйлеуіміз негізсіз емес. Осы бұйрық бойынша бастаманы бірінші болып қолға алған Нұр-Сұлтанның өзінде бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Ата-аналар мен қоғам белсенділері бүкіл Қазақстанға ортақ форма болса дейді. Көшіп-қонуға байланысты, әртүрлі жағдайлармен бір жылда бірнеше рет мектеп ауыстыратын отбасылар қаншама? Сондайда сол мектептің формасын аламыз деп шығынға шаш етектен батпас еді. Әр мектептің формасының түрі де, бағасы да әртүрлі. Бүгінде жұрт арасында желдей ескен әңгімелерге қарасақ, мектеп формасын бизнеске айналдырып, бармақ басты, көз қыстымен жеке тігін цехтарын, сауда нүктелерін ашып отырған мектептер де жетерлік көрінеді.
Ал біз айтып отырған бұйрықта оқушылар арасындағы бөлінушілік пен кемсітушілікті болдырмау мақсатында мектеп формасының жалпыға бірдей болуы атап көрсетілген. Онда «Зайырлы мемлекеттің жас жеткіншектері классикалық үлгіде киінуге міндетті. Мектеп формасы бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден, яғни қара және қою көк түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді» делінген.
Реформалаудан көз ашпайтын білім саласының экс-министрі Ерлан Сағадиев: «Мектепте бірыңғай форма болуы керек. Ол бұйрықта жазылған. Бірақ ол қандай форма болатынын мектеп өзі шешеді. Байқау комитеттері, ата-аналар комитеттері жиналып, үлгісін, форма түрін талқылап, бір шешімге келеді. Мәселен, ол форма ұнамаса мектепке барып айту керек. Бізде бұйрық бойынша бір мектепте бірыңғай форма болуы қажет деп жазылған. Ол қандай форма, қай жерде шығарылған, үлгісі қандай деген мәселелерді мектеп шешеді», – деді кезінде. Бұл бұйрық қабылданғаннан кейін әр аймақ өзім білемге салынып, мектептер жаппай формаланды. Осылайша, бірыңғай формаға көшеміз деу мектептерді жікке бөлуге алып келді.
Фейсбук желісінің қолданушысы Төлеген Құралбаев осы мәселе жөнінде: «Мектеп формасы мектептердің атына (лицей, гимназия, дарын, нзм, т.с.с), қарай бөлінбеуі керек. Барлығына ортақ бір үлгіде, қысы-жазы дүкен сөрелерінде қолжетімді бағада сатылғаны жөн. Бай баласы да, қатардағы жұмысшының баласы да ұялмай киетіндей сапалы, мықты дизайнердің үлгісі болуы керек. Неге КСРО кезіндегі мектеп формасын халық ұмытпайды? Жарасымды, қонымды, әдемі және ұзақ уақыт кие алатындай сапалы болғандықтан» деген пікір қалдырыпты.
«Балам Нұр-Сұлтан қаласындағы №78 мектепке барады. Бізге тек Glasman-ның киімдерін кию керек екенін айтты. Бұл қою көк түсті болғаннан кейін, оны қайдан, қалай алып кисек те бәрібір емес пе? Әркім қалтасы көтергенін алады. Сондықтан мектеп басшылығы мұндай тапсырманы бермеуі керек», – дейді Салтанат Әмір есімді ата-ана.
Ал тағы бір ата-ана Жайсаң Қойшыбаева салмақты себептерімен баласын Нұр-Сұлтан қаласындағы №57 мектептен Шымкент қаласына ауыстырып алуға құжат жинап жүр. «Елордалық оқушылар бірдей қою көк түсті киім киеді ғой. Біз сондай оқу формасын сатып алып қойған едік. Ал ендігі баратын білім ошағымызда мүлдем басқа форма екен. Отбасылық жағдаймен осындай көшіп-қонуға мәжбүр болғандықтан, алдын ала киім жағын ойластырмадық. Енді ол қалаға барып, басқа формаға тапсырыс беруіміз керек. Бұл оңай емес», – дейді ол.
Бүгінде бірыңғай мектеп формасы деп жиі айтылғанмен, еліміздің әр өңірінде осындай мәселелер жиі көрініс тауып отыр. Демек,әлі бірізділік жоқ. Оның үстіне орта мектеп, лицей, гимназия боп бөлінетіндіктен, олардың да киім кию үлгісі бөлек-бөлек.
«Мектебімізде министрліктің бұйрығы бойынша, қалалық білім басқармасының шешімімен бірыңғай бекітілген форма кию міндеттеледі. Ол – өздеріңізге белгілі қою көк, классикалық үлгідегі форма. Оқушыларымыз осы үдеден шығып киінсе болды. «Бір жерден алу керек» деген әңгімені айтпаймыз. Олай айтуға болмайды. Онсыз да баға мен сапа сан құбылып тұрған мына заманда, ата-ана осындай мәселеге бас ауыртпауы керек. Олар өздері қалаған киімді талапқа сай ете алады», – дейді №7 мектеп-гимназияның директоры Жанат Тұрысбекқызы.
Расында да, тазалық пен тәртіптің айнасына айналған мектеп формасы бәріне ортақ болғаны жөн. Оқушы мектепке сән жарыстыруға емес, білім алуға барады. Әлеуметтік теңсіздік мектеп өмірінде көрініс алмай, Қазақстанның болашақ азаматтары мектеп қабырғасынан тең құқылы екенін сезініп өскенге не жетсін.
Әр мектеп түсін өзгертпегенімен, түрін өзгертіп, өз дегендерін осылай жасай берсе, не болады? Әу баста қалтаны қақпаудың, әлеуметтік теңсіздікті жоюдың амалымен жасалынған бірыңғай форманың артықшылығы қайда? Олай болмаса, неге кез келген мектепке жарайтын, кез келген жерден сатып ала алатын форманы кигізе бермейді?
Қалың сұрақтың жұқа ғана жауабын беруі тиіс Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені шешуге неге құлықсыз?
Көктем ҚАРҚЫН