Ақылы жолдардың бойында ұрлық азаймай тұр
Ақылы жолдардың бойында ұрлық азаймай тұр
251
оқылды

Қазақстанның ақылы учаскелерінде 35 шақырым электр желісі ұрланды. Бұл туралы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жол қызметінің күнделікті тексеру жұмыстарына қарамастан, ақылы учаскелерде жол элементтерін ұрлау фактілері азаймай тұр. Мәселен, «Нұр-Сұлтан – Щучинск» учаскесінде 2018 жылдан бастап 10 ұрлық фактісі тіркелген. Кабельдер мен үй жануарлардың жолға шықпауы үшін орнатылған арнайы қоршаулармен қатар, басқа да бағалы техникалық-құралдар қолды болды. 2018 жылдың сәуір айында демалыс алаңындағы беседка, ал тамыз айында ақылы учаскеден дизельді-генератор ұрланған. Сонымен қатар, 7 дана жарық прожекторы, 30-ға жуық жарық беретін құрылғы, 412 бірлік консоль жоғалды. Сондай-ақ, белгісіз біреулер «Нұр-Сұлтан – Теміртау» учаскесінде 5 мың метрден астам қоршауды алып кеткен.

Кабельдер мен қоршауларды ұрлау фактілері Алматы облысындағы ақылы учаскелерде де жиі тіркеледі. Мәселен, «Алматы-Қорғас» ақылы жолындағы қайта жаңарту жұмыстарынан кейін учаскеден 35 шақырым электр желісі ұрланған. Алайда, бұл аталмыш учаскедегі ұрлық фактілерінің бастамасы ғана. Байсерке, Ақбастау және Қазатком жол айырығында 3 трансформатор ұрланған.

Ал, «Алматы-Қапшағай» учаскесіндегі үш рет ұрланған электр желілерінің жалпы көлемі 6 шақырымға жетеді. Жолдың бойындағы демалыс алаңдарынан орындық пен үстелдермен қатар, аялдама павильондарын ұрлаған фактілер де тіркеліп отыр.

Ұрлау фактілері анықталғаннан кейін Дирекция қызметкерлері шұғыл түрде ішкі істер бөліміне хабар береді. Полиция қызметкерлері оқиға орнында акт жасап, 1 тәуліктің ішінде ресми хат жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізеді.

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жол белгілерін ұрлау жолдағы қауіпсіздікке әсер ететінін ескертеді.