Алдағы уақытта пойызға шығарып салушылар мен күтіп алушылар перронға өтпейді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі пилоттық жоба туралы түсіндірді.
Бөгде келушілерге перронға өткізбеуді біздің министрлік ұсынды. Әзірге «Нұрлы жол» мен Қарағанды вокзалына осы жүйені енгізіп, турникеттер қойып, перронға тек жолаушылар жіберіледі. Бұл тәжірибе көптеген елдерде бар. Шығарып салатын адамдар вокзалда қоштасуы тиіс», – деді ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл шара алыпсатарлар мен билетсіз жолаушылардың перронға өтуіне жол бермейді.
«Пилоттық жоба ретінде «Қазақстан темір жолы» компаниясымен талқылап жатырмыз. Бұл жобаның қаржылық шығындары да бар», – деді Ж.Тайжанов.