Жер бетінде әр 40 секунд сайын өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы орын алады. Жалпылай алғанда бір жыл ішінде қайғылы жағдайға 800 мыңдай адам душар болуда. Мұндай мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жариялап отыр.
2016 жылы әлемде 100 мың адамға шаққанда 10,5 суицид оқиғасы тіркелген. ДДҰ-ның хабарлауынша, қайғылы қазаға ұшырайтындардың жартысынан көбі 45 жасқа дейінгілер.
Өз-өзіне қол жұмсау ісі бойынша Ресейдегі жағдай әлемдік орташа көрсеткіштерден 2,5 есе (100 мың адамға шаққанда 26,5 оқиға) асып кеткен. Бұл – Лесото (28,9) мен Гайана (30,2) мемлекеттерінен кейінгі көрсеткіш.
«Салыстыра қарайтын болсақ, Беларусияда бұл көрсеткіш 21,4 оқиғаны құраса, Украинада – 18,5; АҚШ – 13,7; Канадада – 10,4; Израильде – 5,2»,– деп мәлімдеді ДДҰ.
Ұйымның дерегінше, 2016 жылы Ресей Федерациясында 44 673 адам суицидтің құрбаны болған.