Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау екенін айтты. Ол сонымен қатар Абайдың рухани мұрасын зерделеу, насихаттау мақсатында атқарылатын іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Отырыста Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы сөз сөйлеп, мерейтойға орай жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы айтты.
Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және итальян) аударылып, шығарылады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаға әртүрлі елден үздік кәсіби аудармашылар және Қазақстанның жетекші абайтанушылары қатысатынын айтты. Абай еңбектерінің халықаралық таныстырылымын Қазақстанның елшіліктерінде, шет елдердегі оқу орындарда, зерттеу және мәдени орталықтарда өткізу жоспарлануда.
Халықаралық Түркі академиясы да Абай еңбектерін түркі халықтарының тілдеріне аударып, шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жиында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсірілетіні сөз болды. Мәдениет және спорт министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» республикалық шығармашылық конкурстары шеңберінде мерейтойға арналған жаңа көркем, поэтикалық, музыкалық және түрлі жанрлардағы шығармаларды жазуға оннан астам номинация тағайындады.
ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдарының гала-концерті және танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Мерейтойға арналған халықаралық конференция елорда төрінде өткізіледі. Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бойынша театрландырылған қойылымдар, музей экспонаттарын, кітап көрмелерін, шығармашылық конкурстар мен фестивальдерді, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да іс-шараларды жоспарлап отыр.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Абай» операсы қойылымының Түркия, Ресей және Қытайға гастрольдері жоспарланған.
Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, еліміздің барлық мектебінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олимпиаданың жеңімпаздары мен лауреаттарына Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болды.
Мұғалімдер мен оқытушылар арасында Абай шығармашылығын оқытудың үздік әдістемесі бойынша да конкурстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ еліміздің барлық жоғары оқу орынында ұлы ойшылдың мұраларын жастар арасында насихаттауға бағытталған конференциялар мен симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, поэзия кештері форматындағы «Абай оқулары», Абай шығармаларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша конкурстар, флеш-мобтар, челлендждер және басқа да әртүрлі форматтағы көптеген іс-шара жоспарланды.
Мемлекеттік комиссияның отырысында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі ұсыныстары бойынша сөз сөйледі. Ол өз кезегінде Абай мұрасын жүйелеу және жаңаша сапалы ғылыми зерделеу мақсатында Гумилев атындағы ЕҰУ базасында «Абай академиясын» ашу, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемін ұлғайту қарастырылғанын айтты.
Алдағы жылы Абайдың шығармашылық мұрасы және мерейтойлық тақырып еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының медиа жобаларында, интернетте және әлеуметтік желілерде айрықша орын алуы керек. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен және бүгінде жаһандық сипатқа ие болған #МенАбайдыоқимын челленджі әлеуметтік желілерде ойдағыдай жалғасын табуда. Сондай-ақ ақынның мұраларын цифрлау және электронды форматқа көшіру шеңберінде «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы (www.abaialemi.kz) жаңғыртылады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атап өткендей, масс-медиада және интернет желісінде кең түрде тарату арқылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше телевизиялық және радиобағдарламалардың, арнайы хабарлардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарланып отыр.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру.
Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне Абайдың 175 жылдық тақырыбын мемлекеттік ақпараттық саясаттың міндетті тақырыптық тізілімге енгізуді және бұл жұмысқа республиканың және өңірлердің ең танымал БАҚ-тарын тартуды тапсырды. Сондай-ақ АҚДМ және әкімдерге 2020 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы шығармашылық одақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың ақынның мұрасын насихаттау жөніндегі жобаларына кең түрде қолдау көрсетуді тапсырды.
Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені мен Абайдың музей-үйін, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын реставрациялау жоспарға енген.
Басқосу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов облыстың күшімен Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылатынын және Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру.
Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын Мемлекеттік комиссияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.
Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның да отырысын өткізді.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі, – деді М.Тәжин отырыстың ашылуында.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалары туралы баяндады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов мерейтой шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол сонымен қатар «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ірі ғылыми конференцияға дайындық жұмыстары басталғанын айтты.
Жиында Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін аудару, оларды жарыққа шығару, деректі фильмдер мен телерадио бағдарламалар түсіру, еліміздің барлық жоғары оқу орынында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени акция өткізу тапсырылды.