«Nur Otan» партиясының праймериз өткізіп, партия ішіндегі іріктеу жұмыстарын жүргізетіні былтыр белгілі болған. Ал Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияішілік іріктеу өткізу туралы қаулыға биыл маусымда қол қойған еді. Сөйтіп, үміткерлер еліміздегі ең ірі партияның атынан Парламент Мәжілісіне, барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутат болу, партияның, оның филиалдарының түрлі органдарында қызмет ету үшін аттарын ұсынуға мүмкіндік алды. Ал праймериз осы үміткерлерді партиялық тізімге енгізу үшін көпшіліктің таңдау жасауын қамтамасыз етеді. Кеше ресми түлде старт берілген шара нәтижесінде белсенді, азаматтық ұстанымы мығым, креатив азаматтар партия қатарын толықтыра түседі деген үміт бар. Одан бөлек, жастар мен әйелдердің саясатқа араласу деңгейі де артуы әбден мүмкін. Өйткені саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға ұсынатын партиялық тізімінде жастар мен әйелдерге арнайы квота белгілеу биыл заң жүзінде бекітілген болатын. Демек, саяси процестердің бойына «жаңа қан» жүгірейін деп тұр. Ал олар қоғамның трансформациялануына үлес қосуы тиіс.
Бұқара праймеризге қызығушылық танытты
Праймериз өтетіні туралы ресми түрде жарияланған маусым айынан бері өзін ұсынып, бақ сынап көргісі келетіндер қатары күрт өскені байқалады. 5 маусымнан 11 тамызға дейін «Nur Otan» партиясының түрлі деңгейдегі қоғамдық қабылдау бөлімдеріне ел бойынша 16 897 өтініш түскен. Әрине, бұл өтініштің барлығын тікелей праймеризге қатысуға ниет білдірген азаматтардың тілегі деуге келмес. Алайда қоғамдық қабылдауға хабарласқан азаматтардың сауалдары праймериздің қалай өтетініне, кімдердің қатыса алатынынан және партияішілік іріктеудің өзге де ерекшеліктеріне қатысты болған. Яғни, қоғам өкілдері праймеризге немқұрайды қарамағаны байқалады. Оған партияның қоғамдық қабылдауларына хабарласқан азаматтар көтерген мәселелерді жіктеп-жіліктесек көзіміз айқын жетеді. Мәселен, жалпы партияға жолданған 17 мыңға жуық өтініш пен сауалдың 49 пайызы немесе 8 276-сының иесі праймериз ұғымын, оның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруді сұраған. 4 134 өтініштің иесі үміткерді тіркеуді өтініпті. 1 114 адам дауыс беру тәртібін білмекке ұмтылған. 1 107 өтініш иесі партия қатарына өтуге шешім қабылдағанын білдіріпті. Одан бөлек, 820 адам пікірталас өткізудің, 772 адам үміткердің үгіт-насихат жұмыстарының мән-жайын білмек болған. Сонымен бірге 674 адам аймақтық квота және Қазақстан халқы Ассамблеясынан өкілдердің болатын-болмайтынын сұраған.Әйелдердің үлесі басым
«Nur Otan» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен өтініштер мен сауалдардың 51 пайызы әйелдерден келіпті. Бұл дегеніңіз – праймериз әйелдер қауымына қозғау салғанын аңғартады. Яғни, былтырдан бері қатты белсеніп, елдегі әлеуметтік мәселелерге биліктің назарын аударуды көздеген әйелдердің арасында праймеризден үміт күтіп, партияішілік іріктеу арқылы заң шығарушы және уәкілетті органдар жұмысына атсалысуды көздейтіндер бар деген сөз. Бұл өз кезегінде өзекті мәселелерді шешуге әжептәуір ықпал етері сөзсіз. Алайда қолда бар деректерге қарағанда, жастардың белсенділігі әзірге тым жоғары емес. Атап айтқанда, біз сөз етіп отырған 17 мыңға жуық сауал мен өтініштің 19 пайызын ғана 29 жасқа жетпеген жастар жолдапты. Ал 30-44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі 50 пайыз болса, 45-60 жас аралығындағылардың үлесі – 28 пайыз. Бұл дегеніңіз – жастардың саяси процестерге құлшынысының егде адамдарға қарағанда әлі де төмендеу екенін байқатады. Бірақ үміткерлерді тіркеу 17 тамыздан басталғанын, оның 28 тамызға дейін жалғасатынын ескерсек, праймеризге қатысатын жастар қатары өсуі де мүмкін. Біз тек қоғамдық қабылдау бөлімдеріне алдын ала хабарласқан азаматтардың дерегіне сүйеніп отырмыз. Ал маусымнан бері көптеген масс-медиа праймериз туралы кеңінен жазып, әлеуметтік желілерде түрлі бейнеролик жарияланғанын ескерсек, жастардың осынау ірі шараның тәртібінен хабардар болып отыруы бек мүмкін. Сондықтан үміткерлерді күзде санаймыз.Аймақтарда белсенді азаматтар көп
Праймеризге қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алмақ болған азаматтар санына қарасақ, кейбір аймақтарда саяси бесленділіктің арта түскені байқалады. Әсіресе, күнгей өңірлердің тұрғындары праймеризге қатты қызыққан. Мәселен, осынау саяси шараның мән-жайын білмек болып партияның қоғамдық қабылдауларына хабарласқандар саны Түркістан облысында 1 494 болса, Маңғыстауда 390 адам екен. Әрине, Маңғыстау облысы тұрғындарының саны аз екенін ескерсек, белсенділердің көп болмауы да түсінікті. Алайда миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласынан мәселенің мән-жайын білмек болған азаматтардың саны небәрі 395 қана болған. Ел астанасында белсенді азаматтардың көп болуы заңды еді, бірақ астаналықтар праймериз жайлы ақпараттармен толық таныс болды ма қайдам, әйтеуір қоғамдық қабылдауларға көп хабарласпапты. Алайда бұл праймериз елордалықтарды қызықтырмайды дегенді білдірмейді. Керісінше, бас шаһарда ресми түрде атын ұсынатындар қатары өсуі бек мүмкін. Оны да айдың соңында нақты білеміз. Айтпақшы, праймеризге қатысқысы келетін азаматтарды тіркеуден бөлек, үгіт-насихат, пікірталас өткізу тәрізді жұмыстар бар. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің әлеуметтік желілерде бөліскен ақпаратына қарағанда, үгіт-насихат жұмыстарына дайындық үшін үміткерлерге 7 күн беріліпті. Яғни, 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін насихат жұмысына дайындалады. Содан соң 7 қыркүйектен 3 қазанға дейін үгіт-насихат өтеді. Ал көпшілік алдындағы пікірталас 14-30 қыркүйек аралығында болады. Демек, пікірталастың өзі үгіт-насихаттың бір түрі болса керек. Содан соң 1-3 қыркүйекте дауыс беру шаралары өтеді. Сайлаушылар үміткерлерге электронды тәсілмен дауыс береді. Ол үшін арнайы портал құрылған. Бірақ интернет нашар аймақтарда сайлау учаскесіне барып қағаз бюллетень арқылы дауыс беру де қарастырылған. Қысқасы, праймеризге бұқараның жаппай қатысуына толық мүмкіндік бар. Ал дауыс беру нәтижелері 5 қазанда жарияланбақ. Бірақ праймеризде топ жарғандар бірден депутат болып кетеді екен деген ой туындамауы тиіс. Олардың рейтингі ғана белгілі болады. Бұл өз кезегінде үздіктерді партиялық тізімге енгізуге мүмкіндік бермек. Ал партиялардың өзара бәсекеге түсетін сайлауы кейін өтеді. Бірақ ол басқа әңгіме. P.S.Партияішілік іріктеу – «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушыларды тіркеу басталған күні 1 122 адам қатысуға ниет білдірді. Бұл праймериздің ықпалы мен нәтижесі біз күткеннен де зор болуы мүмкін екенін аңғартады.
Ардақ СҰЛТАН