Төлейтіні жинайтынына жуықтады
Төлейтіні жинайтынына жуықтады
191
оқылды

Қазақстанда бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне төленетін әлеуметтік төлем мөлшері 31 мың теңгеге жетті. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жарты миллионнан аса қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алыпты.

«2019 жылдың 8 айында 577 мыңнан астам қазақстан­дық­қа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) шамамен 129,9 миллиард тең­ге сомасында төлем төлен­ді. Айта кету керек, кейбір азамат­тар МӘСҚ-дан бір емес, бірнеше төлем түрін алады» дейді ми­нистр­лік.

Атап айтқанда, асыраушы­сы­нан айырылған жағдайда төленетін төлем сомасы 6,3 мил­лиард теңгені (тө­лем­дер­­дің жалпы көлемінің 4,9%-ы), еңбек қабілетінен айы­рыл­ған­дарға – 9,1 мил­лиард тең­гені (7%-ы), жұмысынан айы­рыл­ған­дарға – 2,9 млрд теңгені (2,3%-ы), жүктілігіне және бо­сануына, жаңа туған баланы асы­рап алуға байланысты та­бысынан айырылғандарға – 52,1 млрд теңгені (40,1%-ы), ба­ла бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты та­бысынан айырылған жағдайда­ғы төлем сомасы 59,5 млрд тең­гені (45,8%-ы) құрады.

Ведомствоның хабарлауын­ша, Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан жүкті­лігі­не және босануына, жаңа ту­ған баланы асырап алуға бай­ланысты аналарға төлене­тін төлемдердің орташа мөл­ше­рі 416 400 теңгеге, ал төлем алушылардың жалпы саны 134,7 мың адамға жеткен.

Бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін ­әлеу­мет­тік төлем мөлшері 31 052 тең­ге болды, ол 353,8 мың қа­зақ­стандыққа берілген.

Жұмысынан айрылу жағ­дайы бойынша 47 мың адам әлеу­меттік жәрдемақы алды, оның орташа мөлшері 22 401 тең­­гені құрады.

45,6 мыңнан астам қазақ­стандыққа асыраушысынан ай­рылуына орай төлемдер тө­ленді, олардың орташа мөл­шері – 17 578 теңгеге тең.

Еңбек ету қабілетінен айы­рылған тағы 82,9 мың азамат әлеу­меттік төлем алды. Тө­лемнің орташа мөлшері 14 855 теңгедей ғана. Сонымен қатар ең­бек ету қабілетінен және асы­раушысынан айы­рылу бойынша төлем алушы­ларға мем­лекеттік бюджет қа­ражаты есе­бінен қолдауқаржы бөлі­не­ді.

Бюджеттен бағытталға­ны­мен, бұл ақшалар әу баста өзге қазақстандықтар, жұмыс бе­рушілер қалтасынан шығаты­нын да ескерте кеткен жөн. 2019 жыл­дың 8 айында МӘСҚ-ға мін­детті әлеуметтік сақтан­дыру жүйесінің 5,9 миллион қа­тысушысы жалпы сомасы 161,9 миллиард теңге әлеумет­тік аударым аударған. Төлеуші­лердің бір бөлігі жалпы сомасы 0,3 млрд теңгеге әлеуметтік аударымды уақытылы аудар­мағаны үшін қосымша өсімпұл аударуға мәжбүр болды. Жыл басынан бері 171,4 мың адам «бі­рыңғай жиынтық төлем» (БЖТ) төлеген.

Бұл ретте төлем алушылар шығыны төлем аударушылар жарнасына жақындап қалғаны, 1 еңбеккер адам 1 қолдауға зәру жанды қаржылан­дыра­тыны анықталып отыр.


Ерік ЕРДЕНОВ