Айбарымызды аспандатар ескерткіш
Айбарымызды  аспандатар ескерткіш
393
оқылды

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің қос көсемі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ескерткіші ашылды.

Жайықты жағалай қон­ған жайсаң ел талай жыр қы­лып, аңсап жеткен осы қуа­­­нышқа Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Ғали Есқа­лиев, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ақын Ақ­ұш­тап Бақтыгереева, зия­лы қа­уым өкілдері, қала тұр­ғын­­­дары және Алматы, Аты­­­рау облысынан, Ресей Фе­­­де­рациясынан келген қо­нақ­­тарға қоса, облыс аудан­да­рынан арнайы келген батыс­қа­зақстандықтар да көп­теп қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­­масы бойынша қойылған ескерт­кіш Атырау бағытынан Орал қаласына кірер шамада Шаған өзенінің үстінен кө­пір­дің алдына орнатылды. Ұлт­тық рухты асқақтатар ком­­по­зи­ция­ның биіктігі – 13 метр, нақ­­ты­рақ айтқанда, қос ба­тыр­­дың биік­ті­гі – 5,5 метр­лік ат үстіндегі бей­­нелері қо­ла­­дан құйылса, 7,5 метрлік тұғы­ры граниттен қашалған. «Қара қазан, сары баланың қа­мы үшін», «Ереуіл атқа ер са­лып, егеулі найза қолға ал­ған» ерлерге арналған ком­по­­зицияның авторлары – Нұр-­­Сұлтан қаласының мү­сін­­­­­шілері Серік Рүстембеков, Ри­нат Әбенов және Ербол Зия­­беков. Ескерткіштің сал­та­­­натты ашылу рәсімінде Х.Бө­кеева атын­дағы Батыс Қа­зақ­стан об­лыстық қазақ дра­ма теа­трының артистері қос ба­тыр­дың образ­дарын аша­тын кө­рі­ніс­тер көр­сетіп, әжелер шашу шаш­ты.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған қауымды Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайман­ұлы­на арналған еңселі ес­керт­кіштің бой көтеруімен құттықтап:

– Біз үшін еркіндіктің, отан­­сүйгіштіктің және азат рух­тың сайыпқыраны болып та­бы­ла­тын Исатай мен Махамбет қан­дай құрметке де лайық. Елба­сымыздың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы – өш­ке­німіздің қайта жануына, бар­дың қадірін білуге сеп­ті­гін тигізуде. Ұлыларды қас­­терлеу – баршамыздың қа­сиет­ті борышымыз. Таяуда «Ұлытау – 2019» халықаралық ту­ристік форумында Мем­ле­­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты, та­ри­хи тұл­­ғаларды бағалай білу бар­­­шамыздың ортақ па­ры­зы­­мыз екенін атап өткен бо­­ла­тын. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсіл­дің төлі екеніңе заңды мақ­таныш туғызады» де­ген сөзі өміршең екені рас. Ақын­ның «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біз­дің бұл іске…» деген жыр жол­дарын рухтанбай оқу мүмкін емес. Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады. Алаш ардақтысы Исатайды батыр қолбасшы ғана емес, айбынды азамат, ақылы асқан жауынгер ретінде де өте жоғары баға­лап, ерекше құрметтеген. «Же­тімдерге жем бердім, Жесір­лерге жер бердім. Сырлы зерен аяқ­пен – Бал ұрттаған ер едім» деп, Исатай батырдың қайтпас қайсар қайратты ер, халық қамқоршысы образын жасады. Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға ти­ген Исатай мен Махамбеттің есім­дерін елі ардақтап, ер­лік­терін халқы ешқашан ұмытпайды. Қос батырдың еңселі ескерткіші орнатылған бұл жер енді қас­терлі де қа­сиетті орынға айналары хақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің «Мәң­гілік ел» болу жолындағы мәртебесін әрдайым асқақ­тата түседі. Қазақтың ба­тыр да айбынды ха­лық екенін сезіндіріп, алыс­тан назар тартып, рухы­мызды аспандатып, абы­­ройымызды асқақ­та­­тып, Отанның ортақ мүд­десі үшін ұлы істерге же­те­лері анық. Ендеше, ба­тыр бабаларымыздың рухы баршамызды әр­да­йым жебеп жүрсін! – деді.

Мемлекеттік жә­не халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғы­­­ның иегері, ақын Ақ­ұш­тап Бақты­герее­ва ба­тыр­лардың ескерт­кі­шіне тәу етіп, ескерт­кіш­тің ұлт­тық рухты көте­ру үшін салын­ғанын ай­тып, елді бірлікке шақырды.

– Туған ел мен жерге, ұлттық мүддеге қал­т­қысыз қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, ұлттың да, халықтың да ұмытуға хақы жоқ. Бүгін біз соған куәміз. Дәл қазір біз тұрған жерде Ма­­хам­бет ақынның аяғының ізі жатыр. «Еділ мен Жайық екі өзен, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім…» деген еді. Сол аңсаған еркіндіктің ақ ор­дасы бар бүгін. Ендеше, әр ата-ана соларға лайық еңкеймей кіретін, намысты, рухты етіп өз ұлын өсіруі керек. Әрбір адам «Бабалар алдындағы, рух алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, әлде жоқ па?» деп ойлануы керек. Бұл – әркімнің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Намыстарыңыз қалғыған кез­де осы жерге келіңіздер, жан­дарыңыз қиналса да, осын­да келіңіздер. Рухы жоқ ұлт­ты кім көрінген мазақ ете­ді, кім көрінген аяқасты қылады. Сол рухты көтеру үшін осы ескерткіш қойылып отыр. Әділдік аңсасаңыздар Махамбеттің өлеңін оқыңыз­дар! – деп сөз саптаған Ақұштап ақынның жан тебіренісі қалың көпшілікті толқытты.

– Тәуелсіздік қазаққа көк­тен түскен сый емес. Тәуел­сіз­дік үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шаһид кетті, итжеккенге айдалды, түр­меге тоғытылды, атыл­ды, асылды. Исатай мен Ма­хамбет тарихын Қазақ да­­ла­­сындағы 300-ге жуық ұлт­-азаттық күрес тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Қазақ оқымыстыларының ішінде ең алғаш Исатай мен Махамбет тарихы туралы тірнектеп жинап, мұқият зерделеп, жүре­гінен өткізген – ғалым, энциклопедист, күнбатыс Алаш­ордасының көсемі Ха­­лел Досмұхамедов. Ол өз еңбе­гін­де «Кіші жүздің Ре­сейге қосылғанынан ке­йін­гі 150 жыл­дық тарихы – қан­мен жа­зыл­ған тарих» деп келтіреді. Жоғарыда айтқан 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің дені осы Қазақстанның батыс өңі­рін­де өткенін зерттеушілер тарихи еңбектерінде растайды. Мұның барлығы қазақтың ұлттық рухын жоғары дәре­жеге көтеретін уақыттың кел­­генін көрсетеді. Исатай мен Махамбет шын мәнінде ар­қа­лаған қоғамдық жүгімен және азаматтық, адамгершілік үлгісімен кейінгі ұрпаққа ұлы өнеге қалдырған тұлғалар, – деген Білім беру ісінің үз­ді­гі, Махамбет Өтемісұлы атын­дағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік университетіне қарасты «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орта­лы­ғының жетекшісі, тарих ғы­лымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев ежелгі және мәңгілік құндылық Тәуелсіздігімізді қадірлеп-қастерлеудің мән-маңызына тоқталды.

Салтанатты жиыннан соң ресми тұлғаларға қоса, ел-жұрт «Еділ үшін егескен, Жайық үшін жандасқан, Қиғаш үшін қырылған» қос баһадүрдің қола ескерткіші­нің іргесін гүлмен көмкерді.


Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ