Нәсібін кәсіптен тапқандар
Нәсібін кәсіптен тапқандар
347
оқылды

Шымкент қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдар­ла­ма­сы» тиянақты жүзеге асырылып келеді.

Бағдарламаға қатысу­шы­ның бірі 25 жастағы шым­кент­тік Рүстем Тойчиев өт­­кен жылы кәсіпкерлік мек­­те­бінде «шаштараз» маман­ды­ғы бойынша білім алды. Сертификатқа қол жеткізген ол өзінің бала күнгі арманымен осы істі дамыту үшін мем­ле­­кеттік грантқа құжат тап­сыр­ған. «Менің ата-бабам да, әкем де, бауырларым да бар­лығы шаштараз кәсібін мең­гер­ген. Атакәсібіміз болған істі қолға алғаныма 13 жыл болды. 7-сыныптан бастап ағаларымның жанында жүріп тәжірибе жинадым. Есейе келе осы саламен түпкілікті ай­­налысып келемін. Алайда мүм­­кіндігімді жеке кәсіп ре­тінде ашып, пайдалана ал­май жүргендіктен, әрі шаш­­­­тараздықтың техни­ка­ла­рын толық меңгеру үшін бі­лім алуды жөн санадым. Сер­тификат ала салысымен мем­лекеттік грантқа құ­жат тапсырдым. Шүкір, мем­­лекеттің қолдауымен қай­та­рым­сыз 252 мың 500 теңге ұтып алдым. Оған шаштаразға қажетті біраз құрал-жабдық сатып алдым», – дейді Рүстем бізбен әңгімесінде.

Бүгінде ол Шымкент қала­­сындағы орталықта орна­лас­қан барбершопта жұмыс істейді. Мұнда әр шаштараз өзінің құрал-жабдығымен келуі тиіс деген талап қойыл­ған. Тапқан табысының 50 пайызы шаштараз иесіне тө­­ленеді. Рүстемнің ендігі ар­ма­ны – жеке шаштараз ашу. Барбершопта әбден шың­да­лып, тәжірибеден өткен на­ғыз маманның жұмыс істей ала­тыны белгілі. Сондықтан мұн­да көбіне қонақтар, белгілі, танымал азаматтар, соны­мен бірге клиенттер келе­ді. Мұн­да­ғы мамандардың қыз­мет­ақысы да қымбат.

Рүстем мемлекеттің жас­­тар­ға жасап жатқан қолдау­ла­рына ризашылығын білді­ре­ді. Алайда өз ісін дөңгелету үшін әлі де қолының қысқа­лы­ғын, жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Себебі, ондай несиеге қол жеткізу үшін кепілге қоя­тын баспанаң немесе тұ­рақ­ты жалақысы бар екі кепілгер қажет. Ал 3 баласымен пә­тер жалдап тұратын ол бұл та­лап­тар­ды орындай алмай­ды.

«Әлі ешкім қолға алмаған бизнес-жоспар түзіп қойған­мын. Осы саланың басы-қа­­сында 13 жылдан бері жүр­­гендіктен табыстың қа­лай келетінін білемін. Жеңіл­де­тіл­ген несиеге қол жеткізсем, Құ­дай қаласа 2 жылда-ақ қай­­тарар едім» дейді Рүстем Баха­дыр­ұлы.

Ал мемлекеттік бағдар­ла­ма­ның тағы бір қатысушысы Айнұр Полатай Шымкент қа­ла­сындағы ОҚМПИ-дің «әлеу­­меттік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығын өт­­кен жылы тамамдапты. Айнұр Абдықасымқызы Шым­­кент қаласы әкімдігінің ха­лықты жұмыспен қамту орта­лығы арқылы осында «Жастар практикасы» бағдар­ламасымен 6 ай жұмыс істе­ген. Мерзімі біткен соң осын­да тұрақты жұмысқа қал­ған. Бүгінде «іс қағаздар жүр­гі­зу­шісі» болып жұмысқа орна­лас­қан жас маман мемле­кет­тің жастарға жасап оты­р­­­ған бұл мүмкіндігіне ерек­­ше ризашылығын білдір­ді. «Ел­басымыз биылғы жылды «Жас­­тар жылы» деп жария­ла­­ды. Жастарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылуда. Егер осы бағдарлама болма­ған­да әлі жұмыс таппай жүрер ме едім? Оқу орнын енді бітірген маманды қызметке кім қа­был­­дай қойсын? 6 ай бойы мем­­­лекет есебінен жалақы ала жү­ріп, осында шыңдалдым, тәжі­рибе жинадым. Басшылық жұ­мыс істей алатыныма әбден көз жеткізген соң тұрақты жұ­мыс­қа қабылдады», – дейді Айнұр.

Шымкент қаласы әкімді­гі­нің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры мін­д­етін уақытша атқарушы Шағ­дат Әсет қалада аталған бағ­дарламаға биыл 30 031 аза­мат қатысуы қажеттігін айта­ды. Бүгінде оның 20 105-і жұ­мыспен қамтылып отыр. «Бағ­дарламаның бірінші бағы­ты – кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту бойынша қысқамерзімді қайта даярлау мен кәсіби оқуға 5000 адам­ды жіберу жоспарланса, оның 3227-і білім алды. Ал екін­ші бағытындағы жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бойынша 75 жоба несиелендіруі тиіс болса, қазір оның 42-і орындалды. Соны­мен қатар 4502 азаматқа жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін грант қаралып, 67-і қазіргі таңда тиісті қайтарым­сыз қаржыға қол жеткізді. Жаңа жобаларды жүзеге асыруда», – дейді Шағдат Әсетұлы.

Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қам­туға жәрдемдесу. Бұл тұр­­ғыда қалалық халықты жұ­мыс­пен қамту орталығы тара­пынан бүгінде 422 адам әлеу­меттік жұмыс орын­да­рына тартылса, 2708 жас жас­­тар практикасы бағ­дар­­ламасымен жұмысқа жіберіл­ген. 2236 жұмыссыз ақылы қо­­ғамдық жұмыстарға тар­ты­­л­уда. «Жастар – ел тірегі» жал­­­пыұлттық жобасы аясында қазір­гі таңда 1295 жас орталық тарапынан оқуға жолдама алыпты. Сондай-ақ бағдарлама ая­сында 485 мүмкіндігі шек­теулі жан жұмыспен қам­тыл­-
ған.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы