Жайықта – жаңа көпір

Жайықта – жаңа көпір

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының тұсында Жайық өзенінен өтетін қалқымалы көпір пайдалануға берілді. Бұл нысанның ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысып, аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Шынтуайтына келгенде, бұл – тек Ақжайық ауданының ғана емес, көршілес Теректі ауданының біраз елдімекеніне де ортақ қуаныш. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық­тың мұң-мұқтажына, орынды талап-тілегіне сергек қарауды би­ліктің барша буынынан талап ету­де. Осыған орай аудан орта­лығындағы көпірдің құры­лысына облыстық бюджеттен 175 млн теңге қаржы бөлінді.

– Өздеріңізге белгілі, Ақ­жа­йық ауданында Жайық өзенінің екі жағын жағалай қоныстанған 52 елдімекен бар. Жайықтың сол жағында ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны мекендейтін 19 ауыл орналасқан. Жайықтың Бұқар бетіндегі ауылдардың тұр­ғындары аудан орталығына қа­тынау үшін күні бүгінге де­йін біраз әбігерге түсіп келгені шүбәсіз. Олар Чапаев ауылына жету үшін Орал қаласы арқылы не­месе көршілес Атырау об­лы­­­сының Индер ауданы ор­та­­лығының тұсындағы кө­пір­ден өтіп келуге мәжбүр бол­ды. Мысалы, Көнеккеткен, Құ­райлысай, Сайқұдық тұр­ғын­дары аудан орталығына жету үшін осы күнге дейін 250 шақырым жол жүрсе, енді олар небары 25-50 шақырым жол жүретін болады. Бұл жол қаты­насы 5-10 есе қысқарып, қара­пайым халықтың уақыты үнем­де­леді деген сөз. Ең бастысы, Жайықтың екі жағында тұратын ағайындарымыз бір-бірін жиі көруге мүмкіндік алды, – деді облыс әкімі.

Ғали Нәжімеденұлының сө­зі­не қарағанда, көпірді өзіміздің отандық өнім деуге негіз бар. Өйт­кені көпірдің 80%-ы қа­зақ­стандық материалдан жа­сал­­ған. Сонымен қатар өңір бас­шысы тоғыз жолдың тора­бын­­да орналасқан Чапаев ауы­лы тұсынан керілген қал­­қымалы көпір ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапа­сы­ның артуына оң ықпал ете­тінін атап өтті. Әрине, жаңа кө­­пір жолаушы мен жүк тасы­ма­­лын арттырып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жа­ңа серпін бермек. Себебі, оны­мен тек Ақжайық ауданы тұр­ғын­дары ғана емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады.

Шара барысында өңір бас­шы­сы көпірді құрастырған Орал кеме жасау және кеме жөндеу ме­ке­месіне, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық мамандарға ризашылығын білдіріп, «Жаңа кө­пір ел игілігіне, облыстың қа­же­тіне қызмет ете берсін!» деген тілегін алға тартты.

Мердігер мекеменің, яғни Орал кеме жасау және кеме жөн­деу зауытының директоры Владимир Самсонов ұзындығы – 126 метр, ені – 6 метр бола­тын кө­­пір 3 бөліктен тұратынын жә­не оның бірі ажырамалы еке­нін айтып өтті. Көпірдің жүк кө­те­рімділігі – 60 тонна. Құрылыс жұ­мыс­тары 6 ай ішінде аяқ-талды.   

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы