Ақтауда 15 жаста шаңырақ көтерген жеткіншектердің әрекеті сынға ілікті. Тойдың бейнежазбалары әлеуметтік желіге таралып кеткеннен кейін полиция бұл әрекетке мойын бұрған.
Тойды жасөспірімдер осыдан бір жыл бұрын яғни өткен жылдың шілдесінде жасаған. Бұл ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан жасөспірімдердің әрекеті сынға ілікті. Көбі жастардың өзі мен ата-анасына кінә артты. Алайда, қалыңдық бұл шешімді қос жақтың да ата-анасы қолдағанын айтады.
Қазақстанда некеге 18 жастан отыруға болады. Егер маңызды себептері болса, тіркеу органдары некеге тұру жасын екі жылға шегеруі мүмкін. «Қазақстан Республикасында некеге тұру жасы екі жылға дейін шегерілуі мүмкін. Жүктілік немесе дүниеге сәби әкелу болса, бұл неке жасын шегеруге маңызды себеп саналады», - дейді «Ақтау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» қалалық басқармасының жетекшісі Айша Елемесова. Ол бұл жас жұбайлардың тіркелмегенін атап өтті.
Жеткіншектердің неке қиғандарын жергілікті мешіт те растамай отыр. Имам мұндай жастармен ешқандай неке қию жүргізілмейтінін алға тартты. «Бірінші кезекте олардың төлқұжаттары, АХАЖ бөлімінен неке туралы ресми құжаттары болуы тиіс. Біз бұны талап етеміз. Бұрын мұндай жайттар болған, кейіннен заңмен тыйым салынды, сондықтан біз заңнан аспаймыз. Шаңырақ көтерген бұл жұп бізге келген жоқ», - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Сейітбек Смайыл.
"Астана" телеарнасының ақпарына сәйкес, жас жұбайларға полиция да мойын бұрған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерим Ибадуллаеваның айтуынша бұл іс қала әкімдігіне қарасты кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бөліміне жіберілетін болады осы арқылы ата-аналарына да тиісті шаралар қолданылады.
Атап өтерлігі, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 16 жаста үйленген 4 жұптың некесі тіркелген.
Мұрат Жалғас