«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль магистралінде орналасқан «Нұр жолы» кеден бекетінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы валютаны заңсыз өткізу фактілері анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
4 қыркүйек күні аталған бекет қызметкерлері, шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қазақстаннан Қытайға шығатын әкімшілік залда жүргізілген кедендік бақылау кезінде 10 203 АҚШ долларын алып өтпек болған Тәжікстан азаматын ұстады. Ал 29 тамызда 1971 жылы туған, 90 603 юаньмен 3000 теңгені алып өтуге әрекет жасаған Қытай азаматы, 27 тамызда 1992 жылы туған 10 000 АҚШ долларын және 119 200 теңгені алып өтпек болған Шымкент қаласының азаматы ұсталған болатын.Бұл фактілер «Лэсси» атты қызметтік итті қолдану арқылы анықталған. Ақшаны заңсыз жолмен алып өтпек болғандардың іс-әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болғандықтан, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан шекарасын кез келген көлік құралымен (әуе, жер, су) өту кезінде, бір адамға шаққанда қандай да бір валютада жалпы сомасы 10 000 АҚШ доллардан асатын ақша қаражатын декларациялау керек. Декларацияланған ақша салықтан, кедендік баждардан босатылады.
Тұмар Мырза