«Экономикаға қызмет етпейтін қаржы институттары». Бір сөзбен біздегі банктердің қызметін отандық сарапшылар да, халықаралық мамандар да осылай сипаттап берді. Қаржылық есептілік депозитариі жақында банктердің басқарма мүшелері 2018 жыл үшін қанша сыйақы алғаны туралы ақпарат жариялады. Бұл мәлімет қоғам белсенділері тарапынан наразылық туындатты. Жеке сектор болғанына қарамастан банктер мемлекеттің «асырауында» отыр деп есептейді әлеуметтік желі қолданушылары. Тіпті, Президентпен кездесу барысында Ұлттық кеңес мүшелері де қаржы институттарының шектен тыс қаржылай қолдау көріп жатқанын жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық банктер биржа ережелеріне сай, басқарма мүшелерінің сыйақы мөлшері жайлы ақпаратпен бөлісуі тиіс. Ресми дерекке сенсек, 2018 жылы ең көп табыс тапқан Kaspi Bank, Халық банкі және ForteBank жетекшілері екен. Одан бөлек, топ-менеджерлерге бонус беріп отырғандардың арасында мемлекеттен қаржылай көмек алған банктер де бар болып шықты. Атап айтқанда, АТФ банкі – 150 млрд теңге, Еуразиялық банк – 150 млрд теңге, Цеснабанк – 100 млрд теңге, ал ЦентрКредит банкі – 60 млрд теңге. Кейіннен RBK банкі де (243,7 млрд теңге) осылардың қатарына қосылған.
Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Данияр Ақышев «Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы қатысушы банктерге 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 794,3 млрд теңге сомаға проблемалық қарыздарды есептен шығаруға мүмкіндік берді. Қатысушы банктер сомасы 1,2 трлн теңге болатын «нашар» активтерді төмендету бойынша міндеттемелер алды», – деген еді.
Talap қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың пікірінше, қазіргі ақша-кредит саясаты өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ.
– Соңғы 10 жылда банктер тікелей немесе жанама түрде мемлекеттен 20 млрд АҚШ долларына тең қаржылай көмек алды. Қазіргі ақша-кредит саясаты «инфляциялық таргеттеу» деп аталып жүргенімен, шын мәнінде, инфляциялық таргеттеу емес. Негізінде бұл жүйе екінші деңгейлі банктердің мүддесі үшін жұмыс істейді. Өйткені еркін өтімділікті тәуекелсіз жоғары сыйақы мөлшерлемесімен орналастырып, өте үлкен көлемде табыс тауып отыр. Бұл банктердің экономика мен бизнесті кредиттеуін доғаруына әкеліп соқтырады. Дәлел ретінде мына деректерді келтіруге болады: жалпы табыстың 45 пайызы – кредит арқылы келген кіріс, ал қалғаны басқа табыс көздерінен. Осылайша, бұл ақша-кредит саясаты Қазақстан экономикасына орасан зор залал келтіруде. Біздің эконометрикалық есептеу амалымызға сай қазіргі ақша-кредит саясатының қоғамға келтіріп отырған шығынының жалпы мөлшері халықтың әл-ауқатының кем дегенде 3,2 пайызына тең. Сондықтан Ұлттық кеңес мүшелері бірігіп, Президентке ақша-кредит саясатын оптимизациялау, курсты мобилизациялау тұрғысында әлеуметтік пікірталас жасауды ұсындық. Сондықтан банктердің миллиардтаған бонустары ұнамсыз болып көрінеді, – дейді ол.
Сарапшының сөз етіп отырғаны халықаралық рейтинг агенттіктерінің де назарынан тыс қалмапты. Мысалы, Standart&Poor’s елімізде банктік кредиттеудің әлсіз өсімі байқалатынын хабарлады. Агенттік мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға қарамастан, ел экономикасындағы ең басты проблема банк секторы болып отыр деп көрсеткен. Сонымен бірге, S&P 2019 жылы банктік кредиттеу айтарлықтай өспейтінін, осылайша экономикалық белсенділікті әлсіз ынталандыратынын жеткізді. S&P пікірінше, бұл елде несиеге қабілетті қарыз алушылардың жоқтығына да тікелей байланысты. Одан бөлек, агенттік Қазақстанның банк секторындағы жұмыс істемейтін қарыздардың деңгейін 20-25 пайыз деп бағалайды. Ал Ұлттық банктің ресми статистикасы бойынша, бұл көрсеткіш – 9,4 пайыз.
АТФ банкі – 150 млрд теңге, Еуразиялық банк – 150 млрд теңге, Цеснабанк – 100 млрд теңге, ЦентрКредит банкі – 60 млрд теңге. RBK банкі 243,7 млрд теңгені топ-менеджерлеріне бонус ретінде төледі.
Сонымен қатар S&P Қазақстан Ұлттық банкінің сенімділігі мен тәуелсіздігінің проблемаларына да ерекше назар аударды. Агенттік банктік несиелеудің әлсіз өсуі бар жүйеде артық өтімділіктің болуы байқалады деп жазды. «Мүмкін бұл «нарықтағы 3 трлн теңге болатын өтімділікті Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттары «құрғатады», осылайша «демотивация» жасап, банктер тиімді қаржылық делдалдықты жүзеге асыруы мүмкін дегенге қатысты шығар» деп мәлімдейді Олжас Төлеуов әлеуметтік желідегі авторлық парақшасында.
Банк жетекшілеріне тағайындалған сыйақы мөлшеріне қатысты саясаттанушы Ерлан Саиров «банк секторы экономиканың ең көп субсидияланған саласы» деген пікірімен бөліскен.
«Мемлекет көбінесе біреудің есебінен күн көрудің қауіпті екенін түсіндіріп келеді. Соңғы 10 жылда мемлекет екінші деңгейлі банктерге шамамен 20 миллиард доллар бөлді. Бір қызығы, банк секторы – экономиканың ең көп субсидияланған саласы. Мемлекеттің асырауында отырғандар міне, осылар. Олар қозғалыс деген не екенін әлдеқашан ұмытып кеткен. Ұлттық қордың ақысыз ірімшігінен күннен-күнге толысып барады. Міне, осы банктердегі басшылықтың бонустарын салық органдары тексеруі керек, қаншалықты сенімді? Бұл қорлардың бір бөлігі Ұлттық қордан құрылған. Банктер жеке сектор болса да, олар Қазақстанның әлеуметтік процесінің қатысушылары, сол себепті, жалпы болмыс этикасын сақтауы қажет», – дейді ол.
АТФ, Еуразиялық банкі және ЦентрКредит пен Цеснабанкі жетекшілерінің де сыйақы алғаны таңдандырады. Өйткені осы қаржы институттары өткен жылы мемлекеттік көмек алғандардың алдыңғы қатарында болған.
Кәмила ДҮЙСЕН