Игерілмей жатқан жерді қайтару қажет
Игерілмей жатқан жерді қайтару қажет
661
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанына тоқталды. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп атап өтті. Қазіргі таңда жер біреуде бар, біреуде жоқ. Үкіметтен ұзақ жылға жалға алып отырғандар өзге жері жоқтарға жалға беріп қойып, солардың үстінен пайда көріп отыр. Тәуелсіздік алғалы шет мемлекеттерден елге оралған қандастарымыз, сол жылдардан бері туып-өсіп, ер жеткен кейінгі ұрпақ та жерді игергісі келеді. Бірақ олардың ондай мүмкіндігі жоқ. Себебі, жер әлдеқашан бөліске түсіп кеткен. Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін соларға игеруге беру жолдарын қарастыруға бола ма?
Қуаныш АЙТАХАНОВ, экономист:

– Бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені олар жерді меншіктеп алған. Ол үшін заңға өзгерістер енгізуге тиіспіз. Мысалы, жер­ді игерем деген Қазақстан аза­маттарына 30-40 мың гек­тардан артық жер берілмеу керек. Осындай заң қабыл­дануы, содан артық жерлерді басқа азаматтарға беру мә­селесі заңды түрде шешілуі тиіс. Заң болмаса, бәрі бос сөз болып қалады. Сол себепті, «Жер туралы» заңға өзгеріс енгізілуі, әрбір азаматтың жер көлемі анықталуы қажет. Әрине біздің аймақтардың ерекшелігіне байланысты солтүстікте жер көлемі көбі­рек, оңтүстікте аз, халық ты­ғыз орналасқан. Сондықтан оңтүстікте 1-10, ары кетсе 20 гектардан тиюі мүмкін. Осы­ның бәрін терең зерттеп, тиісті органдарға ұсыныс бе­ріліп, ол заңмен бекітілуі ке­рек. Бұл – өте күрделі процесс. Өйткені Жер комиссиясында осының бәрі қаралып, оны шешу мәселесіне келгенде қиындыққа тап болдық. Мы­салы, қазір «латифундистер­дің» жерді көбірек алғаны Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында. Олардың бәрі John Deere сияқты үлкен тех­никаларын сайлап алған. Ол техникалар 200-300 мың гек­тар жерде жұмыс істейді. Егер жер бөліске түссе, соншама жер игерілмей қалуы мүмкін. Өйткені техника жеке бір адамға тиесілі. Шағын жерлері бар азаматтарда ондай техни­ка жоқ. Сондықтан бұл мәселе бір жылда шешіле қоюы қиын. Мәселе оңтайлы шешілмесе, егін егу тоқтап қалуы мүмкін. Егер бидай болмаса немесе оны өндіру бірнеше есе төмен түсіп кетсе, бұл – өте қиын мәселе. Ол «Жерімді алып қоятын болған соң егін екпей қойдым» дейді. Жердің жаңа иесі бір жылда ол жерді то­лығымен игере алмайды. Оның техникасы да жоқ. Сон­дықтан бұл – терең ойланып барып шешім қабылдайтын күрделі мәселе. Бұл жерде ақыл айту да қиын, бірақ бір­те-бірте осы мәселеге ба­руы­мыз керек. Аталған мәселе бірер жылда толық шешіле қоймайтын шығар, ең бастысы «латифундистерге» «100 мың гектар жер алып отырсың ба, соған сай 10 мың бас ірі қара мал немесе 50 мың қой өсір, ауыспалы егіс әдісін енгіз. Жерді тоздырма» деп шарт қоюымыз керек. Олар ауыл шаруашылығының қос сала­сын қатар ұстауы тиіс. Ауыс­палы әдісте мысалы 100 гек­тар жері болса, соның 60 гекта­рына бидай, 20 гектарына жоңышқа, қалған 20 гекта­рына жүгері, тағы басқа жем-шөп өсіру керек. Бұл үш-төрт жылда өзгеріп отыруы тиіс. Сонда әрі жердің құнарлығы артады, әрі мал басы көбейеді. Ет-сүт өнімдері молаяды. Халыққа қысы-жазы жұмыс болады және оларға тұрақты жалақы төлеп тұру керек. Егер мұндай шартпен келіспей ме, жерді осы әдіспен игеруге шамасы келмей ме, онда жерді мемлекетке өткізсін. Осындай үгіт-насихат жұмыстары қатар жүруі керек және мұның бәрі заңдастырылуы тиіс. Негізі қойылып отырған мә­селе өте өзекті, бірақ оның ше­шу жолдарын терең зерт­теп, ұйымдастыруымыз керек. Бұл мәселені бірден шешіп тастаймыз деп асығыстықпен әрекет етсе, ел астықсыз қалып қоюы әбден мүмкін.

1996-1997 жылдары Түркістан об­лысының үш ауданы бірігіп, оңтайланған кезде Мақтаарал ауданында 215 мың халық болатын. Қазір сол өңірде 350 мың халық тұрады. 140 мың халық үлесінен құр қалып отыр. Олар да бұйырған өз несібесін жеп отыр. Бірақ ра­сымен де, олар бірудің жерін жалға алып, күн көруде. Бұл дұрыс емес.

 
 
Мырзагелді КЕМЕЛ,  экономист:

– Игерілмей жатқан жер­лерді қайтарып алуға қатысты ондай шешімдер жасалып жатыр. Тексеру жасалып, 1,5 мил­лион гектар жердің иге­рілмей, бос жатқаны анық­тал­ды. Сол жерді басқа, жер­мен айналысам деп ниет біл­дір­гендерге таратып береміз де­ген ой бар. Бұл ойды барын­ша қолдаймыз. Шын мәнінде, 10 пайыз мемлекеттік қор де­ген болған. Кезінде оған ке­мін­де 20 жылға дейін тимеу керек деп жазғанбыз. Осы мем­ле­кет­тік қор сақталмай, әкімдердің көбі үлестіріп жіберді. 1996-1997 жылдары Түркістан об­лысының үш ауданы бірігіп, оңтайланған кезде Мақтаарал ауданында 215 мың халық болатын. Қазір сол өңірде 350 мың халық тұрады. 140 мың халық үлесі­нен құр қалып отыр. Олар да бұйырған өз несібесін жеп отыр. Бірақ ра­сымен де, олар бірудің жерін жалға алып, күн көруде. Бұл дұрыс емес. Жал­пы, жерді игер­ген адамға беру керек. «Бір жылдың ішінде игеріл­меген жерді алып қою керек» деген заң шешімі бар. Бұрын бұл екі жыл болатын. Жер бір жыл игерілмесе ескер­ту жаса­ла­тын, екінші жылы жағдай қай­таланса, жылдың соңында жер қайтарылып алы­натын. Қазір бір жыл жа­сады. Бірақ бір жылдың ішінде алып қо­йып жатқан жер жоқ. Күтіп-баптап қаралма­ған­дық­тан соры шығып, жыңғыл басып кеткен жерлер көбейді. Со­лардың бәрін қалпына келтіру керек. Қайта қалпына келтіру үшін қатаң тетіктер, заң керек. Заңның аясында Үкіметтің қаулысы, министр­ліктердің бұйрығы болуы шарт. Комис­сия құрылып, ол әділ жұмыс жүргізуі, жемқор­лық болмауы тиіс. Жемқорлық байқала қал­ған жағдайда, оны бірден шығарып жіберу керек. Әрқай­сымыз болып жатқан жағ­дай­ларға байланысты пікірімізді білдіруге тиіспіз. Бәріміз үшін қоғамдық пікір қалыптасты­ру – міндет. Сонда мәселе бір­тіндеп шешімін табар деген ойдамыз.

Жерді пайдалануға ел аза­маттарының бәрі тең құқылы. Жер бәрімізге ортақ. Сон­дықтан оны пайдалануда әді­леттік болуы керек. Осы елдің азаматы ретінде ылғи ашығын айтып жүрмін. Бірақ оған құ­лақ асып жатқан ешкімді көріп тұрған жоқпын. Дегенмен таяу мерзімде үлкен өзгерістер болып, айтқандарымыз бір­тіндеп орындала бастайды деп ойлаймын.

Байқап отырғандары­ңыздай, бұл өте күрделі және ұзақ процесс, сондай-ақ оның сәтті іске асыры­луы орындау­шыларға да байланысты. Бірінші кезекте «латифундис­тердің» игерілмей, бос жатқан жерлерін алып, жермен жұмыс істеуге ниет­тілерге теңдей бөліп берсе, ел тұрғындары біреуге алақан жаймай, жұмыспен қамтылып, мемлекетке де пайдасын тигізер еді. Бұл мәселе шешімін таппай, ауыл шаруашылығы саласын дамыту қиынға соққалы тұр.