Компьютері жоқ ұйымдар көп
Компьютері жоқ ұйымдар көп
359
оқылды

Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында Қазақстанда тіпті кәдімгі компьютері жоқ ұйымдар үлесі сол бұрынғыдай көп болып отыр. Оның үстіне олардың қатары кейінгі бес жыл ішінде көп кемімеген екен.

Елімізде ақпараттық-ком­муникациялық техноло­гия­лардың экономикаға дендей енуі бір қарағанда, көлемді: 2018 жылдың қорытынды­сында кеңселік компьютер қолданатын ұйымдардың үлесі 77,7 пайызды құрады. Алайда ең қарапайым компьютері жоқ ұйымдар үлесі де қомақты – 22,3%. Олардың көпшілігі ауыл, кент, аудандарда орна­ласқаны мәлім.

Бір жылдай бұрын, 2017 жыл қорытындысында бұл көрсеткіштер тиісінше 70,7 жә­не 29,3 пайыз болған. Ком­пьютер қолдану мүмкіндігіне ие кеңселер үлесі бұдан бұрын, 2013 жылы – 66,2 пайызды құрады. Яғни мұндай қарқын­мен еліміздегі әр ұйымға – мектептерге, балабақшаларға, аурухана-емханаларға, кә­сіпорындар мен мекемелерге басқа жоғары технологияларды айтпағанда, қарапайым ком­пьютер келуі үшін ширек ғасырдай уақыт қажет болады.

Дегенмен интернетке қол жеткізу көрсеткіші бұдан да төмен. Ресми статистика бо­йынша, ұйымдардың жалпы санында ғаламторға қосыл­ғандардың үлесі қазіргі кезде 75,1 пайызды құрайды. Салыс­тыру үшін айтсақ, бұл көрсет­кіш 2013 жылы 60,7 пайыз болған.

Дамыған елдерде өз интер­нет порталы, сайты, немесе әлеуметтік желіде парақшасы жоқ ұйымды кездестіру күр­делі. Қазақстанның олардан бір айырмашылығы да осында. Бізде әзірге сайт түгіл, тіпті Instagram парақшасы – әдет­тегі құбылыс емес, бедел, атақ-дә­реже саналады. Ұлттық эконо­ми­ка министрлігінің Статис­тика комитетінің де­регінше, бүгінде отандық ұйым­дардың тек 22,3 пайы­зының ғана ин­тернет ресурсы бар. Бір ғажабы, бұл бұрынғы жылдардағыдан әлдеқайда төмен. Себебі бес-ал­ты жыл бұрын компаниялардың сайт ашу дүмпуі жүрген. Қазір олар­дың көбі не жабылып қал­ды, не біраздан бос қаңтарылып тұр. Салдарынан, егер 2013 жылы интернет ресурстары бар ұйымдар үлесі 26,2 пайызға жетсе, келесі 2014 жылы бұл үлес 19,3, ал 2016 жылы 18,5 па­йызға дейін құлдырапты.

2019 жылғы шілде айының қорытындысында бекітілген интернет орнатылған тұрғын үйлер мен кеңселер саны 2,5 миллион бірлікке жетті. 2013 жылы 1,8 миллион болатын.

Елімізде 2019 жылы 25,8 мил­лион ұялы байланыс або­ненті болған (екі-үш телефонға ие адамдар бар). 2013 жылы бұл сан 30,3 миллион болатын. Яғни 5 миллионға жуық тір­кел­меген ұялы телефон нөмірі бұғатталғанға ұқсайды.

Бірақ қазақстандықтардың қалтафондарының барлығы бірдей интернетке шыға ал­май­ды. Интернет желісіне қо­сыл­ған ұялы телефондар саны – небары 14,8 миллион бірлік. 2013 жылы бұл көрсеткіш 11,5 миллионға жеткен. Яғни пай­даланылатын 11 миллион ұя­лы телефонның бүгінде интер­нетке шығуға мүмкіншілігі жоқ.

Рас, олардың иелері ки­берке­ңістіктен келетін қа­уіптер­ден ада. Жалпы алғанда, 2019 жылдың бірінші жар­тысында кибершабуыл­дар­мен бай­ла­нысты 10,4 мың оқиға тір­кел­ген. Бұл былтырғы жылғыдан 22,8 пайызға аз. 2018 жылы 13,5 мың оқиғасы орын алған болатын.