Nur Otan партиясының өтініші бойынша Жоғарғы соттың төрағасы А. Жақыповтың тапсырмасымен Жоғарғы соттың өкілдері Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерден келген сотқа жүгінгендерді қабылдады.
Қоғамдық қабылдау алаңына келген Жоғарғы сот төрағасының екі бірдей кеңесшісі Айгүл Маликова мен Қарлығаш Таткиева өз өтініштерімен келген тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, арыз-шағымдарымен танысты.
Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген азаматтардың айтқан мұң-мұқтажы сан түрлі болды. Елорда тұрғындарынан бөлек, арызын арқалап алыстан жеткендер де бар. Мәселен, Атырау облысынан келген Көшалиев Шыныбек есімді кәсіпкер төрт жылдан аса уақыт жергілікті құзырлы орындар мәселесін шешпегенін айтты. Арызданушының айтуынша, 2014 жылы белгісіз біреулер ол басқаратын «Перзент» ЖШС-ның атынан жалған құжат жасатып, Ирина Павлова есімді кәсіпкердің дүкеніндегі тауарды 39 млн теңгеге сатып алды деген акт толтырып, кәсіпкерді негізсіз шығынға отырғызған. Nur Otan партиясының ғимаратына Атыраудан арнайы келіп отырмын. Мақсатым – жергілікті соттардың шешімінің заңсыздығын жеткізу. Біздің мекеменің мемлекеттік сатып алуға байланысты жұмысына заңсыз айыппұл салынып отыр. Серіктестіктің жұмысына қатысты барлық анықтама, құжаттарым түгел. Бәрі заңды. Тіпті, куәгерлерімнің жазбасы да бар. Жоғарыда айтқан Ирина Павлова есімді адам да куәгер ретінде менің ісімді ақтап, сотта куәлік берді. Алайда жергілікті соттар оның ешқайсысын ескермей отыр. Апелляциялық сотқа да шағым бердім. Нәтиже жоқ. Соңғы үмітім – Жоғарғы сотта. Барлық құжаттарымның көшірмесін, жергілікті соттардың шешімін түгел өткіздім. Оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ жазып бердім», – дейді ол.
ҚР Жоғарғы сот төрағасының азаматтық істер алқасы бойынша кеңесшісі Қарлығаш Таткиева атыраулық кәсіпкердің арызын өз аузынан жазып алып, іске қатысты барлық процесті жеке қабылдауына алатынына уәде берді. Сот кеңесшісінің айтуынша, бүгінгі күні азаматтар, оның ішінде жеке кәсібін ашқан жандар тарапынан түсетін шағымдар азаймай тұр. Ісін енді бастағандардың дені қаржылық және заңдық тұрғыда сауаты, тәжірибесі аз болғандықтан жөнсіз кедергілерге тап келіп жатады. «Мысалы, салық заңнамасын, міндеттемелерді орындау, банк алдындағы займдарға, несиеге байланысты бізге көптеген арыздар түседі. Алданып қалатындар, алаяқтардың тұзағына түсіп, жиған-терген ақшасынан айырылып қалатындар көп. Шамамыз келгенше әр істі жеке қарап, кейбірін жергілікті соттардың қарауына қайта жібереміз. Жалпы, азаматтарды қабылдау мәселесіне келсек, ҚР Жоғарғы сот төрағасының төрт кеңесші бар. Әрбір екінші күні, яғни сейсенбі сайын, кеңесшілер сотқа жүгінген азаматтарды кезек-кезек қабылдаймыз. Сағат таңғы 10.00-ден бастап, кешкі 18.00-ге дейін қабылдау жүреді. Қазір кез келген азамат Жоғарғы сотқа келіп, арыз-шағымын айтуына жағдай жасалған» деп мәлімдеді Қарлығаш Тәткиева.
Бір байқағанымыз – республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне келген 27 адамның жартысынан астамы алаяқтық әрекеттің құрбаны болғандар. Сот өкілдері де елімізде қылмыстың осы түрі азаймай отырғанын растады. «Алдау, арбау қылмысына баратындар да негізінен әйелдер» дейді Жоғарғы сот төрағасының қылмыстық істер алқасы бойынша кеңесшісі Айгүл Мәлікова. Оның айтуынша, алаяқтар негізінен әйел азаматтар көп жұмыс істейтін мектеп, университеттерді жиі жағалайды. Қыз-келіншектердің сеніміне кіріп, тіпті, аз уақытта құрбысына айналып үлгеретіндер бар екен. «Алаяқтар «үй әперемін, тегін жер алудың әдісін көрсетемін» деп қарапайым қызметкерлердің жиған қаржысын қалтасына басып, тайып тұрады. Әсіресе, қазіргі әлеуметтік желілер олардың қитұрқы ісін жүргізуіне жақсы көмек болып отырғаны рас», – дейді сот кеңесшісі.
«Бір адамға үш адам алданып отырмыз. Алдаған өзіміздің ортақ танысымыз. Аты-жөні – Сүлейменова Жамал. Сол баяғы ортақ іске ақша саламыз деп жем болдық. Екі үйімді сатып, 175 мың долларымды беріп, қазір өзім пәтер жалдауға мәжбүр болып қалдым»,– дейді зейнеткер. Айман Төкенованың айтуынша, өзімен бірге алдауға түскен тағы бір адам 1 млн долларынан айырылса, үшінші азаматқа алаяқ несие алдыртқан. «Адвокат жалдайтын ақшамыз жоқ, өзіміз заңды жөнді білмейміз. Тек сот пен прокуратура мекемелерін жағалап, сабылып жүрміз» деген зейнеткер өздерін алдаған Ж.Сүлейменова есімді азаматтың бостандықта жүргеніне күйінетінін жеткізді.
Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев қабылдауға келген азаматтарға алдағы уақытта да осындай қабылдаулардың өткізіліп тұратынын ескертіп, тұрғындардың мәселесін тиімді, әрі тезірек шешу үшін арнайы ведомстволармен жұмыс істейтінін жеткізді.