Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы Абыхан Жексембеков атындағы орта мектепте тамаша дәстүр, тағылымды істер қалыптасқан. Аудандағы таңдаулы білім шаңырақтарының бірі болып саналатын мектеп есімдері елге белгілі тұлғаларды кездесуге жиі шақырып, олардың жас ұрпақпен жүздесуін жиі ұйымдастырады. Жазушылар, артистер, спортшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері оқушыларға тұшымды әңгіме айтып, өнеге-тәлімін үйретеді. Болашақ иелерінің армандарына қанат бітіріп, келешегіне айқын бағыт сілтейді.
Таяуда осы мектепте тағы бір ерекше кездесу өтті. Ел Тәуелсіздігін нығайтуға ерен еңбек сіңірген, Қазақстан қорғаныс саласының ардагері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев оқушылардың құрметті қонағы болды.
Сәт Бесімбайұлы – Жетісудың перзенті. Іле ауданында дүниеге келген. Биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Саналы ғұмырын ел қорғанысына арнаған асыл ағаның өмірбаяны – тұнып тұрған өнеге. Қатардағы қарапайым сардардан қолбасшылыққа, Қорғасын министрі дәрежесіне дейін көтерілген тұғырлы тұлға. Ол кісінің өмірі мен қызметтік баспалдақтарының өзі-ақ қайтпас-қайсарлығын, өмір талқысында шарболаттай шыңдалғанын, әскери білімін ұдайы жетілдіріп отырғанын аңғартады. Ата-бабаларымыздың қаһармандық, жауынгерлік қасиеттерін бойына сіңіргенін көрсетеді.
Қазақстанның дербес мемлекет ретінде нығаюына, ел қауіпсіздігінің берік сақталуына, қорғаныс қабілетінің артуына және ұлтымыздың жауынгерлік мектебінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Қазақстан Президенті Күзет қызметінің бастығы болды. Республикалық Ұланға жетекшілік етті. Қорғаныс министрі лауазымын абыроймен атқарды. Мемлекет басшысына кеңесші болып, еліміздің әскери саласының замана көшіне ілесуіне үлес қосты. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ел мен жердің мүддесін биік мінберден қозғады. Қайда жүрсе де халыққа адалдығынан айныған жоқ. Отан үшін, халық үшін жаным садаға деген айнымас қағидаттан қиғаш кетпеді.
Мемлекет қайраткерінің еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Даңқ» және «Барыс» ордендерімен тағы да басқа бірқатар орден-медальмен марапатталды. Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Жуырда генералдың кеудесіне тағы бір жұлдыз тағылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік саласының қалыптасуы мен нығаюына қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген І дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыстады.
Білім шаңырағындағы тағылымды кездесудің ұйымдасуына саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Абыханқызы мұрындық болды. Ол кісінің қызметі елордада болса да, әкесінің атындағы мектеппен тығыз байланыста. Жергілікті жермен қарым-қатынасын ешқашан үзген емес. Ауыл жұрты оның осындай игі бастамаларына әрқашан да құлшына қатысып, ризашылығын білдіреді.
Жарасымды жүздесудің кіріспе сөзін ашқан Абыхан Жексембеков атындағы орта мектептің директоры Гүлбақыт Қасымжанова білім ошағы ұжымының атынан генерал-полковникке ізгі тілектерді жеткізді.
– Сіздей қолбасшы дара тұлғамен кездесудің өзі біз үшін зор ғанибет. Осымен екінші рет мектебіміздің құрметті қонағы болып отырсыз. Сізді мектептегі қамқоршылық кеңесінің мүшесі етіп бекіттік. Бұл да – біз үшін үлкен мақтаныш. Өскелең ұрпақ өнегелі әңгімелеріңізді тыңдап, одан ғибрат алады. Күні ертең Түргеннен де сіздің жолыңызды қуған генералдар шықса, оны осы дидарласудың ықпалы деп білеміз, – деді директор.
Бұдан кейін сөз алған Түрген ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Сәуле Мәмбетқалиева жұртшылық шақыруын қабыл алғаны үшін генерал-полковникке алғыс айтып, сексен жылдық мерейтойымен құттықтады.
Келесі кезекте мінберге генералдың өзі көтерілді. Сымдай тартылған денесі нағыз әскери адам екенін аңғартады. Қолбасшының сөзін жиналғандар ұйып тыңдады.
– Айналайын, балаларым! Сендермен кездесу мен үшін бақыт. Біз де бала болғанбыз. Сендер сияқты мектеп партасында отырып, мұғалімдердің дәрісін тыңдадық. Ол күндердің суреті көз алдымнан ешқашан кетпейді.
КазЦИК деп аталатын ауылымызда 4 жылдық мектеп болды. Ол заманда мектептер төрт сыныптық бастауыш және жеті жылдық, он жылдық болып бөлінетін. Ауылға кіреберістегі төбешікке салынған кішкентай бір бөлмелі үй біздің білім ордамыз еді. Одан кейінгі оқу жолы Комсомол ауылында жалғасты. Он жылдықты Алматыдағы №22 мектепте оқыдым. Осылайша біраз жерге көшіп-қонып жүріп кәмелеттік аттестатқа ие болдық.
Бүгінгі ұрпақ, мына сендер бақыттысыңдар. Осының бәрі – қасиетті Тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан да сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Білімді болсаңдар, Отанға адал қызмет етесіңдер. Пайдаларың тиеді.
Мен бала кезден-ақ әскери барлаушы болуды армандадым. Нақты мақсат көздеп, соған адалдық танытсаң, ақыры соған қол жеткізеді екенсің. Сендер де табанды болыңдар, – деген генералдың оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қайтарған жауаптары да әскери адамға тән нақтылығымен тәнті етті.
«Жас ұлан» ұйымына жаңадан қабылданған оқушылардың салтанатты түрде ант қабылдауы қолбасшымен жүздесудің ажарын аша түсті. Олардың мойындарына генерал атасы көк байрағымыз түсті галстуктерді өз қолымен байлады. Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев орта мектеп ұжымына және осындағы кітапханаға өзінің қолтаңбасы қойылған «Жаным садаға» атты кітабын сыйға тартты. Кітаптағы: «Осы кітапты жазу барысында өткенімді көз алдымнан бір сүзіп шықтым. Артыма қарасам – албырттықпен кеткен қателік те бар екен. Жастықпен көзсіз нартәуекелге ұмтылған сәттерім де болыпты. Өмірде алдымнан үнемі жақсы адамдар кездесті. Жанымда сенімді серіктерім көп болды. Бұл – Алланың маған берген ғажайып сыйы.
Адам жалғыз өзі үлкен шаруалар жасай алмайды. Қай ортада жүрсем де, дәрежесі биік билікте болсам да, жақсы адамдардың шарапатын жиі сезіндім. Адалдықты ту еттім. Үлкеннен бата, кішіден алғыс алуға тырыстым. Осының өзі мен үшін үлкен мәртебе. Бұдан артық мадақты қаламас та едім.
Шен тағып, шекпен кидік. Біраз уақыт Елбасының жанында жүрдік. Елге қызмет жасап, Мемлекет басшысының үзеңгілес серігі болу, халқымыздың қажетіне жарау ең үлкен бақыт деп түсінемін. Сол үшін де жаратқан Аллаға, дүниеге әкелген ата-анама, тәрбиелеген ортама ризалығым шексіз» деген жолдарды оқығанда, алдымызда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарыннан бастап мемлекеттіміздің қалыптасуына бір кісідей еңбек сіңірген және сол кедерін өзінің ең бақытты шақтары деп санайтын тұлғаның отырғанына көзіміз жете түсті. Генералмен кездесудің жанам деген жүректерге от бергені анық.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы