17 тамызда еліміздің жетекші партиясы ішкі іріктеудің басталғанын хабарлаған болатын. Соңғы жылдары жаһандағы түрлі әлеуметтік, экономикалық өзгерістер мен процестер көшінен Қазақстан да қалыс қалмай, соған сай халықтың демократияға деген құлшынысы артып келеді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының праймеризі еліміздің саяси жүйесін эволюциялық тұрғыда дамытудың алғышарты ретінде қарастыруға болады. Сондықтан ішкі іріктеудің әділ және қоғам үшін ашық өтуі – өте маңызды. Өз кезегінде праймериздің әділ өтуі халықтың сенімін нығайта түсері анық.
«Nur Otan» партиясының Жақтастар лигасы праймериздің әділ өтуі бағытында жұмыстанады. Сайлаудың ашық өтуі үшін жергілікті билік, әкімдіктер тарапынан кедергі туындамауы тиіс. Сол себепті ішкі іріктеу кезінде барлығы бақылауда болғаны жөн.
– Көптеген әкімдер әлі де командалық басқару арқылы жұмыс істейді. Кей жағдайда қоғамдық пікірді ескергісі келмейді. Праймериз – жастар үшін мүмкіндік. Әр әкімді праймериздің әділ өту мақсатында үлес қосуға және ешкімге қысым жасамауға шақырамыз. Егер әкімдер қысым жасап, әділетсіздікке жол берер болса, партияның Жақтастар лигасы ол әкімдерді партия тарапынан жазалап, партиядан шығару жөніндегі ұсыныс енгізетін болады, – деді Ерлан Сайыров.
Сондай-ақ әкімдердің ықпалын ескере отырып, олар праймериздің әділ және ашық өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін Ғалым Байтук жасырмады. Сондықтан ол партия көшбасшыларына үлкен жауапкершілік жүктелгенін жеткізді.
– «Nur Otan» партиясының Жақтастар лигасы өз алдына праймериздің өткізілуін жан-жақты бақылауға міндеттелді. «Nur Otan» партиясының көшбасшылары да үлкен жауапкершілікті сезінетіні түсінікті. Ішкі іріктеу әкімшілік ресурстың ықпалынсыз өтуі маңызды болып тұр. Жақтастар лигасы праймериз регламентін бұзуды қатаң түрде қадағаламақ, – деп атап өтті.
Сонымен қатар жиында спикерлер қазақстандықтардың «Nur Otan» партиясының Жақтастар лигасының жұмысына үлкен қызығушылық танытып отырғанына назар аударып, лига мүшелерінің жұмысымен таныстырды.
– Біз қазір саяси, экономикалық, қаржылық және әлеуметтік салалардағы реформалардың негізгі аспектілері бойынша түрлі тәжірибелер жинақтап және оларды «Nur Otan» партиясына сайлау алдындағы бағдарламасына енгізу үшін ұсыныс дайындап жатырмыз. Менің ойымша, бұл ұсыныс қоғам мен азаматтар үшін өте қызықты болады. Жақтастар лигасының мүшесі болуға өңірлерде қызығушылық артып келеді. Бүгінде барлық өңірлерде белсенді жұмыс істеп жүрген лиганың өкілдері бар, – деді Ерлан Сайыров.
Қазіргі кезде Жақтастар лигасының мүшелері өңірлерге шығуға дайындалып жатыр. Осы арқылы олар халықпен жүздесіп, күрмеулі мәселелердің шешімін табуда «Nur Otan» партиясымен бірге жұмыс атқармақ.
– Өңірлердегі кездесулер ашық форматта өтеді. Біз ресми кездесулер өткізбейміз. Өңірлерде өкілдеріміз бар, мемлекеттік қызметшілерден тыс, қоғаммен тығыз жұмыс істейміз. Барлық облыстарда сыни ойлау қабілеті бар адамдар жетерлік, мұның бәрі белсенді азаматтармен бірлесе отырып жүзеге аспақ, – деп атап өтті Ерлан Сайыров.
Одан бөлек, брифинг кезінде спикерлер көпшілікті толғандырған сауалға тікелей эфирде жауап берді.