Абай театрынан өрт шықты

Абай театрынан өрт шықты

Семейдегі Абай театрынан өрт шықты. Бұл туралы Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. ТЖ басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, мәдениет ордасындағы өрт 19 тамыз күні сағат 9.00 шамасында шыққан. Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына дәнекерлеу жұмыстары барысындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған. – Жалын қабаттар арасындағы терезе ойығын шарпып, өрттің жалпы ауданы 10 шаршы метрді құраған. Қазіргі уақытта келтірілген шығын мөлшері анықталуда. Тілсіз жау сағат 09:36-да сөндірілді, – деп хабарлады ведомство өкілдері. Айта кетейік, бұл осымен дәнекерлеу жұмыстары барысындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан шыққан екінші өрт оқиғасы. Абай театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен «Ойқұдық» жайлауында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсаукесері болды. Сол Ойқұдықта маздаған шоқ бүгін егеменді елдің өркендеген  өнеріне айналып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы.

https://www.youtube.com/watch?v=Xp6WSRcw43s