АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың ауруханаға түсуін зерттеп жатқандарын мәлімдеген. Ресейлік саясаткердің хал-ахуалы туралы мемлекеттік хатшы Майкл Помпео баяндама жасауы тиіс. Германия канцлері Ангела Меркель Навальныйдың ауруханаға түсу себебі барынша жедел анықталуы тиіс деп отыр. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон саясаткерге француз елі тарапынан баспана беріліп, қорғауға алынатынын, тиісті ем жасалатынын жеткізді. Германияның құқық қорғау ұйымдары Ресейге Навальныйды алып кету үшін ұшақ та жіберіп үлгерді. Бірақ ресейлік дәрігерлер оппозиционерді бір орыннан қозғауға болмайды дегенді алға тартады.
Батыс басылымдары Навальныйды Путин жүйесіне қарсы шыққан тұлға деп жоғары бағалаумен қатар, оны әр кезеңде уланған Александр Литвиненко, Сергей Скрипаль, тағы басқа азаматтардың қатарына қояды. The Walt Street Journal басылымы «Навальный 20 жылдан астам уақыт билік құрып отырған Путинге қарсы шыққан жалғыз дауыс еді» деп бағаласа, The New York Times «оған немқұрайды қарағандай боп көрінсе де, Кремль оның аузын бірнеше рет жапқысы келген» деп жазады.
Расында да, Ресей оппозиционерлері мен журналистерінің «жұмбақ улануы» трендке айналмаса да, жиілеп барады. Бәрі неден басталды? Znak сайтының мәліметінше, 2004 жылы «Новая газета» басылымының журналисі Анна Политковская «Аэрофлот» ұшағында шай ішіп уланған. Редакция басшылығы біреулердің журналисті уақытша жұмыстан алшақтату үшін қасақана улағанын жеткізген. 2006 жылы Анна Политковскаяны өлтіріп кеткен. 2003 жылы «Новая» басылымы редакторының орынбасары Юрий Щекочихин уланып, қайтыс болды. Әріптестері оның Федералды қауіпсіздік қызметіне қатысы болуы мүмкін контрабандалық қылмысты зерттегенін айтады.
2006 жылы Федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненко полоний-210 радиоактивті изотоп қосылған шай ішіп уланған. Бұл әлемді дүр сілкіндірген қылмыс болды. Британдық тарап қылмыстың ізі мемлекеттік думаның депутатына баратынын жеткізді. Бірақ бұл айып әлі дәлелденбеді.
2018 жылы ауыр жағдайда ауруханаға «Медиазона» басшысы Петр Верзилов түсіп қалды. Алдымен ол көру мен сөйлеу қабілетінен айырылған, одан кейін жүріп-тұрудан қалған. Дәрігерлер қоғам белсендісінің өзі қабылдап келген дәрілерден улануы мүмкін десе де, жақындары мұны жоққа шығарып, тіпті оппозиционердің қауіпсіздігіне алаңдап, арнайы рейспен Берлинге ұшып кеткен. Верзиловқа ұшақпен көмек қолын созған азамат белгісіз қалуды жөн санапты. Неміс полициясы оппозиция өкілін күні-түні күзетіп, оған зиян тигізуі мүмкін жағдайдың бәрінен сақтауға тырысқан. Неміс дәрігерлерінің емінен кейін өз-өзіне келген журналист улануының екі себебін айтқан. Бірі – билікке қарсы Лужники алаңында арнайы акция ұйымдастыруы болса, екіншісі – ресейлік журналистердің Орталық Африка республикасында қаза табуын зерттей бастауы. Естеріңізге сала кетсек, әскери журналист Орхан Джемаль, режиссер Александр Росторгуев пен оператор Кирилл Радченко «Вагнер» әскери тобының осы африкалық елде қандай қызмет атқарғанын зерттемек болған еді. Бірақ бәрі де қаза тапқан.
К.ӘЛІМ