Astana Media Week-тың шымылдығы түрілді. Отандық медиа индустрияны жан-жақты дамытуға бағытталған шараны Орталық Азия кеңістігіндегі ең ауқымды жоба деуге болады. Жыл сайын өткізілетін кең көлемдегі салалық апталыққа биыл 2 мыңнан астам қонақ келді. Өңірлік деңгейдегі индустрияны ілгерілетуге арналған шараның шымылдығын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ашты.
– Astana Media Week диалог алаңында еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамытуды көздейміз. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындарының медиасауаттылығын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру, – деді министр.
Форумның алғашқы күнінде сериал өндірісі сараланып, азулы спикерлер сапалы туынды әзірлеу жайлы тәжірибе бөлісті. Бұл күні белгілі Star Media кинокомпаниясының өкілдері арнайы дәрістен бөлек, бейресми форматта сарапшылармен пікір алысты. Бұдан бөлек шараға қатысушылар 20 кинокомпанияның жұмысымен етене танысу мүмкіндігіне ие болды. Қытайлық, продюсер У Цзян: «Менің продюсерлігіммен түсірілген фильмдердің бірі Алматыда көрсетілді. Көрермендер жылы қабылдады дей аламын. Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланысын нығайтуға үлес қосуға күш салып жүрмін. Ортақ жобалар тууы да ықтимал» десе, түркиялық продюсер Альп Таныр: «Қазақстанда реалити шоу жасау жағы қиындау екен. Әлемдік телекеңістікке сіңіп кеткен жобалар бұл елдің нарығына жат. Меніңше, саланы қаржыландыру мен маман тартуға үлкен көңіл бөлу керек. Сондай-ақ Қазақстандағы телеконтенттің ерекшелігі әлемде телесала көңіл көтеретін жобаларымен құнды болса, сіздерде жаңалықтармен, әлеуметтік ток шоулармен сұраныста. Осы бағыттарда жұмыс жүргізу қажет деп ойлаймын» деп, қазақстандық телесаланың бүгінгі жай-күйіне тоқталды.
Алайда отандық телеарналарымыз өзімізді былай қойғанда, көрші елдердің ықыласына бөленген телехикаяларды ұсынуда көштен қалып отырған жоқ. Отандық киноиндустрияның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген арналарымыз аз емес.
Сондай-ақ шара аясында бірнеше панельді сессия ұйымдастырылды. Берісі Ресей, арысы Үндістаннан нағыз майталман мамандар келіп, тәжірибе бөлісті. Сарапшылардың талқысына жарнама және оны ақпарат құралдарында тарату тақырыбы ұсынылды. Сонымен бірге жарнама нарығы, маркетинг бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.
Кездесулердің интерактивті форматы қызықты болды. Мәселен, БАҚ қолдау қорының директоры Махаббат Есеннің қатысуымен MEDIA TALKS «Максимум репост» атты бейресми конференция өтсе, «Ұрпақтар теориясы» коммуникативті алаңның басты тақырыбына айналады. Мұнда арнайы бейнематериалдар ұсынылды.
«Қазмедиа Орталығы» коворкингінде «TRENDZONE: қазір дәл уақыты» атты журналистердің, PR кеңесшілердің, дипломаттардың, ғалымдардың, баспагерлердің, оқытушылардың және жасаушылардың қатысуымен ашық бірлескен семинарлар мен медиа-дәрістер өтті.
Озгур Юрул – Түркиядағы ең ірі İhlasHaberAjansı ақпараттық агенттігінің өндіріс директоры. Ол «Әлемдегі ыстық нүктелерде жаңалықтар жасау» бойынша шеберлік сағатын өткізсе, StarMedia компаниясының вице-президенті Никита Трынкин сәтті теледидар өндірісінің құпиясымен бөлісті. Kwendi Media Branding-тен келген украин спикері Андрей Таранов цифрлық дәуірдегі ТВ брендтерінің маркетингі, цифрлы адамдарды қызықтыратын жарнамалық чиптер туралы әңгімеледі.