Елбасы «Астана» Халықаралық қаржы орталығында болды
Елбасы «Астана» Халықаралық қаржы орталығында болды
331
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» Халықаралық қаржы орталығында болды,– деп хабарлайды elbasy.kz.

Нұрсұлтан Назарбаевқа «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұралары және АХҚО құқықтық жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, Елбасына АХҚО Соты, Ағылшын құқығы академиясы, Халықаралық төрелік орталығы және АХҚО Ахуалдық орталығының қызметі туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаржы орталығы Биржасының негізгі акционерлері және қатысушыларымен кездесті.

Спикерлердің баяндамасын тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығының АХҚО қызметін толық қолдайтындығын атап өтті. 

– ­­Жекешелендіру жоспарын АХҚО Биржасы арқылы іске асыруды жалғастыру қажет. Әрине, әлемдік нарық ахуалын ескерген жөн. Сонымен қатар, әлемнің халықаралық қаржы орталықтарының АХҚО-ға деген сенімін күшейту керек. Ұлттық экономикаға тартылатын қаржы ресурстарының мөлшері осыған байланысты, ­– деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етудің және елдің стратегиялық даму жоспарларына қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

– Алда орталықты ауқымды жұмыс күтіп тұр. Барлық серіктестермен қалыптасқан іс-қимылды жалғастыру маңызды. Мен АХҚО жұмысын ұдайы қолдайтын боламын, – деді Н.Назарбаев.