Ақтау қаласында бірнеше ықшамаудандағы екі мыңнан астам ағаш газ тарту желісінің құрылысы үшін жойылады. Газ құбырын тарту бойынша жер қазу жұмыстарын «АқтауЭнергоСервис-2007» ЖШС мердігер мекеме ретінде жүргізеді. Жоба бойынша берілген дәліздер қаладағы жаяу жүргіншілер мен жасыл желектер отырғызылған жерлерге тұспа-тұс келген. Компания басшылығы 2316 дана ағаштың тамырымен қопарылатынын ескертіп, жайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұраған. Өркениетті елдерде құрылыс жүретін аймақта ағаштар болған жағдайда тамырымен алып, басқа жерге отырғызатын үрдіс қалыптасқан. Мердігер компания «Жұмыс аяқталған соң жасыл желектерді қайта қалпына келтіреміз» деп отыр. Дегенмен «уәдесінде тұрмай кеткен мердігер компаниялар қаншама» деген сұрақтың мазалайтыны белгілі. Ақтау қаласының әкімдігі барлық іс-жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтып, қайта қалпына келтіру мәселесін міндетті түрде қадағалайтынын жеткізді. Табиғатты сақтау – адам денсаулығын сақтаудың бір жолы. Елімізде кей мекемелер мен азаматтардың жасыл желектерге бейжай қарауынан табиғатқа айтарлықтай зиян келгені туралы оқиғалар да аз емес. Осы тақырыпты арқау етіп, табиғатты қорғау мәселесі жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Жуырда Ақтөбеде ағаштарды заңсыз отаған компанияға байланысты сот үкімі шықты. Өзен арнасын тазартып, кеңейту кезінде «Берекелді» компаниясы Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесіп, табиғатқа зиян келтіргені анықталған болатын. Сот шешімімен мердігер компания жетекшісіне 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. 2019 жылы қаңтар-ақпан айларында мердігер компания Бұтақ өзені жағалауынан 37 түп күміс түстес терек пен 1 түп қара қандыағашты кесіп тастаған. 2019 жылы тамызда Ақтөбе облыстық прокуратурасы экологиялық заңнамалардың бұзылуына байланысты 7 қылмыстық іс қозғаған, оның бесеуі жоғарыда аталғандай, мердігер компанияларға қатысты. Ал Шығыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда ағашты заңсыз кесуге байланысты 400-ге жуық дерек тіркелген. 2007 жылдан бері өңірде 33 мың текше метр алқап жанып кеткен. Кесілген ағаш саны отырғызылған көшет санынан көп. Қызылорда облысы аймағында сексеуіл мәселесі табиғат жанашырларының бас ауруына айналғалы қашан?!
Жыл басында жер шарының «өкпесі» саналған Австралияда 6 миллион гектардан астам аумақ өртеніп кетті. Жүздеген миллион аң-құс жапа шекті. Адамзат үшін катастрофаның біріне саналған оқиға жасыл желек пен көгалдандыру мәселесін қолға алу керегін әлем жұртшылығының есіне салғаны анық. Орманды, ағаштарды қорғау – гигиеналық, эстетикалық және мәдени маңызы бар ұғым. Сол себепті ел азаматтары жасыл желектер «ғұмырына» бейжай қарамаса екен дейміз.Өзге елдердің табиғатты қорғаудағы әдістері сан қилы. Мысалы, Германияда заңсыз кескен ағаш үшін кез келген азамат 25-50 мың евро мөлшерінде айыппұл төлейді. Жасыл желектен бөлек, бұл елде құс ұяларын қорғау мәселесі де қарастырылған. Сол себепті әр жыл сайын 1 наурыз бен 30 қыркүйек аралығында құс мекендейтін ағаштарды кесуге мүлдем тыйым салынады. Тағы бір қызық ақпарат – ағаштар да тұрғындарға кедергі келтірмеуі тиіс. Кедергі болған ағаштар оталып немесе бұтағы қырқылады. 2007 жылы Францияның Париж қаласында қайғылы оқиға болды. Жаз кезінде көгалдандырылған алаңның болмауынан күннің ыстығына шыдамай 580 адам көз жұмған. Осыдан соң ел билігі көгалдандыру жұмыстарын қадағалап, заңсыз ағаш кескен азаматтарға жазаны күшейтті. Қала алаңдарын көгалдандыру бойынша Париж қаласы (9,5%) Еуропа қалаларының ішінде әлі де соңғы орындардың бірінде тұр. Көш басында – Испанияның Мадрид (35%) пен Англияның Лондон (33%) қаласы. Италияда Ұлттық орман мұрасы ел аумағының 39 пайызын құрайды. 2030 жылға дейін 3 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Сондай-ақ көне экологиялық ұйымдардың бірі – Халықаралық табиғатты қорғау одағы 2019 жылдың қыркүйегінде еуропалық ағаштардың «қызыл тізімін» жариялады. Одақтың дерегіне сүйенсек, еуропалық ағаш түрлерінің 58 пайызы түбегейлі құрып кетуі мүмкін.