Қытай қазақ елінің тәуелсіздігін және жерінің тұтастығын мойындайды, ал Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде қабылдайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары осыны айғақтай түсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған, Мемлекет басшысының Қытайға сапарының қорытындылары баяндалған баспасөз конференциясында айтылды.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, бұл сапар елдеріміз арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне бастау болды.
– Қазақстанның 1782 шақырым шекарасы Қытаймен шектеседі. Бұл құрлықтағы үлкен шекаралардың бірі. Осындай үлкен нарықпен іргелес тұрып, алыс-беріс жасамау жөнсіз. Демек, онымен мәңгілік стратегиялық серіктестік орнатуымыз заңдылық. ҚХР жоғары технологиялар өндіру бойынша жаһандық лидер. Осындай әлеуетті елмен араласпай, шекараны жауып отыру мүмкін де емес, – деді ол.
Берік Уәли қытайды жау көруді негізсіз деді.
– Біз мынаны түсінуіміз керек. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын таңып, құйтырқы ойын жүзеге асырып отырған жоқ. Біз қайта олардың жаңа технологиясын күнделікті өмірімізде пайдалануға, өндіріске инновациялық жаңалықтарын енгізуге мүдделіміз. Қытай қазақ жеріне ешқашан көз алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындайды. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты – сауда жасау, сол арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін – бұл олардың басты мұраты, – деген Президенттің баспасөз хатшысы бүкіл әлем қытайлық инвестиция үшін таласып жатқанын, сондықтан одан қашпау керегін жеткізді.
Қалауын тапса, қытай әлеуетін қазақ ұлтының мұрасын насихаттауға да пайдалануға болады. Мәселен, жас қазақ ұрпағының күміс көмей өкілі Димаш Құдайберген әлемге алдымен шың елі мінберінен танылғаны жасырын емес.
Бұған қоса, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың алдағы 175 жылдығына арналған әдеби эстафета – #Abai175 челленджінің халықаралық деңгейде өрістеуіне жаһандық алпауыт саналатын Alibaba Group негізін қалаушы Джек Ма ықпал етті. Биылғы 2 қыркүйекте миллиардер адамзат кемеңгері деп танылған ұлы ойшылымыздың қытай тіліне аударылған өлеңін айтып беріп, эстафетаны қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге табыстады.
ҚХР-ге алғашқы мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Alibaba Group негізін қалаушысымен кездескені мәлім. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы кездесу кезінде Джек Маға Абай өлеңін оқып, ұлы ақынға арналған челленджді қолдағаны үшін алғыс білдіріпті.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған, Мемлекет басшысының Қытайға сапарының қорытындылары баяндалған баспасөз конференциясында айтылды.
Өз сөзінде Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Қытаймен қатынас жайын сөз еткенде бір жайтты естен шығармаған жөн екеніне назар аудартты.
– Адам досты да, жауды да өзі табады. Бірақ көршіні Құдай береді. Құдайдың алдына барғанда, «көршімен қалай тұрдың?» деген сауал қойылады дейді. Біз Тәуелсіздіктің 28 жылында алыс-жақын елдердің барлығымен достық, өзара сенім, әріптестік қарым-қатынастарды жолға қойып, дамыта білдік. Биылғы наурызда елімізде болған белгілі оқиғалардан кейін жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтап, Елбасы Н.Назарбаевтың көпвекторлы дипломатиясын пәрменді жалғастыруда. Осы уақыт аралығында біздің күш-жігеріміз, ең алдымен, жақын көршілермен, содан кейін Шығыс пен Батыстағы, Оңтүстік пен Солтүстіктегі, яғни төрткүл дүниенің әр бұрышындағы мемлекеттермен өзара тиімді байланыстарды жалғастыруға бағытталуда, – деді Президент көмекшісі.
Ол бұған дейін Қ.Тоқаевтың Ресейге ресми сапармен, ал Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барғанын еске салды.
Шығыс көршімен ынтымақтастықта сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беруге екпін түсірілуде. Бұл ұлттық мүдделерді ілгерілетуге ықпал етеді.
«Қытай тарапы да Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына үлкен мән-маңыз және жоғары баға беріп отыр. Олар да халық игілігі үшін бізбен етене жұмыс істеуге, тығыз ықпалдасуға, бірге дамуға дайын екенін растады. Бұл сапар Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасындағы қатынастардың қазіргі деңгейін және маңызын көрсетумен қатар, оның болашақ траекториясын да айқындау тұрғысынан ерекше басымдыққа ие. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықты сақтай отырып, өзара байланыстар мен ынтымақтастықты тың белеске шығаруға Қазақстанның мүдделі екенін мәлімдеді», – деді М.Нұртілеуов.
Әрине, ҚХР қазақ елімен өзара іс-қимылдан бұрыннан кетәрі еместігін білдіріп келеді. Бұл сапарда алдағы қарым-қатынастың қай бағыттары нақты айқындалды? Қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?
– Олар бізбен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, өндірістік, сонымен қатар жаңа салаларда жұмыс істеуге әзір екенін растады. Қ.Тоқаев тағы бір басымдыққа мән беріп, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты талқылады. Жалпы, бұл сапар дүниежүзілік саясат пен экономикадағы аумалы-төкпелі кезеңде өтуде. Сондықтан осы сапар көрші екі елдің қарым-қатынасының стратегиялық сипатқа толық сәйкестігін тағы да паш етті. Сәйкесінше, келіссөздер барысында екі мемлекет басшылары аймақтық және халықаралық мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасты, сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарын топшылады, – деді Мұрат Нұртілеуов.
Ол Қ.Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы әңгіме жылы және достық райда өткенін айтты:
– Қазақстан Президентінің ҚХР төрағасымен кездесуі сипаты жағынан ауқымы кең, мазмұнды және стратегиялық серіктестікті толық қамтитын салиқалы сұхбаттасу болды деп айту орынды. Екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтіп, өзара тиімді жобалар санының көбеюіне екі ел басшысы дайын екенін растады. Өзара мүмкіндіктер мен әлеуетіміз, дәстүрлі бағыттар жаңа әріптестік архитектурасын қалыптастастыруға берік негіз қалау үшін жағдай туғызатыны туралы тұжырым-тезис қос мемлекет басшылары қол қойған Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапты. Осылайша, 2019 жылғы 11 қыркүйектен бастап, Қазақстан мен Қытай қатынастары ұзақмерзімді, басқа сөзбен айтсақ, мәңгілік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді, – деді Президент көмекшісі.
Сапар аясында мемлекетаралық саяси диалогты дамыту, аймақтық және халықаралық күн тәртібі, трансшекаралық өзендер және экологиялық мәселелер төңірегіндегі ортақ жұмыс алгоритмдері дәйектелген екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қол қойған Бірлескен мәлімдемеде егемендікті құрметтеу, жер тұтастығын сақтау, елдің ішкі істеріне араласпау, өзара сенім секілді базалық қағидаттар расталыпты.
Экономика саласындағы байланыстар да жаңа мазмұнға ие болатыны хабарланды. Айтқандай, сапар қарсаңында бірқатар ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Қытайдан көшірілетін кәсіпорындардың экологияға ауыр зардап келтіретіні, олармен бірге қаптаған қытай жұмысшылары ере келетіні туралы әңгімелер тарағаны белгілі. Президент көмекшісі М.Нұртілеуов ел басшылығы халықтың осы алаңдаушылығы жайлы білетінін және ескеретінін білдірді.
– Қ.Тоқаев азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғанын білесіздер. Ашық болу, қоғаммен диалог құру басымдық болады. Сыртқы саясатымызға қатысты да біз осы қағидатты ұстанамыз. Қолымыздан келгенше БАҚ өкілдерімен жиірек кездесіп, ақпарат алмасып, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, мемлекеттік мүддеміздің мұқалмауына бірге жұмыс істейміз, – деп уәде етті Мұрат Нұртілеуов.
Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны жария етілді.
М.Нұртілеуов жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қытайда 4,5 келі есірткі тасымалы үшін 2014 жылдан бері тұтқында отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты мәселені көтергенін мәлімдеді: «Түйткіл СІМ желісі бойынша талқыланады. Проблема оң шешілуі үшін барлық күшімізді салатын боламыз», – деді Президент көмекшісі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Қазақстанның цифрлануы және осы бағытта өркендеуі үшін мемлекеттік сапар өнімді әрі нәтижелі болды» деп санайды.
– Біз мемлекет басшылары келіссөзіне қатыстық. Оның барысында цифрландыру, жаңа озық цифрлық технологиялардың дамуы сөз болды. Қытай ақпараттық технологияларды Қазақстанмен бірге Астана ІТ хабы аясында дамыту ниетін растады. Осыған орай, бірлескен алаң құру ұсынылды. Қазір Қытайдың Еуразиялық одаққа мүше бірқатар елмен ұқсас алаңы бар. Сапар аясында сонымен қатар «Қазпоштамызбен» арада транзиттік электронды коммерцияны дамыту жөніндегі құжатқа қол қойылды. Бұл келісім Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға өтетін электронды коммерция транзитінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Отандық компаниялар үшін бұл өте маңызды, себебі тиісті бизнеске кең тартылып, ол транзитті тасымалдаудан табыс табуға жол ашылады, – деді Асқар Жұмағалиев.
Ол «Қазпошта» Alibaba Express, China Post, Grand Post және басқаларымен келісімге келгенін айтты.
Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ҚХР-дың Қазақстанға суперкомпьютер ұсынатынын қаперге салды. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға берілмек. Бұл жайында биылғы 26 шілдедегі санында «Айқын» толығырақ жазды (Суперкомпьютер үшін «суперми» керек»).
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Қорғас» құрғақ порты үлкен әлеуетке ие екеніне тоқталды.
– 2004 жылдан бері тасымалдау көлемі 15 есеге артты. Егер 2004 жылы бұл көлем 21 мың контейнерді құраса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 310 мың контейнерге жетті. Сонымен қатар соңғы 4 жылда контейнерлік тасымалдардың көлемі 15 есеге артты. Жыл сайынғы өсім 50 пайыздан асады, – деді министр.
Ол 2 миллион тонна қазақстандық көмір Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жөнелтілетініне сендірді. Әйтпесе, көрші Ресейдің шектеулері кесірінен отандық көмір өндірісінің экспорты құлдырап, сала дағдара бастаған болатын.