Соңғы кездері сапасыз білім, сатып алынған диплом, бағыт-бағдарсыз білім беріп отырған оқу орындарының мәселесі ушықты. Бұған Елбасының өзі Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ерекше тоқталып, «Жастардың өзі де жемқорлыққа қарсы әрекеттерге белсенді түрде қатысуы тиіс. Сатып алынған білім, ақшаға алынған сынақ не болады?» деді.
Ең өкініштісі, бұл мәселенің – білімнің, ұрпаққа адалдық, адамгершілік, тазалық дәрістерін беретін ұстаздықтың айналасында белең алып отырған. Осы бір ескертуден кейін, «сатып алған дипломның» жемісін көріп жүргендер белгілі бола бастады. Бір апта бұрын ғана Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуратурасы жалған дипломмен сабақ беріп жүрген 15 мұғалімді анықтаса, күні кеше жалған құжат рәсімдеген ақтөбелік 34 педагогтың жұмыс істейтіні анықталды. Оның 13-і – мектепке дейінгі білім саласында, 11-і – орта мектептерде сабақ беріп келсе, 7 адам – колледж оқытушысы ретінде, 3-еуі – өзге де білім мекемелерінде еңбек етеді. Мәселен, бес оқытушының фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім алғаны туралы дипломы бар. Олар қазір музыка колледжінде еңбек етеді. Ал Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де мұндай мамандық оқытылмайтын болып шықты.
«Қазір ақша үшін, бөлінген гранттарды иеленіп, диплом беру арқылы студенттер мен мемлекетті алдау оңай. Оқу орындарын сырттан тәуелсіз бақылау жоқ. Өздері оқу бағдарламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өзгеріс керек», – дейді «Серпін» ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов.
«Ұсталмаған ұры емес» дейтін қазақ, өзінің пара алғанын ғана емес, бергенін де жасырады. Жоғары оқу орындарындағы ашық парақорлықтың жабық түрде өтетіні сондықтан. Ал оларды ашық саудаға салып отыратын интернет сайттардың әңгімесі өз алдына бір бөлек. Осы кезге дейін жүгенсіз кеткендерді жөнге салуға бірде-бір құзырлы органның шындап кіріспегені де рас.
Кешегі оқиғадан соң, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры жоғары білім туралы жалған құжаттарды әзірлеу және сатумен айналысатын 19 интернет-сайттың қызметін тоқтату үшін сотқа жүгінді. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл талап-арыз Ақтөбе қаласы №3 сотының шешімімен толық көлемде қанағаттандырылып, осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылған. Бұдан ары оларға Қазақстан аймағында тыйым салынатын болды.
Айта кету керек, барлық ЖОО-ға тән жемқорлық көбіне – рейтинг, сынақ, емтихан тапсыру кездері, дипломдық жұмысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу, диплом «сату», диссертация, жоба қорғау кезінде орын алады. Ресейдің Мемлекеттік думасы қабылдаған ғылыми жұмыстарды жазу қызметтерін жарнамалауға тыйым салатын заң бізде де болса, бұл былықтың төбесін көрмеген де болар едік.
Білімді ұрпақты білімсіз маман қалай тәрбиелейді?