Визасыз тәртіп шарасыз ахуалға әкелмесін
Визасыз тәртіп шарасыз ахуалға әкелмесін
247
оқылды

Қазақстан өз аумағына азаматтары еш рұқсатсыз, визасыз келе алатын мем­ле­­кеттердің тізімін арттыруға бел буды. Сыртқы істер ми­нистр­лігінің Инвестиция ко­­митеті ол тізімге қандай елдер қосылатынын жария­лады. Олардың арасында нар­ко­кар­тельдер қан-қасап қырғын салған, «Кокаин рес­пуб­ли­касы» атанған мем­­ле­кеттің де болуы таңдан­дырады.

Айта кету керек, Қазақстан Үкі­ме­ті мұның алдында азаматтарына елі­мізге визасыз кіруіне рұқсат етіл­­ген шет мемлекеттердің санын EXPO-ға байланысты арттырған бо­латын. 2017 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, барлығы 45 мемлекет үшін республикамыз біржақты түр­де визасыз тәртіп орнатты. Сол кезде аталған шешім елімізге ке­летін шетелдік туристер санын күрт арттыру үшін қабылданғаны мәлімделді.

Ендігі шешім басқа негізге – ин­вестиция тартуға құрылып отыр.

Осыны көздейтін Үкімет қау­лысы жобасының атауы ұзын бо­лып келеді: «Көшіп келу­ші­лер­дің Қазақстанға келуінің жә­не онда болуының, сондай-ақ олар­дың Қазақстаннан кетуінің қа­ғидаларын және Көші-қон ба­қы­лауын жүзеге асыру, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік шекарасынан заң­сыз өтетін, ҚР аумағында заң­сыз болатын шетелдіктер мен аза­мат­тығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстанның аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есеп­ке алу қағидаларын бекіту ту­ра­лы» Үкіметтің 2012 жылғы 21 қаң­тар­дағы №148 қаулысына өзгеріс ен­гізу туралы».

Құжат қолданыстағы 45 мем­ле­кет сыртында тағы 12 елдің аза­­­маттарына қазақ жеріне емін-ер­кін кіріп, бір ай бойы ен жайлауға жол ашпақ. Яғни, бұл мемлекеттің азаматтарына бұ­­­рынғыдай Қазақстаннан ар­найы шақырту күту, құзырлы құ­ры­­лымдарымыздың құптауын алу қажет болмай қалмақ. Тек ше­карадағы өткізу бекетінде тір­кеуден немесе әуежайлардағы ке­дендік бақылаудан өтсе, жеткі­лікті.

«Егер Қазақстанда болу кезеңі ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өт­кен кезден бастап күнтізбелік 30 күн­нен аспаса, Бахрейн, Ватикан, Вьет­нам, Индонезия, Қатар, Колум­бия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин азаматтары Қа­зақ­станға визаcыз келеді және Қа­зақстаннан визасыз кетеді», – де­лінген Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында.

Сыртқы істер министрлігінің мә­ліметінше, құжат 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Дегенмен біріншіден, осы ті­зім­ге жаңадан қосылатын елдердің не­гізінен дамыған елдерге жатпай­тыны назар аудартады.

Екіншіден, бұрын Үкімет виза­сыз режім орнату кезінде ондай мем­лекеттің озық дамыған, саяси тұ­рақты және қауіпсіз болуын бас­шылыққа алатын. Алайда жаңа тізімде өткен ғасырдың 80-ші жылдарында әлемдік есірткі та­сымалының 80%-ына дейін өз бақылауында ұстаған Пабло Эскобар мен оның «Медельин кар­телінің» (Cartel de Medellin) мұ­ра­сымен күні бүгінге дейін күресіп жат­қан Колумбияның барлығы қайран қалдырады. Халықаралық ұйымдар дерегінше, 2017 жылы Колумбиядағы заңсыз кокаин егіс­тігінің ауқымы жаңа рекордтық көр­сеткішке – 171 мың гектарға жет­кен. 2012-2013 жылдары тек 48 мың гектар болған-тын. Осы­ған орай, Колумбияның жаңа сай­ланған президенті Иван Ду­ке 2019 жылдың наурызында Конс­титуциялық сот алдында сөз сөй­леп, есірткі шаруашылығымен жә­не есірткі трафигімен ра­ди­кал­ды, қатал күрес жөніндегі жаңа саясатты жария етті. Оның не нәтиже берерін, са­рап­­шылар тілімен айтқанда, әлем­ді «колумбиялық індеттен» құт­қара­рын, не болмаса, алдыңғы пре­зидент Мануэль Сантостың сая­сатындай, есірткі бизнесінің ары қарай өрістеуіне соқтырарын тек уақыт көрсетеді.

Өз кезегінде қазақстандық құ­­зырлы органдар егер Колум­бия азаматтарына бізге еркін келуге мүмкіндік берілсе, рес­пуб­ликамызда онсыз да ушығып тұрған есірткі саудасы одан әрмен өршіп кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Үшіншіден, СІМ түсіндіруін­ше, бұл жолы визасыз тәртіп­ке қатысты өзгерістерді қабыл­дау­­­­дағы басты өлшемшарт – ин­вестиция тарту. Әйтсе де, қа­зақстандық экономикаға құйы­лып жатқан шетелдік қара­жат құрамындағы әлгі 12 елдің үлесі тым мардымсыз екені айқын­дал­ды. Нақтылай кетсек, 2005-2018 жылдар аралығында осы ел­­дердің барлығын қоса алғанда, Қа­зақстанға жалпы алғанда небәрі 876,3 миллион доллар көлемінде ті­келей инвестиция тартылыпты. Рас, Үкімет Катар, Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы секілді бай ел­дерден келетін инвестиция кө­ле­мін еселеп арттырудан үмітті.

Бұдан бөлек, тізімге қосуға ұсы­нылғандар арасында мұнайлы елдердің қарасы басым екені байқалады. Бұл мұнайға басы байланған Қазақстанның осы стратегиялық секторындағы жергілікті кадрлар жағдайының на­шарлауына соқтырмауы маңызды. Әйтпесе, 30 күнге дейін визасыз келуге мүмкіндік алса, «қара ал­тын» өндіруде мол тәжірибесі бар аталған мемлекеттердің білік­ті мұнайшы мамандары және мұ­най-сервистік компаниялары Қа­зақстанға ағылып, біздің мұ­най­шылар мен бизнесмендерді он­сыз да азая түскен нәпақасынан айыруы, аузынан жырып әкетуі әбден мүмкін. Бұған Үкімет дайын ба? Әлде инвестиция келсін деп біржақты қарастырып, мәселенің бас­қа қырларын қаперден шы­ғарып алды ма?

Үкімет қаулысы жобасына тү­сін­дірме жазбада Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов жоба «теріс әлеуметтік, экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайтынына» сендіреді.

«Саяси, экономикалық және ин­­вестициялық орындылығын, сон­дай-ақ Қазақстанның әлем ел­дерімен өзге де мүдделерін назарға ала отырып, Үкімет аталған тізімді кеңей­­ту және 12 ел азаматтары үшін Қазақстан аумағында 30 күн­­дік мерзімге дейін визасыз болу тәртібін енгізу мәселесін қа­­­­растырды. Сыртқы істер ми­нис­тр­­лігі ұсынған бастаманы ҰҚК, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ақ­парат және қоғамдық даму, Энер­гетика министрліктері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП қолдады. Қа­зақ­станның құзыретті орган­да­ры­ның ұстанымдарына сәйкес атал­­ған елдердің азаматтары үшін 30 күндік мерзімге дейін визасыз тәр­­тіпті енгізу көші-қон қатерін ту­дырмайды және еліміздің қауіп­сіздігіне қауіп төндірмейді», – дейді министр.

Бұған қоса, «СІМ-нің пікі­рін­ше, осы ұсынысты біржақты не­гізде жүзеге асыру аталған елдерге бару үшін біздің азаматтарымызды тепе-теңдік негізде визалық та­лап­тардан босату бойынша жүр­гізілетін келіссөздер барысында дәйекті негіздеме болады».


tab1.JPG

tab2.JPG