Жастарды бизнеске бейімдеу қажет
Жастарды бизнеске бейімдеу қажет
364
оқылды

Шымкент қаласында алғаш рет жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасу шарасы өтті. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Bolashaq қауымдастығы жобасын жүзеге асыру аясында өткен бұл шара «Достық» қонақүйінде қазақстандық спикерлердің қатысуымен жүзеге асты.

Шараға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан 200-ге жуық жас қатысты. Аймақтардағы жас­тардың үкіметтік емес ұйымдарын қолдау мақсатында өтіп жатқан жиында алдымен түрлі тақырыпта тренингтер, мастер-кластар және семинарлар болды. Одан соң, түстен кейін Шымкент қала­­сының әкімі Е.Айтаханов аймақ­тардан жиналған белсенді жастармен кездесті.

Жиында сөз алған Ерлан Қуанышұлы Президенттің жуырда халыққа арнаған Жол­дауында азаматтық сектордың белсенділігін арттыру туралы айтылғанын, ол үшін жастардың белсенділігі мен креативтілігі өте қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды бизнеске бейімдеу қажеттігіне тоқталды. «Қай са­лада да білім мен тәрбие бірінші орын­да тұрса, жастарымыз қо­ғамдық жұмысқа, азаматтық сек­­­торға тартылса, еліміз озық мем­­лекеттердің қатарына қо­сы­­лады. Мен жастардан нақты ұсы­ныстар күтемін» деді Е. Айтаханов.

Басқосуда GR-кеңесшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Өтешов жастар­ды кәсіпкерлікке баулу туралы сөз қозғаса, «Болашақ» бағ­дар­ламасының түлегі Ерасыл Төлебаев Шымкентте болашақ­тықтардың филиалын ашсақ деген ұсынысын жеткізді.

«Жетіген» мектебінің дирек­торы Камила Есқараева Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғына орай Аль-канун аспабында ғұлама ғалымның туындыларын жаңғыртып жатқанын атап өтті.

Қазақстандағы Жастар ұйым­дарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы жобасы аясында өт­кен еркін жүздесу барысында бұдан бөлек көптеген ұсы­ныс айтылды. Бұдан былай қала­ның қоғамдық кеңесі жиы­нына мемлекеттік емес ұйым мүшелері де қатысса деген тілек те, Нұр-Сұлтан және Алматы қа­ласындағы сияқты жастардың ауқымды коуоркинг орталығы ашылса деген ниет те жеткізілді. Сондай-ақ белсенді жастар әкім­нен «Ақын мен әнші» жобасының тірілуін, пікірсайыс клубының ашылуын сұрады.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов барлық ұсыныс-тілекті мұқият тыңдап, қолдау білдіретінін жеткізді. Одан соң, келер жылы өтетін Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларында атқарылар шараларға жастарды белсенді болуға шақырды.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы