iPhone 3-орынға ығыса ма?
iPhone 3-орынға ығыса ма?
519
оқылды

Samsung тәжірибе жа­сауға бейім, Huawei – орын­басар, iPhone – жетекші смарт­фон. Жасалған түрлі зерт­теулер осылай сөй­лей­ді. Ассортименті жағы­нан қиындық тудырса да, айфонға құмарлар көп. Оқуы­ның ақшасын төлемесе де, смартфонға ақша таба­тындар бар.

Apple – әлемдік бренд. Компания 2007 жылы iPhone смартфонын шығарып, дүние­жүзінде таңданыс тудырды. iPhone жанкүйерлері жаңа модель шыға салысымен, ескісін ауыстыруға дайын. Құнын айта бергенде тіліңіз күрмелуі мүмкін.

iPhone 11 сатылымға шықты. 10 қыркүйек күні Apple ком­па­ниясы iPhone, Apple Watch және iPad жаңа моделін таныстырды. Ендігі қолданушылар iPhone 11, 11 Pro және 11 Pro Max түр­лерін сатып ала алады.

Әлем Apple-дің жаңа өніміне екіұдай баға берді. Бірі – енді instagram-ға жоғары сапалы су­рет жүктеймін десе, екіншісі – фотоаппарат фотоаппарат, смартфон смартфон күйінде қа­луы керек дейді. Желіде iPhone-ның жаңа түріне қа­тыс­ты келемеждер қаптап жүр. Мультфильм кейіпкеріне теңеп сынап, «сатып алу үшін бүй­регімді берсем бола ма?» дей­тіндер табылды. Әлеуметтік же­ліде Apple-ге қатысты жазба қал­дырғандардың ішінде танымал адамдар мен бизнесмендер бар.

Apple-дің жаңа смартфоны Қазақстан нарығына келген жоқ. Ел дүкендерінде 27 қыркүйектен бастап сатылымға шығады. АҚШ-тағы бағасы 699 доллардан басталады. Ал Ресей нарығында iPhone 11 – 359 мың теңге, 11 Pro – 538 мың теңге, 11 Pro Max 538 мың теңгеге бағаланды.

iPhone 11 алдыңғы iPhone XR сияқты LCD экранымен ерекшеленеді. iPhone 11 Pro және iPhone 11 Pro Max-те iPhone XS және iPhone XS Max-тағыдай заманауи әрі сапалы OLED дисплейі бар. Сондай-ақ 3D Touch орнына Haptic Touch келеді. Face ID одан ары жетілген. Бұдан былай экранға бетіңізді тосу­дың қажеті жоқ. Смартфон сізді қашықтан сезетін болады.

Apple смартфоны бірегей­лігі­мен ерекше. Инженерлер iPhone-ның жаңа түрін жасағанда, ескісіне әлдебір элементтерді қосумен шектеледі. Дизайндағы тістелген алманың өзі брендтің әлемдік сатылымына ықпал етеді. Соңғы кезде сарапшылар Apple-дің инженерлерін «жалқауға» ба­лап жүр. iPhone 11-дің же­тістігі – камерасында. 2019 жы­лы смартфондар арасындағы ең күшті камера Huawei P30 Pro-да болды. Енді iPhone 11 Pro Max – көш басында. іPhone 11 Pro және iPhone 11 Pro Max-та үш модульді, iPhone 11-де екі модульді камера бар.

iOS – бірегей операциялық жүйе. Тек осы жүйеге бола iPhone ұстайтын адамдар бар. Тұтынушылар камера қуатына назар аудармай, жүйені жетілдірсе екен дейді. Ыңғайлы жүйенің одан ары дамығанын қалайды. iPhone-ның камера-бәйгесінен шаршағандар, тың өзгеріс күтеді екен.

Статистика Apple-дің нарықта әлсірегенін көрсетіп тұр. 2018 жылдың төртінші тоқсанында сату бойынша Samsung 18 %, Huawei 15 %, Apple 17% жинады. 2019 жылдың бірінші тоқсанында смартфон нарығында Samsung 21%, Huawei 17 %, Apple 12% сатылды. Екінші тоқсандағы нарық ахуалы – Samsung 22 %, Huawei 16 %, Apple 10%.

Counterpoint көрсеткішіне қарасақ, Samsung жыл сайын даму үстінде. Нарықтың 5/1 бөлігін кореялық компания жаулап алды. Huawei-дің көрсеткіші 4,6 пайызға өскен. Ал осы күнге дейінгі статистикаға мән берсек, Apple-дің нарықтағы күйі 11 пайызға түскен. Жылдық жиынтық 12 пайызға төмендеген.

Мұның бәрі ақша айналымына әсер етеді. 2017 жылдың бірінші тоқсаны Samsung-ке пайда әкелді. 80,4 млн дана смартфон сатты. Бірақ төртінші тоқсанға қарай көрсеткіш тура 6 пайызға түсті. Өйткені 2017 жылдың аяғында Apple-дің сату көрсеткіші көбейді. 77,3 млн дана смартфон сатылды. 2018 жылы сатылым төмендесе де, Samsung көш бастады. Бірінші және екінші тоқсанда Huawei мен Apple арасында 2-3-орынға талас болды. Бірінші тоқсанда 52,2 млн дана сатып Apple 2-орынға шыққанымен, екінші тоқсанда 41,3 млн-мен Huawei-ге жол берді. Осылайша, сарапшы­лардың сөзі шындыққа айналды. Олар сатылым көрсеткіші бойын­ша Huawei Apple-ді ығыс­ты­ратынын жазған еді.

Соңғы мәлімет бойынша, Apple қазан-желтоқсан айында 71,7 млн дана iPhone сата алды. Бірақ Strategy Analytics есебінде 65,9 млн деп көрсетілген: 22 млн дана iPhone XR, 14 млн дана iPhone Xmax және 9 млн дана XS. Нарық iPhone X-ты жылы қабылдады. Apple-дің аталған өніміне сұраныс көп болды. 2018 жылдың сатылым көрсеткішіне iPhone X-тің әсері бар.

Қазіргі бәсекелестер: Huawei P30 Pro, Galaxy S10, iPhone XS Max. Нәтижесін 2019 жылдың төртінші тоқсанында білеміз. iPhone 11-дің смартфондар шеруіндегі жолы 2019 жылдың аяғында басталады. Әзірге смартфондардың нарықтағы аяқ алысы жаман емес.