Текстология танудың телқоңыры
Текстология танудың телқоңыры
449
оқылды

Филология ғылымының әдеби мұралар мен тарихи құжаттардың көне мәтіндерін анықтайтын күрделі бір са­ла­сы – текстология. Мәтін­та­ну қа­зақ ғылымында ХХ ғасыр­дың ортасында ғана негізі қа­ланып, ғылым дәре­же­сіне көтерілді.

Қазақ ғылымында алғашқы текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларын бастыру ісінде айқын көрінді. Бұл жұмыстың басы-қасында Мұхтар Әуезов, оның талантты шәкірттері Мұрат­бек Бөжеев, Қайым Мұхамедханов болып, қыруар іс тындырғаны бел­­гілі. Осы ғалымдардан ке­йін фольклор мұраларын тексто­ло­гиялық жөнге қоюда бірден-бір мәтінтанушы бірегей маман, өз ісінің білгірі Телмұхамед Қана­ғатов зор еңбек сіңірді. Бұл есім көпшілікке соншалықты таныс болмағанымен, ғылыми қауым оны туа біткен талантты текстолог ретінде жақсы біледі.

Телмұхамед Қанағатов – екі бірдей алып империяда ғұмыр кешкен өмірбаяны ерекше жан. Ол мәтінтанушы маман ғана емес, Қытайдағы қазақтар арасында мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілген тарихи тұлға. 1919 жы­лы бұрынғы Семей облысы Ая­көз ауданының Қарақол ауы­­лында ауқатты отбасында өмір­ге келген жеткіншек, сонау 30-жыл­дар басындағы дүрбелеңде бай ұр­пағы ретінде ата-анасымен бірге Қытайға ауа көшті. Балалық, жастық шағы Қазақстанмен шека­ралас Шәуешек қаласында өтіп, бір кезде Алаш басшылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы талай рет бас қосқан осы шаһарда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының көсем­дері Шәріпхан Жеңісханұлы мен Дәлелхан Сүгірбайұлынан тәлім алды. Өмірге сергек қара­ған жігіт гоминдан режиміне қарсы азаттық күресте Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықұлы, Қалдыбай Қанафин, Ахметқали Бітімбаев сияқты қай­рат­керлермен бірге өсіп, бірге шыңдалды.

1941 жылы Үрімжідегі Шың­жаң педагогикалық училищесін қытай тілінде оқып бітірген та­лант­ты жас алғашында Манас уе­зін­де бастауыш класта сабақ беріп, 1944-1945 жылдары Шың­жаң провинциясының депар­та­мен­тінде аудармашы болып істеді. Сол 1945 жылдың мамыр-тамыз айларында гоминдан үстемдігіне қарсы «үш аймақ төңкерісі» деп аталған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысады. Одан кейінгі жылдар білікті де білгір басшының қызмет баспалдағымен өсу кезеңі бол­ды. Тарбағатай аймағы тексеру комиссиясы бастығының орын­басарынан бастап, үгіт-наси­хат бөлімінің бастығы, аймақ­тың білім басқармасының бастығы болған ол 1950-1952 жылдары Дөр­біл­жің уезінің басшысы қыз­­метін атқарып, 1952-1955 жыл­дары Қытай коммунистік пар­тия­сы Орталық комитетінің Шың­жаң бөлімшесі жанындағы ұлттық біртұтас майдан бөлімін бас­қара­ды. 1955-1960 жылдары Тар­ба­ғатай аймағының уәлиі, яғни гу­бер­наторы жоғары лауазымында абыроймен істеп, ел құрметіне бөле­неді. Ордабұзар отызында алып империяның үлкен бір ай­ма­ғын басқарған жігерлі жас қыз­мет істей жүріп, 1960 жылы Бей­жіңдегі Қытай Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Осы жылдары оған айрықша құр­мет көрсетіліп, Іле қазақ авто­но­­миялы облысы халық өкілдері жиналысының, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы халық өкіл­де­рі жиналысының депутаты болып сайланады.

Әрине, осындай үлкен қызмет сатысынан өткен оған одан ары өсіп, жоғары шенге көтерілуге мүмкіндік бар еді. Бірақ отаншыл жүрек қызметтің бәрінен бас тартып, қырықтан енді асқан шағында туған еліне оралды. Сөйтіп, 1961 жылдың басында Қазақстан Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға лаборант болып жұмысқа қабылданып, жыл соңында кіші ғылыми қызметкер ретінде біржола орнықты.

Иә, Телмұхамед Ахметұлы бәз­бі­реу­лер сияқты төмен қызметті місе тұтпай тулаған да жоқ, арлан­ған да жоқ. Институттың қолжазба және текстология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып зей­нет демалысына шыққанға дейін жиырма жыл бойы жемісті еңбек етті. Ол атажұртына оралып, қыз­мет бұйырғанына, оның үстіне ғұла­ма ғалым Қаныш Сәтбаев негі­зін салған Ұлттық Ғылым ака­­демиясы құрамындағы ұлы жазу­шы-ғалым Мұхтар Әуезов өмір бойы ғылыми жұмыстар жүр­­гізген киелі шаңырақта жұмыс істей­тінін үлкен бақытқа балады. Бала жасынан араб жазуымен хат танып, кейін өз бетімен араб, парсы, орыс тілдерін жетік мең­гер­ген, татар, өзбек, қырғыз, ұй­ғыр тілдерін ана тіліндей білген ерекше зерек, түсінуге қиын талай қолжазбаны оңай оқыған кәнігі маман Телмұхамед Қанағатовқа инс­титуттың бай қолжазба қорын­да қызмет ету, алғашқы күннен үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұрын ғылыми жұмыспен арнайы айналыспаған білімпаз жан бұл іске құлшына кірісіп, ұжым сені­мін молынан ақтады.

Институтта өткерген жиырма жыл аралығында қажырлы қол­жаз­батанушы Орталық ғылыми кітапхана мен институттың қол­­­жазба қорында көз майын тауы­­сып жұмыс істеп, мыңдаған көне қолжазбаны қазіргі жазуға түсірді. Әртүрлі автордың оқылуы қиын, түсініксіз қолтаңбасымен жазылған мәтіндерді тірілтіп, ғы­лыми айналымға енгізді. Инс­ти­туттың облыстарға ұйым­дас­тырған бірнеше фольклорлық экспедициясына қатысты.

Қолжазба және текстология бө­лімі 1965 жылдан қолға алып, іс­ке асырған бірегей ғылы­ми басылым – «Қазақ қол­­жаз­­­ба­ларының ғылыми си­пат­­­­тамасы» атты көптомдық анық­­тамалық жинақтың жеті то­мын құрастыруға атсалысты. Осы басылымның батырлар жы­ры, ғашықтық жырлар, тарихи жыр­лар, ХV-XIX ғасырлар мен ХХ ғасыр басындағы ақындар шығармалары, айтыс өнері туралы анық­тама деректер топтасқан том­дарға 380 бет көлемінде си­пат­­тама жазып берді. Бұдан бас­қа жоғарыда аталған екі үлкен қор­да сақталған араб әрпіндегі 28 папка қолжазба материалын да қарап шығып, аңдатпасын әзірледі. Қолжазбатанушы-ғалым Мәлике Ғұмаровамен бірлесе отырып, «Көрұғлы» дастанының 29 нұсқасын көне араб жазуынан қазіргі әріпке түсіріп дайындады. Сонымен бірге шешендік сөздер­дің мәтіндерін іріктеп, 300 бет көле­мінде жинақ құрастырды. 1975 жылы жоспарланған «Алтай-Тарбағатай халықтарының тарихи жырлары» атты жинаққа 12 бас­па табақ көлемінде мәтін дайын­дап ұсынды.

Қолжазба білгірі Қанағатов бұ­лардан өзге көзге көрінбей, ес­ке­рілмей келген тағы бір ауқым­ды жұмыс – қорларға түскен кө­не қолжазба материалдарды дер ке­зінде оқып, жарамды-жа­рам­­­сыз­­­дығы жөнінде жүздеген пі­кір жазды. Тағы бір ерекшелік – рес­пуб­ликаның түкпір-түкпірін­де­гі фольклор мен ауыз әдебиетін жинаушылармен, белгілі халық ақындарымен хат арқылы да, жеке кездесу арқылы да тығыз байланыс жасау нәтижесінде бұрын белгісіз жыр-дастандар мен ертегі аңыздар, ақындар шығармаларының мәтін­дері жинақталған он мыңға жуық жолдан тұратын қолжазба материалды әзірлеп, институттың қолжазба қорына тапсырды.

Кеңестік кезеңде институттың кіші ғылыми қызметкері үш жылда бір рет жаңа мерзімге конкурс арқылы жасырын дауыс беру негізінде сайланатын. Телмұхамед Қанағатов үнемі осындай сыннан мүдірмей өтіп жүрді. 1975 жылы 16 қаңтарда Қолжазба және текс­тология бөлімінде осындай мә­се­ле қаралған мәжілісте оның әріптестері – Мұратбек Бөжеев, Шеген Ахметов, Бүркіт Ысқақов, Мәлике Ғұмарова сияқты ғалымдар Қанағатовтың бірден-бір қолжазбатанушы маман екеніне ерекше тоқталып, өз қызметіне лайық білгірлігін бірауыздан атады. Сонда Шеген Ахметов: «Телмұхамед Қанағатов – дайындығы мол, еңбекқор ғы­­лыми қызметкер. Мұндай ма­ман­­­дар көп емес. Ол шығыс халық­та­рының тілдерін меңгерген. Ол көне араб әрпімен жазылған қиын қолжазбаларды оқи алады. Өзбекстанда Қанағатов сияқты мұндай мамандарға аға ғылыми қызметкердің еңбекақысын төлей­ді» деп, үлкен ілтипат білдірген еді.

Кеңес Одағы мен Қытай ара­сын­дағы 60-жылдары бастал­ған қырғиқабақ қарым-қатынастар еліміздегі «қытайлық» атанған аға­­йындарға салқынын тигіз­бей қойған жоқ. Қой шаруа­шы­­лығында еңбек еткендер бол­маса, ғылым саласындағы зерт­­теушілерге марапат атаулы бұйыр­мады. Телмұхамед Қанағатов Қытайда ел басқарған беделді қызметі үшін Шығыс Түркістан Республикасының «Истиклалит», «Азаттық» ордендерімен, екі рет «Садақат» медалімен, оншақты Құрмет грамоталарымен марапат­та­лып, еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. Ал өз елінде қаншама мыңдаған қолжазбалар құпиясын ашып, көптеген жинақтарда жария­лануына тер төккен ерен еңбе­гі ескерусіз қалды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүз том болып шыққан «Бабалар сөзі» атты баға жетпес фольклор шығар­ма­лары жинағының халыққа жол тартуына Телмұхамед Ахмет­ұлы­ның да үлкен үлесі бар деп нық се­нім­мен айтамыз. Осылайша, ұлты­ның ұлағатты ұлы, бірегей білімпаз жанның еңбегі еш кеткен жоқ.

«Білімді туған жақсылар аз да болса көппен тең» деп атақты ақын, батыр, қолбасшы Ақтамберді жырау дөп басып айтқандай, ер жүректі қаһарман қайраткер, жаратылысынан бекзат, сырбаз да сыпайы, теңдесі жоқ білгір жан, бір өзі бір институттың қызметін атқарған мәтінтанушы-ғалым Телмұхамед Қанағатовтың есімі ұрпақ жадында үлкен өнеге болып қала берері хақ.

 

Серікқазы ҚОРАБАЙ,
Рухани мұраны қорғау жөніндегі 
Қазақстан Ұлттық комитетінің мүшесі, профессор