Филология ғылымының әдеби мұралар мен тарихи құжаттардың көне мәтіндерін анықтайтын күрделі бір саласы – текстология. Мәтінтану қазақ ғылымында ХХ ғасырдың ортасында ғана негізі қаланып, ғылым дәрежесіне көтерілді.
Қазақ ғылымында алғашқы текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларын бастыру ісінде айқын көрінді. Бұл жұмыстың басы-қасында Мұхтар Әуезов, оның талантты шәкірттері Мұратбек Бөжеев, Қайым Мұхамедханов болып, қыруар іс тындырғаны белгілі. Осы ғалымдардан кейін фольклор мұраларын текстологиялық жөнге қоюда бірден-бір мәтінтанушы бірегей маман, өз ісінің білгірі Телмұхамед Қанағатов зор еңбек сіңірді. Бұл есім көпшілікке соншалықты таныс болмағанымен, ғылыми қауым оны туа біткен талантты текстолог ретінде жақсы біледі.
Телмұхамед Қанағатов – екі бірдей алып империяда ғұмыр кешкен өмірбаяны ерекше жан. Ол мәтінтанушы маман ғана емес, Қытайдағы қазақтар арасында мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілген тарихи тұлға. 1919 жылы бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданының Қарақол ауылында ауқатты отбасында өмірге келген жеткіншек, сонау 30-жылдар басындағы дүрбелеңде бай ұрпағы ретінде ата-анасымен бірге Қытайға ауа көшті. Балалық, жастық шағы Қазақстанмен шекаралас Шәуешек қаласында өтіп, бір кезде Алаш басшылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы талай рет бас қосқан осы шаһарда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Шәріпхан Жеңісханұлы мен Дәлелхан Сүгірбайұлынан тәлім алды. Өмірге сергек қараған жігіт гоминдан режиміне қарсы азаттық күресте Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықұлы, Қалдыбай Қанафин, Ахметқали Бітімбаев сияқты қайраткерлермен бірге өсіп, бірге шыңдалды.
1941 жылы Үрімжідегі Шыңжаң педагогикалық училищесін қытай тілінде оқып бітірген талантты жас алғашында Манас уезінде бастауыш класта сабақ беріп, 1944-1945 жылдары Шыңжаң провинциясының департаментінде аудармашы болып істеді. Сол 1945 жылдың мамыр-тамыз айларында гоминдан үстемдігіне қарсы «үш аймақ төңкерісі» деп аталған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысады. Одан кейінгі жылдар білікті де білгір басшының қызмет баспалдағымен өсу кезеңі болды. Тарбағатай аймағы тексеру комиссиясы бастығының орынбасарынан бастап, үгіт-насихат бөлімінің бастығы, аймақтың білім басқармасының бастығы болған ол 1950-1952 жылдары Дөрбілжің уезінің басшысы қызметін атқарып, 1952-1955 жылдары Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің Шыңжаң бөлімшесі жанындағы ұлттық біртұтас майдан бөлімін басқарады. 1955-1960 жылдары Тарбағатай аймағының уәлиі, яғни губернаторы жоғары лауазымында абыроймен істеп, ел құрметіне бөленеді. Ордабұзар отызында алып империяның үлкен бір аймағын басқарған жігерлі жас қызмет істей жүріп, 1960 жылы Бейжіңдегі Қытай Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Осы жылдары оған айрықша құрмет көрсетіліп, Іле қазақ автономиялы облысы халық өкілдері жиналысының, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы халық өкілдері жиналысының депутаты болып сайланады.
Әрине, осындай үлкен қызмет сатысынан өткен оған одан ары өсіп, жоғары шенге көтерілуге мүмкіндік бар еді. Бірақ отаншыл жүрек қызметтің бәрінен бас тартып, қырықтан енді асқан шағында туған еліне оралды. Сөйтіп, 1961 жылдың басында Қазақстан Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға лаборант болып жұмысқа қабылданып, жыл соңында кіші ғылыми қызметкер ретінде біржола орнықты.
Иә, Телмұхамед Ахметұлы бәзбіреулер сияқты төмен қызметті місе тұтпай тулаған да жоқ, арланған да жоқ. Институттың қолжазба және текстология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып зейнет демалысына шыққанға дейін жиырма жыл бойы жемісті еңбек етті. Ол атажұртына оралып, қызмет бұйырғанына, оның үстіне ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев негізін салған Ұлттық Ғылым академиясы құрамындағы ұлы жазушы-ғалым Мұхтар Әуезов өмір бойы ғылыми жұмыстар жүргізген киелі шаңырақта жұмыс істейтінін үлкен бақытқа балады. Бала жасынан араб жазуымен хат танып, кейін өз бетімен араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгерген, татар, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдерін ана тіліндей білген ерекше зерек, түсінуге қиын талай қолжазбаны оңай оқыған кәнігі маман Телмұхамед Қанағатовқа институттың бай қолжазба қорында қызмет ету, алғашқы күннен үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұрын ғылыми жұмыспен арнайы айналыспаған білімпаз жан бұл іске құлшына кірісіп, ұжым сенімін молынан ақтады.
Институтта өткерген жиырма жыл аралығында қажырлы қолжазбатанушы Орталық ғылыми кітапхана мен институттың қолжазба қорында көз майын тауысып жұмыс істеп, мыңдаған көне қолжазбаны қазіргі жазуға түсірді. Әртүрлі автордың оқылуы қиын, түсініксіз қолтаңбасымен жазылған мәтіндерді тірілтіп, ғылыми айналымға енгізді. Институттың облыстарға ұйымдастырған бірнеше фольклорлық экспедициясына қатысты.
Қолжазба және текстология бөлімі 1965 жылдан қолға алып, іске асырған бірегей ғылыми басылым – «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты көптомдық анықтамалық жинақтың жеті томын құрастыруға атсалысты. Осы басылымның батырлар жыры, ғашықтық жырлар, тарихи жырлар, ХV-XIX ғасырлар мен ХХ ғасыр басындағы ақындар шығармалары, айтыс өнері туралы анықтама деректер топтасқан томдарға 380 бет көлемінде сипаттама жазып берді. Бұдан басқа жоғарыда аталған екі үлкен қорда сақталған араб әрпіндегі 28 папка қолжазба материалын да қарап шығып, аңдатпасын әзірледі. Қолжазбатанушы-ғалым Мәлике Ғұмаровамен бірлесе отырып, «Көрұғлы» дастанының 29 нұсқасын көне араб жазуынан қазіргі әріпке түсіріп дайындады. Сонымен бірге шешендік сөздердің мәтіндерін іріктеп, 300 бет көлемінде жинақ құрастырды. 1975 жылы жоспарланған «Алтай-Тарбағатай халықтарының тарихи жырлары» атты жинаққа 12 баспа табақ көлемінде мәтін дайындап ұсынды.
Қолжазба білгірі Қанағатов бұлардан өзге көзге көрінбей, ескерілмей келген тағы бір ауқымды жұмыс – қорларға түскен көне қолжазба материалдарды дер кезінде оқып, жарамды-жарамсыздығы жөнінде жүздеген пікір жазды. Тағы бір ерекшелік – республиканың түкпір-түкпіріндегі фольклор мен ауыз әдебиетін жинаушылармен, белгілі халық ақындарымен хат арқылы да, жеке кездесу арқылы да тығыз байланыс жасау нәтижесінде бұрын белгісіз жыр-дастандар мен ертегі аңыздар, ақындар шығармаларының мәтіндері жинақталған он мыңға жуық жолдан тұратын қолжазба материалды әзірлеп, институттың қолжазба қорына тапсырды.
Кеңестік кезеңде институттың кіші ғылыми қызметкері үш жылда бір рет жаңа мерзімге конкурс арқылы жасырын дауыс беру негізінде сайланатын. Телмұхамед Қанағатов үнемі осындай сыннан мүдірмей өтіп жүрді. 1975 жылы 16 қаңтарда Қолжазба және текстология бөлімінде осындай мәселе қаралған мәжілісте оның әріптестері – Мұратбек Бөжеев, Шеген Ахметов, Бүркіт Ысқақов, Мәлике Ғұмарова сияқты ғалымдар Қанағатовтың бірден-бір қолжазбатанушы маман екеніне ерекше тоқталып, өз қызметіне лайық білгірлігін бірауыздан атады. Сонда Шеген Ахметов: «Телмұхамед Қанағатов – дайындығы мол, еңбекқор ғылыми қызметкер. Мұндай мамандар көп емес. Ол шығыс халықтарының тілдерін меңгерген. Ол көне араб әрпімен жазылған қиын қолжазбаларды оқи алады. Өзбекстанда Қанағатов сияқты мұндай мамандарға аға ғылыми қызметкердің еңбекақысын төлейді» деп, үлкен ілтипат білдірген еді.
Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы 60-жылдары басталған қырғиқабақ қарым-қатынастар еліміздегі «қытайлық» атанған ағайындарға салқынын тигізбей қойған жоқ. Қой шаруашылығында еңбек еткендер болмаса, ғылым саласындағы зерттеушілерге марапат атаулы бұйырмады. Телмұхамед Қанағатов Қытайда ел басқарған беделді қызметі үшін Шығыс Түркістан Республикасының «Истиклалит», «Азаттық» ордендерімен, екі рет «Садақат» медалімен, оншақты Құрмет грамоталарымен марапатталып, еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. Ал өз елінде қаншама мыңдаған қолжазбалар құпиясын ашып, көптеген жинақтарда жариялануына тер төккен ерен еңбегі ескерусіз қалды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүз том болып шыққан «Бабалар сөзі» атты баға жетпес фольклор шығармалары жинағының халыққа жол тартуына Телмұхамед Ахметұлының да үлкен үлесі бар деп нық сеніммен айтамыз. Осылайша, ұлтының ұлағатты ұлы, бірегей білімпаз жанның еңбегі еш кеткен жоқ.
«Білімді туған жақсылар аз да болса көппен тең» деп атақты ақын, батыр, қолбасшы Ақтамберді жырау дөп басып айтқандай, ер жүректі қаһарман қайраткер, жаратылысынан бекзат, сырбаз да сыпайы, теңдесі жоқ білгір жан, бір өзі бір институттың қызметін атқарған мәтінтанушы-ғалым Телмұхамед Қанағатовтың есімі ұрпақ жадында үлкен өнеге болып қала берері хақ.
Серікқазы ҚОРАБАЙ,
Рухани мұраны қорғау жөніндегі
Қазақстан Ұлттық комитетінің мүшесі, профессор