Алты дүркін чемпион

Алты дүркін чемпион

Португалия астанасы – Лисса­бонда өткен финалдық ойында оларға француздың «Пари Сен-Жермен» командасы қарсылас болды. Маңызды матчта екі команда да жеңіске жетуге ба­рын салды. Бүгінгі күнге дейін «Бавария» финалға 10 рет шығып, соның 5-еуінде чемпион атанса, «Пари Сен-Жермен» жарыстың ал­ғашқы сатысында алғашқы рет бақ сынады. Ақтық сында екі команда да жылдам гол соғып алуды ойлап, алма-кезек шабуылға шығып, таблодағы есепті өзгерткісі кел­ді. Бірақ ойынның бірінші бөлігінде есеп өзгеріссіз қалды. Екінші тайм басталысымен тартыс қайта қыза түсті. Сондай ұрымтал сәттердің бірінде, яғни ойынның 59-минутында Кингсли Коман «Бавария» командасын есепте алға шығарды. Таразы басын теңестіруге ұмтылған ПСЖ ойыншылары қанша тырысса да, Мануэль Нойер қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Осылайша, финалдық ойын «неміс машинасының» жеңісімен аяқталды. Ал «Бавария» өз тарихында алтыншы мәрте Чемпиондар лигасының жеңім­пазы атанды. Айтпақшы, алтыншы чемпион­дыққа испаниялық «Севилья» командасы да қол жеткізді. Алайда олар Еуропа лигасында ғана 6-шы мәрте топ жарып отыр. Бұған дейін олар 2005/2006, 2006/2007, 2013/2014, 2014/2015, 2015/2016 жылғы маусымдарда аталған кубокты жеңіп алған болатын. Финалда Хулен Лопетегидің командасы «Интер» клубымен кездесті. Ойын Кельн қаласындағы «Райн-Энерги» стадионында өтті және 3:2 есебімен жеңіс испания­лық команданың пайдасына ше­шілді. Есепті бірінші болып 5-ми­нутта «Интер» командасының шабуылшысы Ромелу Лукаку ашқанымен, андалусиялықтар араға 2 минут салып таразы басын теңестірді. «Севилья» ойыншысы Люк де Йонг баспен тамаша соққы бағыттап, Самир Ханданович қорғаған қақпаны тура көздеді. Ары қарай ойын да қыза түсті. Кездесудің 33-минутында де Йонг тағы да гол соғып, дубль авторы атанды. 2 минуттан кейін «Интер» қорғаушысы Диего Годин стандарттық жағдайды ұтымды пайдаланып, таблодағы есепке өзгеріс енгізді. Қайта теңескен екі команда қос қаптал арқылы бір-біріне бірнеше шабуыл жасап, ойын көрігін қыздырды. «Севилья» сапынан жеңісті голды 74-минутта қорғаушысы Диего Карлос соғып, матчтың нүктесін қойды. Осылайша, «Севилья» 2019/2020 маусымдағы Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.  

Абылайхан ЖҰМАШ