Жұмагүл Күзенбаева 1986 жылы дүниеге келген. Бұл үміткер – 7 баланың анасы және «Алтын алқа» иегері. «Nur Otan» партиясының мүшесі. Көпбалалы ана жеке кәсіпкерлікпен айналысады. «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы грант ұтып алып, Шәуілдір ауылында сұлулық салонын ашқан. Бүгінде Жұмагүл 7 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Талапты» бастауыш партия ұйымы атынан ұсынылған үміткердің жоспарлары аз емес.
«Ойлана келе «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуды жөн көрдім. Құжаттарымды өткіздім. Бұл – әр азамат үшін қоғамдық-саяси өмірге араласуға үлкен мүмкіндік. Праймеризден өтіп, депутат болсам көпбалалы аналардың құқығын қорғап, оларға қолдан келгенше жағдай жасағым келеді. Өз замандастарым, ардақты аналардың проблемаларын жақсы білемін», – дейді Жұмагүл Күзенбаева.
Жалпы Түркістан облысында бір аптада 500-ден астам үміткер өтініш тапсырды. Тұрғындардың белсенділігі жақсы. Партияның осы өңірдегі 80 мыңнан астам мүшесі өзара үздіктерді анықтап, кадрлық резерв жасақталады.