Шарбақ пен шатақ

Шарбақ пен шатақ

Темір шарбақтарды сүруді көздейтін «Қоршаусыз қала» бағдарламасы алғаш Алматыда 2017 жылы бас­талғаны мәлім. Бірқатар сарапшы, қоғам белсенділері, блогерлер, ақпарат құралдары бұған қарсы болып, өре түрегелді. Бірақ қаптаған дуалдар шаһар көркін бұзып қана қоймай, елдің беделіне дақ түсіреді. Қоршаудың көптігі халықтың бұзақылық пен бүлікке бейімдігін, ал мемлекеттің дамуда кенжелеп қалғанын білдіреді. Шетелге шығатын журналистер жақсы біледі. Қандайда бір ел аума­ғына аяқ басқанда, қаланың қаншалықты қауіпсіз екенін қор­шауларына қарап аңғарасыз. Да­мыған елдердің ірілі-ұсақты қа­ла­ларында дуалды көп байқамайсыз. Әр үйдің негізінен символдық мән­ге ие биік емес ағаш шарбағы болады, ол аула аумағының шека­расын аңғартады. Әйтпесе, кірем деген адамға кедергі емес. Ал қараңғылық, қайыршылық, үмітсіздік пен қылмыс жайлаған қалаларда ауқаттылар тұратын аудандағы үйлер адам еңсесін езер алып қоршаулармен оқшауланады. Мысалы, Мексика астанасы Ме­хи­коның Кондеса, Сан-Анхель, Кайоакан секілді бай ауданында осы көрініске жолығасыз. Берік қабырғалар, алып дуалдар, ауыр қақпалар, бақылау камералары. Әр үй жеке қамалға айналған. Барлық дуалдар рұқсатсыз баса-көктеп кір­мек болған жанды тірілей қуы­рып тастар электрлі қорғанышпен жабдықталған. Оңтүстік Африка Республи­ка­сы­ның ірі қаласы Йоханнес­бургте де осындай құбылыс қайта­ланады. Бірақ өзіміз де мақтанатын жағдайда емеспіз. The New York Times шетелдік корреспонденті Энн Бернард елордаға қатысты ой бөліскен болатын. Оны қалада бетон дуалдар, темір шарбақтар, шлагбаум-тоспалар және басқа да кедергілердің көптігі қайран қал­дырған. Шарбақтардың ұшы істік­тей үшкір болып келеді: өрмелеп шыққандар ары асып түсе алмай, шаншылып қалсын дегендей.

Әсіресе, Қабанбай батыр даң­ғылы, 28 мекенжайында орналас­қан, ел арасында «атқора-конюш­ня» аталатын ғимарат ұмытылмас әсер қалдырады. Шынында, оның бір бөлігі биік те бітеу темір дуал­мен оқшауланғаны аз болғандай, сыртынан тағы металл қоршаумен жабылған, ал төбесінде бірнеше қабат тікенді сым бекітілген. Дәл бір ерекше режимдегі түзеу меке­месіне ұқсайды. Онда Қытай ел­шілігі жұмыс істейді. Ұқсас ны­сан­дар бас қаланың әр бұрышынан кезігетін. Қазіргі уақытта Алматы үлгісімен елордада парктер, сауда орындары, мемлекеттік мекемелер және басқа нысандар «темір құр­саудан» арылуда.

Дегенмен бірқатар мемлекеттік органдардың және стратегиялық нысандардың сыртқы темір қор­шауы және бақылау-өткізу пункті сол бойы қалады. Құқық қорғау ор­­гандары мамандарының түсінді­руінше, бұл террористік актілердің алдын алу және қорғану үшін қажет.  

Санадағы «темір шымылдырық синдромы»

Былтырғы 2019 жылдың со­ңы­на қарай Алматыдағы №2 емха­на­ның дуалы қайта қалпына келті­рілді. Ол мегаполистің барлық 8 ауданын қамтыған «Қоршаусыз қала» аясында бұзылған еді. «Емханамыз нашар ауданда, «Татаркада» орын тепкен. Мұнда есірткі қолданатын, арақ ішетін адамдар өте көп. Бұл дуалдан айы­рылсақ, қиын болады деп алаң­даған едік, болжағанымыз келді: ниеті бұзық адамдар ағылып, ау­лада ішкілікке салынды, бұзақы­лық жасады, даладағы орын­дық­тарды алып кетті», – деді журна­листерге клиниканың бас дәрігері Тоғжан Еспергенова. Ол жаңа шарбақ сатып алудың қажеті бол­мағанын, сақтауға қойылған ескісі қайта орнатылғанын ха­бар­лады. Енді төңіректі қараңғылық тұм­ша­лаған шақта дуал қақпалары бар­лық азамат үшін тарс жабылады. Әрбір төртінші ер-азаматы концлагерьде немесе түрмеде отыр­ған, «темір шымылдық» ішін­де өмір сүрген, Ішкі істер министр­лігінің ОВИР (Отдел виз и ре­гис­трации) бөлімінің рұқсатынсыз шетелге аттап баса алмайтын КСРО аза­маттары үшін қоршау іш­інде өмір сүру – үйреншікті іс еді. Бара-бара адамдар тек дуал ішін­де ғана өзін жайлы сезінетін болды. Бұл психо­логиядан көпте­ген қазақ­стан­­дық сол бойы арыла алмады. Егер қор­шауы болмаса, «ол аумақ­тағы дү­ние-мүлік қарау­сыз қалған екен, демек рұқсатсыз алып кетуге бо­ла­ды» деп санай­тындар табылады. Алматылық қоғам белсендісі, қоғамдық мүліктің қамқоршысы Наталья Наумова кейінгі екі жыл бойы билікке шағым жолдаумен келеді. Жергілікті әкіммен шектел­мей, Президент Қ.Тоқаевқа да хат жолдапты. Ол Айнабұлақ-3 ық­шамауданындағы №11 емхана­ның бұрын алып тасталған темір қор­шауын орнына қайта қоюды та­лап етеді. Соңғы хатын қала әкі­міне жаңа жыл қарсаңында жазды.

«№11 емхананың темір шарба­ғы күресінге жіберілгелі оның жаз­­ғы аптапта көпке сая болған жасыл желекті тамаша бағын заң­сыз саудагерлер жайлап алды. Алып­­сатарлар көк майса шөпті, жас көшеттер мен отыз жылдық ші­лік-бұталарды шегірткеден жа­ман жайпауда. Бұрын оларды темір қоршау бөгеп келген, бүгінде ол құ­­латылғалы еш қорған жоқ. Емха­наның кезінде гүл жайнаған оң қап­­талын, Жұмабаев көшесі бо­йын Мақатаев көшесі жағы­нан – те­ле­фон нөмірін сататындар, ал Па­ла­гин көшесі жағынан – те­мекі са­ту­шылар таптап, тақырға айнал­дыр­ды. Қаланың ауасын та­зар­та­тын жасыл қоры жойылып жа­­тыр», – деп дабыл қағады Н.Наумова.

Ол бұл масқараны тек дуал ғана тоқтата аларына сенімді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарға арналған аумақтарды жұрттан оқшаулай беру мәселені шешпейтінін біл­дірді. Оның мәліметінше, Алматы қаласының Жетісу ауданы поли­циясының қызметкерлері аталған мекенжай бойынша қоғамдық тәр­тіпті қорғау шараларын, рейд­терді тұрақты түрде өткізіп тұрады. – Мысалы, 2019 жылы №11 ем­хана алдында заңсыз сауданың жолын кесу мақсатында 219 адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. 162 адамға ескерту жасал­ды. 25 тұлға абаттандыру ереже­лерін бұзған, тағы 6 адам ұсақ бұзақылығы үшін жазаланды. Жалпы көлемі 1,4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Сонымен қатар өз жауапкер­шілі­гіндегі аумақта қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шараларын уақытылы қабылдамағаны үшін учаскелік инспектор Н.Жұма­бекұлына сөгіс жарияланды, – дейді Ішкі істер министрі.  

Әрбір төртінші ер-азаматы концлагерьде немесе түрмеде отыр­ған, «темір шымылдық» ішін­де өмір сүрген, Ішкі істер министр­лігінің ОВИР (Отдел виз и ре­гис­трации) бөлімінің рұқ­сатынсыз шетелге аттап баса алмайтын КСРО аза­маттары үшін қоршау іш­інде өмір сүру – үйреншікті іс еді. Бара-бара адамдар тек дуал ішін­де ғана өзін жайлы сезінетін болды.

  Алматы қаласы Жетісу ауда­нының әкімдігі 2017 жылы жо­йылған темір қоршау орнына табиғи қоршау жасалғанын, яғни 500 түп бұта түріндегі қына ағашы отырғызылғанын баяндады. Рас, қолдан базар жасап алған тұр­ғындар оның бір бөлігін таптап тастапты. Сондықтан бұл аумақ ал­дағы көктемде қосымша абат­тандырылатын болады. Сондай-ақ өткен жыл аяғында Жұмабаев және Мақатаев көшелері қиылысында полицияның модуль­ді бекеті қойылды.  

Қамалда қамалып отырған оңбайды

Сарапшылар мемлекетке қа­рас­ты нысандардан дуалдардың жойылуын дұрыс санайды. Ал азаматтардың өзгелерден дуалмен бөлектенуінің бірнеше себебі бар.

«Дуалдар мен шарбақтар – қоғамның «денсаулығының» ин­ди­каторы, оның сенімінің көрсет­кіші. Халық жайдан-жай оқшау­ланбайды. Біріншіден, жұртты оған елдегі қылмыс деңгейі итер­мелейді. Екіншіден, қоғамдағы, жұмыстағы қиыншылықтан шар­шаған адам өз үйінде өзгелерден жабық, төл микроәлемін құрып, сонда жасырынуды қалайды. Мұ­ны – қоғамның атомизациялануы деп атайды. Үшіншіден, пара алу, коррупция, бюджетті талан-тараж ету жолымен жиған байлығын жасыру үшін де кейбір шенділер кот­теджін және дүние-мүлкін алып дуалмен сырт көзден таса­лайды. Бір жағынан, биліктің барлық тармағын жайлаған сы­байлас жемқорлық кесірінен еліміз қоршаулы мемлекетке айналды. Осы проблемалардың қайнар-бастауы, алғышарттары жойылмай, адамдар оқшаулануын қоймай­ды», – дейді экономика ғы­лым­дарының докторы, осы саладағы зерттеу авторы Игорь Николаев.

Оның айтуынша, дамыған ел­дерде қоғамның билікке, поли­цейлерге, көршісіне, жалпы қо­ғам­ға деген сенім деңгейі жоғары. Шарбағының адам бойынан төмен болатыны да сондықтан. Дәл осындай биік сенім қазақ елінде болған. Ата-бабамыз еш­қашан үйін қоршамаған: бұл – киіз үйге де, қыстауына да қатысты. Қа­­зақ қоршауға тек малды қамаған. Бір қуантарлығы, үйді биік дуал­мен қоршау – талғамсыздықтың көрі­нісі, дарақылық пен тұрпа­йылық белгісі екенін қазақстан­дықтар тү­сіне бастады. Қазіргі кезде елор­дада жаңадан салынып жатқан кот­тедж қалашықтарында сал­танатты сарайлардың өзі дуалмен тасаланбаған. Ашық кеңістікте тұр. Көңіліміз даламыздай кең, қонақжай халық едік. Тар замандар тарылуға мәжбүр етті. Бірақ уақыт өте, өркениет өріне өрлей келе, да­мыған елге айналып, бетке шір­кеу болған бар шарбақтан да құтылармыз.

Айхан ШӘРІП