«Болашақ» бағдарламасы жабылмауы тиіс. Себебі, біз әлі күнге дейін, техникалық мамандарды шетелден алуға мәжбүрміз. Бұл – білікті мамандардың жеткіліксіздігін көрсетеді» деген Диана Нұртаева Қазақстан-Британ техникалық университетінің қаржы факультетін бітіріп, арман қуып елордаға келген жас маман. Бүгінде ол – Қазақстан Парламент Мәжіліс депутатының көмекшісі. Негізі өзі «Болашақ» бағдарламасының түлегі, үздік ондыққа кіретін University College London оқуын бітірген.
«Болашақ» қажет пе?
– Соңғы кезде «Болашақ» бағдарламасын жауып тастайды, яғни кадрлар жеткілікті деген сөз шықты. Сіз осы шешіммен келісесіз бе?
– Меніңше, бұл – қате пікір. Әрине, әр жобаның жұмыс жасау мерзімі болады. Мысалы, бұрын бакалавриат оқитындар шет елге шыға алса, бүгінде магистратура ғана оқи алады. Бірақ бұл оның жабылуы керек дегені емес. Себебі біз әлі күнге дейін, техникалық мамандарды шетелден алуға мәжбүрміз. Бұл – білікті мамандардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан, гуманитарлық саладағы маман даярлауды тоқтатсақ та, техникалық салада бағдарлама жалғасын табуы керек.
– Байқаған боларсыз, қазір шетелге оқуға кететін жастардың көбі сол жақта қалып жатады. Жалпы, бұл дұрыс па?
– Негізі, жастардың сол елде қалып жұмыс жасауына қарсы емеспін. Кейбірі оларды «өз елінің патриот емес» деп те жатады. Шыны керек, бір кезде өзім де солай ойладым. Бірақ қазір бұл ойымның қате екенін түсіндім. Себебі, шет елде жұмыс істеп, маман ретінде тәжірибе көбірек жинайды. Оған қоса, сыртта жүріп елге инвестиция салса, пайдасы көбірек болар еді. Мәселен, Қазақстанда кәсіпкер болу қиын. Әкімшілік тұрғыдан да кедергі көп.
Екіншіден, елдегі жалақының төмендігі шетелге барып жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Мәселен, бірге оқығандармен әрдайым сөйлесіп тұрамыз. Олардың жалақысын өзімдікімен салыстырсам, арасы жер мен көктей.
Қазақтың айырмашылығы
– Ұлыбритания мен Қазақстанның арасындағы білім беру жүйесіндегі айырмашылық қандай?
– Қазақстанның білім беру жүйесіндегі басты артықшылық –дүниетанымның кеңдігі, жан-жақтылығы. Өйткен Англия мен Америка мамандарынан қарағанда, біз барлық ғылымнан хабардармыз. Мәселен, кез келген әңгімеге араласып, ақпаратпен бөлісе алатындығы.
Екіншіден, Ұлыбританияда жоғары оқу орнына түсу оңай нәрсе емес. Ал ол нәрсе бізде қиындық туғызбайды. Мүмкін еліміздегі білім беру жүйесінің әрдайым өзгеріп тұратындығы ма, кім біледі?
Бірақ біз көп факторға көңіл аудармаймыз. Мәселен, жоғары оқу орны мектеп тапсырмасын орындайтын жер емес. Әр студент өзі үшін ізденіп, тырысады. Мұғалім – тек бағыт беруші.
Оның үстіне, батыста ғылыми-техникалық база жоғары деңгейде. Кез келген студент өз ID картасы арқылы әлемдік кітапхананың базасына кіріп, қалаған ғылыми мақаланы, еңбекті оқи алады.
Ал бізде сол еңбектің орыс тілге аударылуын күтеміз. Кей кезде оның мағынасы бұрмаланып кетіп жатады. Міне, Қазақстанда осындай кітапханаларды ашуға жол берсе, білім деңгейі едәуір көтерілер еді.
Үшіншіден, бізде жас мамандар теориялық жағын білгенімен, сол салада тәжірибесі жетіспей жатады. Білім алған жерімде, керісінше, тәжірибеге көбірек көңіл бөлетін. Оған қоса, ол жақта егер сабақты түсінбесең, оқытушымен досына келгендей еркін сөйлесе аласың. Соған қарамастан, субординация міндетті түрде сақталып отырады.
– Еліміз нарықтық экономикаға көшкелі әркім өзінше тіршілік етуде. Дегенмен, отандық экономиканың дамуына не қажет деп ойлайсыз?
– Жалпы, Қазақстан – өте бай мемлекет. Сондықтан біз мұнайға тәуелдіміз. Алдымен ұзақмерзімді инвестициялар тартудан бастау керек. Ұзақмерзімді дегенде – зауыт, фабрикалар ашып, өнеркәсіп, өндіріс салаларын дамыту. Көп инвестор ұзақмерзімді инвестициядан қорқады.
Өйткені, салынған инвестицияны тек 5 жылдан кейін көруге болады. Экономикалық тұрғыдан, өндіріс саласын негізге алар едім. Бұл, әрине, орта-кіші бизнестің дамуын талап етеді.
АҚШ экономикасының басты табыс көзі – осы орта және кіші бизнестің жоғары дәрежеде дамуында. Ал Қазақстанда керісінше, мұнай өңдейтін компаниялардың арқасында табыс тауып отырмыз.
Диананың жеңісі
– Өзіңізге «Болашаққа» тапсыру қиын болмады ма?
– Алғашында Мәскеу ұлттық университетіне түскім келген. Емтихан тапсырып барлық сатыдан жоғары балл жинадым. Оқу орнынан шақырту келіп, «түстім» деп отырғанымда, стипендияның берілмейтінін естідім.
Содан Батыс мемлекеттерін қарастырып, Ұлыбританияны таңдадым. Ең қиыны – тәуелсіз комиссия мүшелерінің алдында жауап беру. Өзім қатты қобалжыдым. Қалай десек те, 80-ге жуық адамның алдында түрлі сұраққа жауап беру оңай болмады. Қазақстан тарихынан, заң жайында сауалдар қойылды.
Он жыл бұрын мектептегі дүниенің бәрі есте сайрап тұрмайды екен. Барынша дайындалып барғанмен де нақты қандай сұрақ қойылатыны білмейсің, қиналасың.
– Лондондағы оқу кезінде қандай қызықты оқиғаларға тап болдыңыз?
– Қазақстанда жүргенде, ешқашан рейстардан кешіккен емеспін. Ал ол жақта үш рет қалып қойдым. Соның біреуінде студенттігімді пайдаланып, билетімді қайтып алғаным бар.
Шыны керек, Еуропада бәрі – нақты уақытпен жүреді. Кешігіп қалуың, өз мәселең деген принциппен өмір сүреді. Біздегідей қазақбайшылыққа салу жоқ.