Швецияның бас эпидемиологы Андерс Тегнелл TV4 телеарнасына берген сұхбатында күзде елде коронавирустық инфекцияның екінші толқыны болмауы мүмкін екенін, алайда аурудың жергілікті өршуі болатынын айтты, - деп жазады interfax.ru.
Ол қоғамда жаппай инфекция пайда болған кезде тұмау пандемиясына ұқсас коронавирустың ауқымды толқынын күтпейтінін айтты. Оның пайымдауынша, коронавирустың таралуы біркелкі емес, сондықтан Еуропаның қалған бөлігіндегі жағдай сияқты Швецияда да жекелеген індет ошақтарына тап болуы мүмкін. Тегнелл күзде инфекцияның көктемгі жағдайы қайталанады деп есептемейді.
Швеция Скандинавия және Еуропа елдері сияқты коронавирустық пандемияға байланысты ел тұрғындарының қозғалысын, кәсіпорындар мен ойын-сауық мекемелерінің жұмысын толығымен шектемеді. Мұндай шаралар Швецияда да, шетелде де аралас реакция тудырды.
Мамыр айындағы індет кезінде швед прокуратурасы бүкіл елдегі барлық қарттар үйіне тергеу жүргізе бастады, себебі, Швецияда вирус жұқтырғандар арасындағы өлім-жітімнің жартысына жуығы осы мекемелерге тиесілі еді.
Worldometer мәліметтері бойынша, пандемия басталғалы бері Швецияда барлығы 86 068 вирус жұқтыру жағдайы анықталды, оның ішінде 5 810 адам қайтыс болды. Көрші Скандинавия мемлекеттеріне қарағанда бұл елдегі коронавирустан келген өлім-жітім жағдайы көп болғанмен, бұл көрсеткіш Ұлыбританияға немесе Францияға қарағанда әлдеқайда аз.
Кейінгі кезде елде аурудың өсуі, ауруханаға жатқызу және өлім саны айтарлықтай төмендеді.